Жаһан соғысында жеңіс туын тіккенбіз

Жеңіс күні келген сайын аспан жылайды, не осы мерекенің алдында, не тура осы күні немесе соңынан аспан жасын құрғатпай бір төгіп алатыны бар. 20 миллион… бәлкім одан да көп жүрек иесінің жазықсыз, жазықты жан тәсілім еткенін табиғаттың өзі есіне тұтыпты. Сондықтан адамзат болып болашақ үшін жан берген боздақтар мен ерлердің рухына тәу етіп, құрмет көрсеткеннен басқа қолдан келер қайран жоқ.

20 миллион адам дейміз-ау… Олардың артында қалған жар, бала, ата-ана, ағайынның қайғы-қасіреті мен зар-наласын есепке алсаңыз осынау қара жердің көлеміне сыймайды ғой. Теңселіп кетпей қалай тұр бұл әлем деуіңіз мүмкін. Сондықтан жеңіс соғыстан аман қайтқан жауынгерлер мен батырлардың тойы ғана емес, оралмай қалғандардың рухына тәу етіп, шүкіршілік ету де шығар, кім біліпті.

Қалай деген күнде де Екінші жаһан соғысындағы қазақ ерлерінің батырлығы жеке тоқталуды қажет етпей ме? Жалғыз Бауыржан ерлігінің өзі әлемге татитыны туралы жиі айтыла бермейді. Оның ұрыс тактикасы көптеген елдердің қорғаныс саласында пән ретінде оқытылады. Ал Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені алаш баласының әлемді құтқаруымен пара-пар іс емес пе? Біздің аталарымыз Нұркен Әбдіров, Талғат Бигелдинов, Мартбек Мамыраев… жүздеп саналады. Олардың ерлігі мен батырлығы, қажыры мен қайраты өзге халықтың балаларында жоқ деуге бармыз. Соны оқып, түйсініп, бойымыздан өткеріп, жігеріміз бен намысымызды шақыруға керек мұның бәрі. Олар заманының ең ақылды, күшті, жігерлі, батыр перзенттері! Басқаның емес, біздің аталарымыз! Мақтанып айтсақ та, түпкі мәнін ашып, ұрпақ бойына рух құярлықтай жігермен жариялай алмай келеміз ғой.

Екінші дүниежүзілік соғысқа бәлен қазақ қатысты, оның бәленбайы батыр атағын алды, еліміз мыңдаған тонна азық-түлік, оқ-дәрі жөнелтті дейміз ғой. Ал ұлттың кеткен есесі, жоғалтқан қазынасы – рух пен сана күйзелісі сияқты ең негізгі мәселелер көп айтылмайды. «Аштық және соғыс» еңбегінде ғұлама Таласбек Әсемқұлов соғыстың кесірінен болатын рухани, гендік шығынды ешкім, ешқашан өтей алмайтынын толығымен дәлелдеп шығады. Соғыс елдің сорпа бетіне шығарларын қырып салып, халықты тексіздендіреді. Рухани аздырады. Мәселен, Алашты азаттыққа бастағанымен, Кеңес Үкіметі жаласымен «халық жауы» саналған халықтың шын жанашырлары ұрпақтарының көбі соғысқа өздігінен сұранып аттанды. Неге? Өйткені, «халық жауларының» отбасындағылар Отанға деген адалдығын қолдарына қару алып майдан даласында дәлелдесін деген жымысқы үндеу болған. Қазақтың қаймақтарын 1937-1938 жылдары бір қырса, олардың ұрпақтарын осындай жымысқылықпен қайта бір «тазарту» саясаты астыртын жүрген. Майдан арасында осындай жымысқылық та жүріп жатқанын бүгінгілер білуі тиіс.

Тек Қазақстанның өзінен майдан даласына жалпы шамамен 1 300 000 адам аттанып, оның тең жартысына жуығы қайта оралмаған. Оның ішінде қайтыс болғаны, ұшты-күйлі жоғалғандары, тұтқынға түскендері, т.б. бар. Елге оралғандардың ішінде мүгедек болғандары, от пен оқ кешіп, соғыстан кейінгі жылдары ішкі жан азабымен қиналып күн кешкендері қаншама. Ата-ана баласынан, әйел жарынан, бала әкесінен айрылып, қиындықта күн кешке отбасылар аса көп. Қазақстанда сұм соғыстың салқыны тимеген, зардап шекпеген отбасы жоқ шығар.

Осы соғысқа аттанып, майдан даласында ғаламат ерлік көсеткен қазақстандықтар саны – 497. Олардың ішінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған Талғат Бигелдинов, есімі тарихта алтын әріптерімен жазылған хас батырлар – Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Нұркен Әбдіров, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Сұлтан Баймағамбетов және әйелдерден Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сынды батыр майдангерлер шықты.

Қазақстаннан шақырылған сарбаздар Екінші дүниежүзілік соғыстың барлық фронтында, барлық бағытындағы ұрысқа қатысты. Әсіресе Иван Панфилов басқаратын 316 атқыштар дивизиясының Мәскеу түбіндегі ерлігі, 1073 атқыштар полкін басқарған Бауыржан Момышұлының жанқиярлық әрі ұтқыр тактикалық ерліктері, Қасым Қайсеновтің партизандық ерлігі тарих беттерінен ойып орнын алды.

Қазақстандық сарбаздар Мәскеу түбінде, Ленинградты қорғау кезінде, Сталинград шайқасында, Курск түбінде, Белоруссия, Прибалтика, Молдавия, Украина, Шығыс Еуропаны азат ету сынды маңызды ұрыс алаңдарына қатысып, ерлік көрсетті. Негізгі майданда жеңіске жетіп, Германия тізе бүккеннен кейін қазақстандықтар Жапонияның Квантун армиясына қарсы соғысқа да қатысты.

Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданға әскер аттандырып қана қоймай, соғыстағы әскерге тылдағы еңбек күші арқылы көп көмек көрсетті. Қауіпті орындарда немесе жау қолында қалған өндіріс орындары қауіпсіздеу саналған Қазақстан территориясына көшірілді. Ел экономикасы соғысқа қажетті арсеналды нығайтуға жұмыс істеді. Түрлі полиметалдар, қорғасын, мыс өндіру бағытындағы Қазақстан үлкен рөлге ие болды. Ел зауыттарында қару-жарақ түрлері, снарядтар өндірілді. Соғыс жылдары елдегі көмір өндірісі де үлкен қарқынмен дамыды. Еңбек армиясына Қазақстаннан 700 мың адам, өндіріс орындарына 600 мың адам аттандырылған. Яғни, сол кездегі халық санымен есептесек елдегі әрбір төртінші тұрғын майданға аттанған немесе тылда еңбек етуге жұмылдырылған.

Қазақстанда кейбір дерекке сүйенсек, халықтың мобилизациясы соғыс өртін тұтатқан Германиядан да асып түседі. Мысалы Германияда соғыс кезінде халықтың 12 пайызы соғысқа жұмылдырылса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 24 пайызды құрайды. Сол кезде қазақстанның кейбір өңірлерінде халықтың соғысқа жұмылдырылуы 50-60 пайызына дейін жеткен. Яғни, кішкентай балалардың, әйелдердің өзі күндіз-түні жұмысқа жегіліп, соғыста жеңіс туының желбіреуіне жанқиярлықпен үлес қосқан.

Ендігі ұрпақ мұндай сұмдықты көрмесін деп тілейік.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ