Мақсат – мыңыратып мал өсіру

Соңғы жылдары Шет ауданында мал шаруашылығын дамытудың интенсивті жолдары қарастырылуда.  Шет ауданының әкімі Мұхтаров Мұхит Сайлауұлы, жекеменшік шаруа қожалықтарына мемлекет бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беруді бақылауға алып,  мал санын көбейтуге және жемшөп әзірлеу үшін трактор басқада қажетті  техникамен қамтамасыз етуді басты назарда ұстауда. Ауыл шаруашылығын дамытуға жауапты ауданның  мекеме басшыларын игілікті істің берекелі  болуына жұмылдыруда. Соның негізінде жыл өткен сайын аудан жақсы нәтижеге қол жеткізуде.

Ауданда үлгілі еңбегімен  көзге түскен шаруа қожалықтары баршылық. Соның бір – Ортау ауылдық округіне қарайтын Жомарт Жақаев басқаратын «Бірназар» шаруа қожалығы. Бұл шаруа қожалығының қарамағында қазір 650 бас қой, 200- жылқы, 240- ірі қара мал бар. Ортау мал өсіруге қолайлы өңір, себебі, шөбі шүйгінді, суы тұщы. Тек ерінбей еңбек ету арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Мен 1992 жылы Ортауға келіп, шаруақожалығын құруға бел будым. Жұбайым Бақытты бұл бастамама қарсы болған жоқ. Екеумізде жасымыздан ауылды туғандықтан, әке-шешеміздің қасында жүріп мал өсірудің қыры мен сырына қанығып өстік. Отыз жылдан асты, аллаға шүкір, жетістіктеріміз бар. Бие де, сыйыр да сауамыз. Қысы жазы қымыз, сүт, ірімшік,құрт, сары май сатамыз. Қой, жылқы және сыйыр етін көбірек қаражат қажет болғанда Қарағанды қаласына базарға апарып сатамыз, осылайша жағдайымызды жақсартып, күн көріп отырған жағдайымыз бар, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Жомарт Жақаеев.

«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, біз  Ортау ауылдық округінің әкімі Дүйсенбаев Медет Болатұлына жолыққанымызда әкімнің байсалды мінезі,  адамдарға деген қамқорлығы, әлеуметтік жағдайды жақсартуға деген ұмтылысы, ауылды дамытуға қатысты мемлекет саясатын жете түсінетіндігіне риза болдық. «Бірназар» шаруа қожалығының  жетекшісі – Жомарт Жақаев туралы: «Біздің ауылда көш бастап отырған бұл шаруа қожалығының жетекшісі Ж. Жақаев Мемлекет басшысының «Адал- адам. Адал-еңбек. Адал-табыс» атты қағйдасына сай жұмыс істеп отыр. Сондықтан   ол қандай құрметке болсын лайықты жан», – деді. Біз әкімнің бұл сөзінен басқада округ әкімдері Медет Болатұлы сияқты елмен егіз, уақытпен үндес болса ғой деген ойда қалдық.

Қожалық жетекшісі Жомарт Жақаев мал өсіретін фермерлердің арнайы республикалық байқауына қатысып, былтыр «Үлгілі шаруа қожалығы» төс белгісіне ие болса, жақында  Астанада өткен салтанатты шараға қатысып, қоғамдық награда-«Қазақстанның құрметті азаматы» медаліне ие болды.

«Жаздың аптап ыстығында, қыстың қарлы боранында жүріп, қиындыққа мойымай мал бағып жүрген менің еңбегімді осылайша бағалағанға дән ризамын,- дейді  шаруа қожалығының жетекшісі,- Жомарт Жақаев. Ортаудың ерлі-зайыпты малшылыры Бақытты апай  мен Жомарт ағай  бүгінде «Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» бақытты жанұя.Алмас пен Жұлдыз атты бір ұл, бір қызы бар. Екеуіде үйлі-баранды. Осы екеуінен 4 немере сүйіп отырған жағдайлары бар.Ұлы Алмас бүгінде Жаңаарқа ауданында полиция басшысы болса, қызы Жұлдыз Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, өз мамандығы бойынша еңбек етуде.

«Мал өсірсең қой өсір, берері оның көл көсір» демекші еліміздің мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып, еңбектің қызығын малдан тауып отырған «Бірназар» шару қожалығының алдағы уақытта да табысы мол болатыныныа сенімдіміз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Суретте: «Бірназар» шаруа қожалығының жетекшісі – Жомарт Жақаев.