Әрбір ауылдың, әрбір мектептің өзіне ғана тән шежіресі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тағылымды тарихы болады. Сол қасиетті қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер – туған жердің абыройын асқақтатып, елдің ертеңіне қызмет етіп жүрген азаматтар. Уақыт алға жылжыған сайын адам баласы есейіп, өмірдің сан қилы белестерінен өтеді. Алайда жүрек төрінде мектептегі балдәурен күндердің ізі ешқашан өшпейді. Себебі мектеп – адамның ең алаңсыз күлкісі мен ең шынайы достығы қалған қастерлі мекен.
Сондықтан да арада қанша жыл өтсе де, түлектер алтын ұя мектебін, бірге оқыған сыныптастарын, тәлім берген ұстаздарын ұмытпайды. Кейде өткен күндерді сағынышпен еске алып, мектеп қоңырауының сыңғырына, балалық шақтың думанды сәттеріне деген аңсар көңіл қайта оянады. Осындай ыстық сағыныш пен туған жерге деген құрмет жылдар өте келе азаматтарды қайта табыстырып, туған ауылына жетелейді.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Босаға ауылының орта мектебін әр жылдары тәмамдаған түлектер үш күн бойы ауыл көлемінде түрлі мәдени-көпшілік және спорттық шаралар ұйымдастырып, ел ішін ерекше мерекелік көңіл күйге бөледі. Ауыл тұрғындары үшін бұл күндер бірлік пен бауырмалдықтың, өткенге тағзым мен бүгінге ризашылықтың жарқын көрінісіне айналды.
Мектеп бітіргендеріне 5 жыл болған түлектер аудан көлемінде футболдан тартысты турнир өткізсе, 10 және 15 жылдық түлектер ұлттық рухты дәріптеген қазақ күресінен жарыс ұйымдастырды. Ал 20 жыл бұрын мектеп бітірген азаматтар ұлттық ат спорты ойындарын өткізіп, ауыл жастарына ата дәстүрдің маңызын насихаттады. Бұл шаралар ауыл тұрғындарының қызығушылығын арттырып қана қоймай, жас ұрпақтың спортқа, ұлттық құндылықтарға деген құрметін күшейте түсті.
Дегенмен, көпшілік көңілінен ерекше орын алған тағылымды шараны мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектер ұйымдастырды. Бұл бастаманың авторы – сыныптас азамат Жайлаубеков Ерлан Тиыштықбайұлы. Биыл олардың мектеппен қоштасқандарына 40 жыл толса, дәл осы кезең Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне сол тарихи оқиғаға аталған түлектердің сыныптастарының да қатысқаны бұл шараның маңызын арттыра түсті.
Осыған орай екі сыныптың 24 түлегі бірлесіп, Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ауыл саябағында 1986 жылғы Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуын өткізді. Түлектердің өз қаражаттарына жасалған бұл игі іске 1 миллион 200 мың теңге жұмсалған. Ескерткіш тақтаға «Желтоқсан қаһармандарына мәңгі тағзым» деген тағылымды сөз қашалып жазылды.
Салтанатты рәсім барысында ауыл ақсақалы Зейнелов Аманай, Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Тағылбеков Жомарт және ауыл имамы Борамбай Дамир көпшіліктің ықыласына бөленіп, лента қию рәсімін орындады. Жиналған жұртшылық Желтоқсан боздақтарының ерлігіне тағзым етіп, олардың азаттық жолындағы қайсарлығы жайында тебірене еске алды. Ауыл әкімі Рахметов Қ. Қ, Ардагерлер кеңесі атынан Тағылбеков Ж, мектеп ұстаздары болған Зейнелова Қ. М, Сағымбекова А. Ш. құттықтау сөздерін арнады.
Түлектер атынан сөз алған Омаров Нариман Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың өр рухы мен батылдығын ерекше атап өтіп, ескерткіш тақтаның орнатылуына қолдау білдірген ауыл азаматтарына шынайы алғысын жеткізді. Сонымен қатар түлектердің шешімімен бұл іске белсене атсалысқан Босаға ауылының әкімі Рахметов Қазбек Құрманбайұлы, ауылда тұратын сыныптас азамат Смағұлов Дулат Кәріғұлұлы және құрылыс жұмыстарын жүргізген жеке кәсіпкер Молдашурин Қайыржан Келсімбекұлы арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара соңында ауыл имамы Желтоқсан құрбандарының рухына арнап құран бағыштап, ел амандығы мен ұрпақ бірлігіне дұға жасады.
Тағылымды кездесу ауылдағы тойханада жалғасын тапты. Ауыл ақсақалдары, ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері бас қосқан дастарқан басында өткен күндер еске алынып, өмірден озған ұстаздар мен сыныптастар рухына құран оқылды. Ұстазға деген шәкірттік құрмет те ерекше көрініс тапты. Шәкірттері атынан сынып жетекшілері болған Зейнелова Қалимаш Мамашқызы мен Сағымбекова Айткүл Шөпбайқызына бағалы сыйлықтар табысталып, жүрекжарды алғыстар айтылды. Сонымен бірге асқа қатысқан өзге де ұстаздар құрметтен тыс қалмай, түлектердің ыстық ықыласына бөленді.
Осындай игі шаралар – туған жерге деген перзенттік парыздың, өткенге деген құрметтің және ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Туған ауылын ұмытпай, елдің рухани өміріне үлес қосып жүрген азаматтардың бұл бастамасы кейінгі буынға өнеге болары сөзсіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Қазақстанның Журналистер одағының мүшесі,
Ақадыр-Босаға-Ақадыр
