Әр заманның, әр дәуірдің тұлғалы адамдары болады емес пе? Тұлғалы адамдардың бәрінің даңқы дүрілдеген болуы мақсат емес шығар. Алайда адал еңбегімен, кісілігімен тәуелсіз еліміздің ірге тасын қаласып, Жаңаарқа ауданының тарихи — өлкетану мұражайын он жыл бойы басқарып, сонау өткен ғасырларда өмір сүрген батырларымыз, билеріміз бен тәуелсіздік туын көтерген бүгінгі қаһармандарымыз туралы тың деректер жинауда тер төгіп, еңбек еткен адамның бірі – Аманов Замзам Мяшұлы.
Адамзат баласының қоғамдағы орны, еліне сіңірген елеулі еңбегімімен, пайым-парасатымен, адамдарға жасаған жақсылығымен, өзі өскен ортасына сіңірген елеулі еңбегімен бағаланады емес пе? Осы ретте Замзам Аманов Жаңаарқа тарихи-өлкетану мұражайына директор болып тұрғанда аймақтың тарихи тұлғаларын анықтау арқылы мұражайға құнды дүниелер жинауды қолға алды.Замзам әрбір бастаған ісіне сергек қарап оны насихаттауға өзі бірінші болып кіріседі. Өзгелерді де «қамшылап» пайдасы мол істі қашан толық игергенше тыныштық таппайды.
– Қазіргі таңда мұражай тарихи деректерді жинайтын, сақтайтын насихаттайтын мәдени, әлеуметтік мекеме болғандықтан оның қоғамға білім мен ғылымға берері мол. Өйткені, мұражай адамзат баласының тарихы мен мәдениетін алғашқы қауымдастықтан бастап бүгінге дейінгі деректер арқылы айғақтап беретін бірден-бір мәдени орталық, – дейді Замзам Мияшұлы бізбен әңгімесінде.
«Биікке шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» демекші, Зәкеңнің әр сөзінен зиялылықтың лебі сезіледі. Әрқашан алқалы орында өрелі де келелі ой-пікірін өріп сөйлейтін оның ұсыныстары үнемі нәтижелі болғандықтан және қолдау табатын. Айтқан пікірлерін әріптестері бірден құптай жөнелетін.
Замзам Мяшұлының кісілік келбеті мен ісінің арасында алшақтық болған емес. Алысты алдын ала болжайтын, көрегендікпен соңына ел-жұртын ілестіре білген абзал азаматты қалай мақтан етсекте жарасады.
Оның өмірінің қай кезеңін алсақта қайраткерлігі мен қайсарлығы, талапшылдығы мен тазалығы, білімділігі мен біліктілігі аңғарылып тұратын айтулы азамат.
Замзам мектеп қабырғасында жүргеннен музыкаға, әсіресе сурет салу мен бейнелеу өнеріне және түрлі техникалар құрастыру арқылы өнертапқыштық қабылетінің мол екендігін байқатты. Осындай тума таланты бар Замзам ауданның оқу бөлімі жанынан құрылған «Жас техниктер станциясында» басында қатардағы мұғалім болып, кейін сол станцияны басқарды. Таңның атысы, күннің батысы жасөспірім балалар клубтан шықпайтын. Өйткені, 100-ден аса мектеп оқушылары үйірмеде тіркеуде тұрды. Сол жылдары жас техниктер клубында дәріс алған мектеп оқушылары облыстық және республикалық байқауларда үнемі жеңімпаз атанды. Талай мәрте республика оқу министірлігінің Мақтау грамотасына ие болды. Закең өзінің жанына телевизор мен радио құрастыратын техниканы өте жетік білетін сыныптасы Әшімов Сәттібай Бұқпаұлын мұғалімдікке шәкірттерге дәріс беруге шақырды. Негіз сол заманда Жаңаарқада сабақтан кейін мектеп оқушыларының баратын екі ғана жері болды. Біріншісі- «Жас сұңқар» спорт мектебі, екіншісі- жас техниктер станциясы. Кейін жекешелендіру мен оңтайландыру заманында жақсы істердің басына бұлт үйірілгендігін жақсы білеміз.
Замзам Мияшұлы, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Ол Жаңаарқа ауданының мәдениеті мен өнер саласының дамуына елеулі үлес қосты. 1970 жылдары алғаш «Сарыарқа» ансамбілі құрылған кезде оның бірінші мүшелерінің бірі болды. Достары Елбек Жұмажанов, Ғафур Махаев пен бірге сола және бас гитарада ойнады. Закең күні бүгінге дейін гитарамен думан-тойдың көрігін қыздырып, лирикалық әндерді тамылжыта орындайды. Оның қоңыр дауысы тыңдарман жүрегін тез баурап алады.
Замзамның бойындағы бір ерекшелік -ол өмірге үстірт қарамайды. Көкірек көзімен үңіле қарайды.Содан да болар, ол отбасында үлгілі әке, немерелеріне сүйікті ата, қызметте білгір де, білікті басшы бола білді. Закеңді елімізде, оның ішінде ауданымызда болып жатқан саяси оқиғалар мен әлеуметтік теңсіздіктер бей -жай қалдырмады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласқандықтан қарапайым адамдарға жасалатын әділетсіздіктер мен бюрократизмды көріп және тұрғындар тарапынан айтылған мұң-мұқтаждың орнындалмауы оны қатты күйзелтетін еді. Осы келеңсіздіктерді көрген ол Жаңаарқа аудандық мәслихатына депутат болуға бел буып, халықтың қолдауымен ол өз округында депутат болып сайланды.
Осы ретте Қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, көсемсөзші Міржақып Дулатұлының «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт» деген сөзі еріксіз еске түседі. Закеңнің бар мақсаты жергілікті жердің өзекті деген мәселесін жарыққа шығарып, түйінін тарқатуға жәрдемдесу болды. Депутат – билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Жергілікті тұрғындар тарапынан әлеуметтік, баспана, жұмыспен қамту сияқты бірқатар мәселелер төңірегінде сұрақтар келіп жатады. Олардың бәрінің заң аясында оң шешімін табу жолында жан аямай еңбек ете білді.
Замзам Аманов 2008-2016 жылдар аралығында, яғыни, екі шақырылым бойынша Жаңаарқа аудандық мәслихатының депутаты болды.
– Депутат – сайланатын халықтың өкілі, көзі һәм құлағы болғандықтан билік пен халықтың арасын жақындастыратын адам. Оның бойында білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен мемлекетшілдік қасиет пен парасаттың болуы шарт, – дейді Замзам Мияшұлы. Закеңнңң бұл сөзінен оның қазірдің өзінде елдің ертеңі мен қоғамда болып жататын түрлі келеңсіз жайттарға алаңдаушылық білдіргенін байқап,бүгінгі жастар үшін адал еңбек, адал табыс, адал адам қағидасын берік ұстану керектігін еске салады.
Закеңнің әкесі Мияш Аманұлы, Жаңаарқа сүт зауытында өмірінің соңына дейін есепші болып еңбек етсе, шешесі Сыздықова Ақмеруерт Ысқаққызы аудандық байланыс саласында телеграфист болып еңбек етті. Ерлі-зайыпты екеуі 10 баланы өмірге әкеліп, олардың әрқайсысын «қабағанға қаптырмай, тебегенге тептірмей» тәрбиелеп өсірді. Бәріне жоғары білім әперді. Зәмзамның руы Арғын-Сайдалы оның ішінде Барқы- Нияз болады. Нияз Барқыұлы – Арғынның атақты батыры, биі. Абылайдың Бұқара, Хиуа хандарымен, қырғыз манаптарымен болған соғыстарына белсене қатысып, ержүрек батырлығымен, азаматтық парасат-пайымымен аты шыққан. Осы соғыстардан кейін Абылай хан Нияз Барқыұлына Ташкент қаласының төңірегіндегі біраз аймақты билеуге береді. Сөйтіп, Нияз батыр Ташкентті 20 жыл (1728-1748) билеген. Қартайған шағында жер жаннаты атанған қазіргі Жаңаарқа ауданындағы Ортау, Ақтау деген жерге көшіп келген. Міне, осындай деректер арқылы Замзам Амановты «тектінің тұяғы, асылдың сынығы» деп айтуға толық негіз бар.
Иә, өмірлік сынақтың үлкені – көптің көңілінен шығу емес пе? Атақты Бұхар жырау бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген екен.Сыйластық бұл бірге жүрген туған-туыстардың және жан достарыңның қадір-қасиетін мойындау, құрмет сезімі емес пе? Бұл қасиетті Закең еркше түсінгендіктен аяулы жары Ләззат екеуі бала кезден бірге өскен достары Болат, Сайлаубай, Елбек, Гафур, марқұмдар Жеңіс, Мамырат пен Оразхандардың жанұясымен күні бүгінге дейін жұптары жазылмай бір туғандай араласып жүргені көпке үлгі. Достықта жоқ, шекара деген осы. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты бүгін Замзам Амановты мағыналы ғұмырының биік бір белесі 70 жасқа алып жетті. Ол бұл кемел жасқа тың жігер, жарқын көңілмен келіп отыр.
Мағжан САДЫХАНҰЛЫ,
«Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми инновациялық орталықтың директоры, философия ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның құрметті журналисі
