ӨМІР ЖОЛЫМДА ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ТҰЛҒА

Осы бір жаны жайсаң, парасаты биік азаматты көрген сайын, көңіл түкпіріндегі көмескі тартқан талай естеліктер қайта жаңғырып, өткен күндер көз алдыма келеді.

1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдап, еңбек жолымды Ақадыр ауданының Босаға орта мектебінде мұғалім болып бастадым. Көп ұзамай мектептің ұстаздар комсомол ұйымы сенім білдіріп, бастауыш ұйымның хатшысы етіп сайлады. Сол жылдың қараша айының ортасында аудандық комсомол комитетіне шақырту алдым.

Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қарабеков Сайлау Смағұлұлы ағамыз қабылдап, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметін ұсынды. Келісімімді берген соң кабинетке бөлім басшысын шақыртып: — Беккожин Қалижан Қазкенұлы, — деп таныстырды.

Алғаш көргеннен-ақ Қалижан Қазкенұлы өмірдің талай белесін өткерген, адам жанын түсіне білетін, сабырлы да салиқалы азамат ретінде ерекше әсер қалдырды. Бөлім жұмысымен таныстырып болған соң, тапсырмаларды рет-ретімен түсіндіріп, әр мәселенің байыбына терең тоқталатын. Әсіресе, құжатпен жұмыс істеу, мінездеме, хабарлама, баяндама жазу секілді жауапты дүниелерге аса мән беретін. Орталық комитет пен облыстық комсомол комитетінің қаулы-қарарлары мен нұсқауларын қалай пайдалану керектігін жалықпай үйрететін.

Кеше ғана мектеп қабырғасынан келген жас маман үшін мұндай қамқорлық пен бағыт-бағдардың орны ерекше еді. Менің алғаш рет ресми құжат жазып, ұйымдастыру жұмысының қыр-сырын меңгеруіме тікелей ықпал еткен жан — Қалижан ағамыз болды.

Ол кісі тек басшылық жасап қана қоймай, жастармен етене жұмыс істеудің өнегесін көрсетті. Бастауыш ұйымдармен тығыз байланыс орнату, жиналыстар өткізу, түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру секілді жұмыстардың барлығында Қалекеңнің ақыл-кеңесі мен қолдауы сезіліп тұратын.

Ең бастысы — ол кісі жастардың жігерін жанитын. Жас мамандарға сенім артып, олардың өз күшіне деген сенімін оята білетін. Өз басым Қалижан Қазкенұлының арқасында жастармен жұмыс істеуге құлшынып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін терең сезініп қалыптастым деп әрдайым мақтанышпен айтып жүремін.

Қалекеңнің бойындағы қарапайымдылық, кішілік пен адамгершілік қасиеттері кімге де болса үлгі еді. Ол кісімен арадағы жұмыс ең алдымен өзара сенім мен жауапкершілікке негізделетін. Сол себепті де оның жанында жүрген әр жас маман шыңдалып, өмір мектебінен өтетін.

Бүгін ой елегінен өткізсем, Қалижан Қазкенұлымен бірге қызмет атқарған сол екі жыл біз секілді өмір жолын енді бастаған жастар үшін үлкен мектеп, қалыптасу мен өсудің алтын кезеңі болыпты.

“Ұлық болсаң — кішік бол” деген аталы сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған ардақты ағамыз бүгінде жетпістің асқарына шығып отыр. Елінің сыйлы азаматы, халқының қалаулы перзенті, ұрпағының мақтанышы болып, әлі де биік белестерді бағындыра берсін деген ақ тілегімді білдіремін.

Ғасырмен сырласып, уақытпен үндескен Қалижан ағамыздың ғұмыры ұзақ, мерейі үстем болсын!

Рысқали ӘБДІКЕРОВ,

экс-сенатор, мемлекет және қоғам қайраткері