Ескерткіш орнатылды

Ұлы Жеңістің 81 жылдық мерейлі мерекесі күнінде Босаға ауылында көптеген шара жүзеге асырылды. Атап айтқанда,солардың бірегейі 1969 жылы дүниеге келіп, 1986 жылы Босаға орта мектебін бітіріп шыққан түлектердің мектеп бітірулеріне қырық жыл толуларына орай ұйымдастырылған шарасы болды. Бір кереметі бұл жылғы мектеп түлектері Жайлаубеков Ерлан Тиыштықбайұлының ұсынысымен өздерінің мектеп бітіргендеріне қырық жыл толуларына байланысты, желтоқсан оқиғасына да қырық жыл болғандығын ескеріп, ұлттың ұлылығын дәріптеп, әрі сол жылдары өз сыныптастарының ішінен де желтоқсан оқиғасына қатысқан қыз-жігіттердің болғандығын негізге ала отырып, Босаға ауылындағы әкімшілік алаңының алдына «ЖЕЛТОҚСАН ҚАҺАРМАНДАРЫНА МӘҢГІ ТАҒЗЫМ» деген ескерткіш тақта орнатуы.

Осы 1986 жылғы түлектердің ішінен желтоқсан оқиғасына сол кезеңде Сағындықов Дауылбай Бақтыбайұлы, Кобдиков Азамат Мәдениетұлы, Адамбеков Жомарт Балхашбайұлы, Кашенова Фарида Советқызы, Касенова Сайлаукүл Жантүгелқызының да қатысқандығы да тілге тиек етілді. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына арнайы ауыл тұрғындары шақырылып,ауыл әкімі: Рахметов Қазбек Құрманбайұлы мен ауылдың қадірлі қариясы: Зейнелов Аманай ақсақалға ескерткіш тақтаның лентасын кесу рәсімі ұсынылды. Осы орайда айтулы шараны жүргізуге белсене атсалысқандары үшін :ауыл әкімі Рахметов Қазбек Құрманбайұлына, осы істі ұйымдастырушының бірі: Смагулов Дулат Кәріғұлұлына және мердігер Молдашурин Қайыржан Келсінбекұлына арнайы алғысхат табысталды. Арнайы бағдарламаға құрылған бұл шарада мектептің 40 жылдық түлектері ауыл мешітіне барып, өздерімен бірге оқып, бақилық болып кеткен құрдастары Манабаев Арыс Шаңгерейұлының, Кенжегараева Гуля Аманқызының, Харалгин Олег Александрұлының, Букирова Айгүл Аманғалиқызының рухтарына арнайы дұға бағыштап,құран оқытқандары да «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұғымды терең насихаттағанның айқын айғағы. Дәл осы күні Босаға өңірінде әр жылдық мектеп бітіруші түлектер игі шаралар жүргізіп жатса да, соның бәрінің уақытын ұйымдастырушылар мүшелері ақылдаса отырып, ыңғайына келтіріп әдемі атқарып шыққандығы да көңілге қонымды.

Босаға ауылының «Ақ босаға» мейрамханасында берілген құдайы тамаққа ауылдың  имамы Боранбай Дамир Боранбайұлын, ауыл әкімі Рахметов Қазбек Құрманбайұлын, ауылдың ақсақалдар алқасының орынбасары Тағылбеков Жомарт Сейіткәрімұлын, ауылдың мәдениет үйінің директоры Жақаев Алшағыр Көрпешұлын және  ауылдың ардагер ұстаздары Күләш Рымбекқызын, Тоты Әбеуқызын, Татьяна Пётрқызын сондай-ақ сынып жетекшілері Қалимаш Мамашқызы мен Айткүл Шопбайқызын арнайы шақырып, ұстаздарына дайындаған сый-сияпаттарын салтанатты түрде табыстағандары да көңілге қонымды дүние болды. Кеш соңы 40жылдық тарихы бар мектеп бітіруші түлектердің  өздерінің әдемі ән-күйімен, концерттік бағдарламасы бойынша «Ақ босаға» мейрамханасында Отыншин Қасымхан Рысбайұлының асабалық етуімен жалғасын тапты.

Қайта оралмас жалынды жастық шақтарының жарқын көрінісін ерекше естеліктерімен еске алған аға буын өкілдерінің жүздерінен қуаныш табы сезілетіндей. Жүрек тебірентіп,көңіл толқытар сәттің куәсі болған мен де, осы 1986 жылы мектеп бітірген түлектермен бірге өзімнің жолдасым да бірге оқығандығын ескере отырып, менен де бір әдемі сый-сияпат болсын деген ниетпен оларға өзімнің осы жылдың ақпан айында ғана тұсауы кесілген тұңғыш кітабым «Деп ойланы» сыйға тарттым. Кейінгі ұрпаққа өнеге болар тарихи тағылымы бар ескерткіш тақта орнату барысында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдық танытып, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын сезінген баршаңыздың еңбектеріңізге өз тарапымнан алғысымды білдіріп:

Жылдар өтіп ұлғайса да жастарың,

Лайым әркез аман болсын бастарың!

Алла қолдап еңбекте де сендердің,

Алға қарай домаласын тастарың! – дегім келеді. Орталарың азаймасын,1969-жылғылар!

Салтанат Құдайбергенқызы ТЕМІРХАНОВА