Өткен аптада Қарағанды қаласында «Freedom Balalar Football League» балалар футбол лигасының қысқы маусымы салтанатты түрде қорытындыланды. Айтулы шара С.Сапиев атындағы бокс орталығында өтіп, аймақтың жас футболшылары үшін нағыз спорт мерекесіне айналды.
«Freedom Balalar Football League» – өңірдегі жас таланттарды анықтап, олардың шеберлігін шыңдауға және футболға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған беделді жарыстардың бірі. Қысқы маусым барысында әртүрлі жас санатындағы командалар өзара бақ сынасып, тартысты ойындар арқылы өз дайындықтарының жоғары деңгейін көрсетті.
Жалпы, додаға облыс бойынша 159 команда қатысып, 2 мыңнан астам жас футболшы бақ сынады. Жарыс өткен жылдың қараша айында басталып, биылғы сәуір айында өз мәресіне жетті.
Салтанатты жабылу рәсімінде маусым қорытындыланып, үздік нәтиже көрсеткен командалар мен ойыншылар, сондай-ақ білікті жаттықтырушылар марапатталды. Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағасын алды.
Бұл турнир жас спортшыларға тәжірибе жинақтауға, өз мүмкіндіктерін көрсетуге және болашақта үлкен футболға қадам жасауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай жарыстар өңірдегі спорт мәдениетін дамытып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосып келеді.
Аталған жарысқа Ақадыр кентіндегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің 2014-2015 жылдары туған футболшыларынан құралған команда да белсене қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Он команда арасынан суырылып шыққан жерлестеріміз қалалық командаларды артта қалдырып, облыс чемпионы атанды.
Жекелеген ойыншылар мен жаттықтырушылар да арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, команда жаттықтырушысы Қасен Айбатыр «Үздік бапкер» атанса, Қуанышбек Инаят «Үздік сұрмерген», ал Талғатұлы Ернар «Үздік қорғаушы» аталымдарымен марапатталды.
Жас футболшыларымызды жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдіреміз!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
