Кең байтақ қазақ даласында табиғаты көркем, жері шұрайлы, көздің жауын алар ғажайып мекендер аз емес. Асқар Алатау мен айбынды Алтайды айтпағанда, Арқаның ажарын ашқан Қарқаралы, қасиетті Ұлытау, сұлу Баянауыл сынды таулы өңірлер мен айдынды Балқаш, тұнық Зайсан тәрізді көлдер туған жеріміздің табиғи байлығы мен сұлулығын айшықтап тұр. Әр өңірдің өз тарихы, өз тылсымы, өзіне тән ерекше болмысы бар.
Сол қасиетті өлкелердің бірі – Ортау. Көпшілікке онша таныс бола бермегенімен, Ортау – табиғаты тұнған шежіре, қойнауы сырға толы киелі мекен. Сонау сайын дала төсінде менмұндалап жатқан қоңыр таулары, көкорай белестері мен саф ауасы адам жанына ерекше тыныштық сыйлайды. Бұл өңірдің әр тасы мен жотасы, әр бұлағы мен қыстауы өткен тарихтан үн қатып тұрғандай әсер қалдырады.
«Туған жердің түтіні де ыстық» демекші, Ортау – тек табиғатымен ғана емес, тағылымды тарихымен де қымбат өлке. Кешегі көшпелі қазақтың ізі қалған сайын дала төсінде ғасырлар шежіресі сайрап жатыр. Сондықтан да бұл мекен туған жердің қадірін ұқтырып, көрген жанның көңілінде мәңгілік әсер қалдыратын қасиетті өңірлердің бірі.
Ортау атауы қазақтың тарихи жер-су атауларына тән көне топонимдердің бірі саналады. Кей деректерде «Ортау» сөзі «ортадағы тау», «орталық қоныс» деген мағынаны білдіреді. Ауыл маңында ерте заманнан қазақ руларының қоныстары мен қыстаулары болғаны анық.
Тарихшылардың айтуынша, Жошы хан бір кезеңде осы Ортау төңірегін мекендеген деседі. Соның белгісіндей болып ел ішінде «Жошы асуы» атауы бүгінге дейін сақталған.
Ортау топырағы көптеген танымал тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Солардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР-і Халық Комиссарлар Кеңесінің тұңғыш төрағасы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллин бар. Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасының белгілі футболшысы Исламбек Қуат та осы өңірдің тумасы.
ХХ ғасырдың 30-жылдары Ортау өңірі ҚарЛАГ ықпалындағы аймақтардың бірі болды. Бұл жерлерде тұтқындар мал шаруашылығы, егіншілік, құрылыс және жол салу жұмыстарына пайдаланылған. Өлкетанушылардың айтуынша, кең далалы аумақта өндірістік нүктелер мен мал фермалары орналасқан. Күні бүгінге дейін ел аузында «Каменная қыстағы», «Плотинная щель», «Бандит ауылы», «11-ші хутор», «12-ші хутор» секілді атаулар сақталған.
Кеңес заманында тың және тыңайған жерлерді игеру барысында «Ортау» кеңшары құрылып, мал шаруашылығына бағытталған ірі ауылдардың біріне айналды. Қой және жылқы шаруашылығы кең өріс алды. 1989 жылғы санақ бойынша Ортау ауылдық округінде 1 400-ден астам халық тұрған. Кейін тәуелсіздік жылдары ауыл шаруашылығы нысандары жекешелендіріліп, кеңшар тараған соң, оның орнына 60-тан астам шаруа қожалығы құрылды.
Ортау ауылдық округінің әкімі Медет Болатұлы Дүйсенбаевқа жолыққанымда: Қазіргі таңда округте 309 адам тұрады. 63 шаруа қожалықтары мал өнімдерін шығаруда. Олардың иелігінде 5 283 жылқы, 5 066 сиыр, 24 356 қой-ешкі малы бар. Ауылымызда әкімдік, мектеп, мәдениет нысандары жұмыс істейді. Жыл сайын ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, бірнеше елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалды.
Бүгінде елімізде туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғаны бәрімізге белгілі. Осы игі бастамаға өңір тұрғындары да үн қосуда. Табиғаты көркем, ауасы таза өлкенің мүмкіндігін тиімді пайдалану мақсатында ауыл азаматы Рахманберлин Дастан Темірғалиұлы үлкен істің бастамашысы болды.
Осы бағытта бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Алдымен плотинаның суы толық ағызылып, табаны тазартылды. Кейін жаңадан су жиналып, айналасы абаттандырылды. Таудың бөктері мен ну ағаштың саясына демалушыларға арналған киіз үйлер тігіліп, олардың іші барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Киіз үйлерде ыдыс-аяқ, үстел, жастық-көрпе және өзге де тұрмысқа қажетті дүниелер түгел қарастырылған. Сонымен бірге ет асуға, палау, кәуап пісіруге, басқа да тағамдар дайындауға арналған жазғы асхана бар. Халық тамақтану үшін кафе салынуда. Мынадай тамаша табиғатты ластамау үшін дәретханалар, қоқыстарға арналған арнайы қораптар қойылған. Бір сөзбен айтқанда, мұнда келген меймандар отбасымен, бала-шағасымен, туған-туыстарымен, құда-жекжатымен бірге табиғат аясында алаңсыз демалып, таза ауа жұтып, ерекше әсер ала алады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, мұндай игі істер ауыл туризмінің дамуына серпін беріп қана қоймай, туған жердің көркін танытып, өңірдің беделін арттыра түсетіні анық — деп ауылы туралы толық мағлұмат беріп шықты.
Осыдан бірнеше күн бұрын қаладан арнайы келген құдаларымызбен бірге Ортау демалыс орнына барып қайттық. Ауыл әкімі айтқандай, расында да табиғаттың тамаша көркі мен демалысқа жасалған барлық жағдайдың куәсі болдық. Балаларымыз бен немерелерімізді ертіп барған бұл сапарымыз ерекше әсерге толы болды. Таза ауа, тау бөктерінің көркем келбеті, табиғаттың үнсіз тыныштығы жанымызға жайлылық сыйлады.
Сол күні біз орман ішін аралап, тау бөктеріне де көтерілдік. Жерұйықтай болған өлкенің тұмса табиғатына сүйсініп, ғажайып мекендердің бірі – Жетіқұдық басында болып, таңғажайып көріністерге куә болдық. Самал желі мен саф ауа адам жанын сергітіп, туған жердің әр тасы мен әр қырқасы бізге ерекше әсер қалдырды.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дейді дана халқымыз. Осындай әсем орынның өңірімізде ашылып, халық игілігіне айналып жатқаны көңіл қуантады. Ортау өңірінің табиғи сұлулығын танытып, көпшілікке тамаша демалыс сыйлап жүрген азаматтарға деген ризашылық ерекше.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
