Инклюзивті білім беру – теория мен тәжірибенің сабақтастығы

Инклюзивті білім беру – зияткерлік, мәдени, этникалық, тілдік немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан барлық білім алушыларға тең мүмкіндік беретін, олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылатын білім беру үдерісі. Мұндай тәсіл әрбір білім алушының сапалы білім алуына, әлеуметтенуіне және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасайды. Инклюзивті оқыту  тек мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарында да кеңінен енгізіліп, заманауи білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Осы орайда, 2026 жылдың сәуір айында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушыларына арналған «Инклюзивті оқыту: негіздерден тәжірибеге дейін» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылды. Аталған курсты Шет тілдері кафедрасы жоғары деңгейде өткізіп, қатысушыларға теория мен практиканы ұштастыра отырып, мазмұнды білім алуға мүмкіндік жасады. Курс барысында тыңдаушылар инклюзивті білім берудің нормативтік-құқықтық негіздерімен танысып, Қазақстандағы арнайы білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін жан-жақты зерделеді. Курс барысындағы игерілген білім мен шыңдалған дағдылар мамандарға маңызды міндеттерді анағұрлым нәтижелі шешуге жол ашып, өз кезегінде университет қабырғасындағы  инклюзивті білім беру қағидаттарының жүйелі әрі табысты жүзеге асуына берік негіз қалайтыны сөзсіз.

Сонымен қатар инклюзивті білім беру жағдайында арнайы оқытуды ұйымдастырудың ерекшеліктері, инклюзивті топтарда сабақ жоспарын құру және тиімді өткізу жолдары кеңінен қарастырыла келе, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыс істеу барысында педагог пен ата-ананың өзара ынтымақтастығының маңыздылығы да ескрілгені жөн екеніне көз жеткіздік.

Курс қорытындысы бағалау, талдау және ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар курс мазмұнының өзектілігін, тәжірибелік маңызын жоғары бағалап, алған білімдерін кәсіби қызметінде тиімді қолдануға дайын екендіктерін білдірді.

Бүгінгі таңда инклюзивті білім беру саласындағы мұндай курстарға сұраныс артып отырғаны сөзсіз. Себебі бұл бағыт – білім беру жүйесінің сапасын арттырудың, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Осыған орай, осындай мазмұны терең, тағылымы мол, кәсіби дамуға серпін беретін курстарды тегін ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған университет басшылығына зор алғысымызды білдіреміз.

Қарлығаш ХАМЗИНА,

Әбілқас Сағынов атындағы

Қарағанды техникалық университеті