Біз жалындап тұрған жігіт шағымызда кездестік. Сол кездегі облыс орталығы Жезқазған қаласында облыстық комсомол комитетіне жыл соңында есеп беруге баратынбыз. Бұл – сол заманның дәстүрі, қалыптасқан тәртібі. Әр нәрсенің сұрауы бар, қатаң сұралады. Екпіндетіп әр бөлім тапсырманы үйіп-төгіп беріп жатады, оның бәріне жауабын дайындап жақындап қалған Жаңа жылды сонда қарсы алмас үшін жанталас үстіндеміз.
Дәліз бір сәт босап, ел түскі үзіліске шыққанда жаныма соның алдында ғана танысқан орта бойлы, дөңгелек жүзді әдеміше жігіт келіп: «Жақын жерде дәмхана бар, бірге барайық» деп ұсыныс жасады. Ешкімді танымаймын, қайда барарымды білмей тұрғанмын, келісе кеттім. Қаланы жақсы біледі екен. Екеуіміз құрдас екенбіз. Дәм үстінде Ақадыр аудандық комсомол ұйымында өзім секілді ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі екенін, есімі Қалижан Бекқожин екенін білдім. Қазақ елінің маңдай алды ақындарының бірінің есімін толық иеленіп отырған жігіт те тегін емес қой деп ойлағам, шындығында солай болып шықты. Қалекең үлкен атына сай, қандай жағдайда да сабырлы қалпынан танбайтын, мінезге бай, ішкі жан дүниесінен хабар беріп тұратын әр сөзіне мән беріп сөйлейтін, сырбаз азамат екен. Сол жолғы кездесу, міне, жарты ғасырға жуық уақыттан бері үлкен достыққа ұласты. Екеуіміз екі ауданда қызмет еткенімізбен досымның парасатты келбеті мен тұшымды ойлары әр кездесуімізді жаныма жайлы бір жылы шуаққа орағандай әсер қалдыратын. Сол әсерден әлі күнге дейін арыла алмай жүрген секілдімін. Хабарласып отырамыз, әр жетістігімізге бірге қуанамыз.
Арада сырғып жылдар өтті. 24 жылдан кейін бір кезде бірге болған екі аудан қайта қосылды. Енді доспен қауышу жиірек болатын болды. Партия тараған соң, әркім өз бағытымен кетті ғой. Қалекең аудандағы барлық мүлік атаулыны өз қолымен түгендеп, барша халықты риза еткен, пендешілікке ұрынбаған жаны жайсаң азамат екендігін тағы бір дәлелдеп, жекешелендіру процесін адал атқарыпты. Оның дәлелі – ен байлықты тарата отырып, соңынан бірде-бір сөз ермегендігі. Ердің ері ғана дүниенің қызылына қызықпай, тазалығын сақтап қалар еді. Жеңістен кейін жанындағы сарбаздарының қуанышына қоса қуанып мейірлене сүйсініп тұратын сардар болар еді. Қалекең дос сондай асыл жан екендігін көрсетті.
Кейіннен маған елден жырақтау кетіп, басқа жақтарда қызмет етуге тура келді. Ел жаққа құлақ түріп, жаңалықтарына елеңдеп отыратын болдық. Жақсысына сүйінесің, жамандығына күйінесің. Ел өзгерді, заман басқаша қалыпқа түсті. Түрлі басылым беттерінде достың есімін жиі кездестіретін болдым. Қалекеңнің шығармашылыққа біржола бет қойып, уақыт өткен сайын қаламының ұстарып келе жатқанын көріп қуанамын. Осы жылдарда поэзия әлеміне еркін еніп, біршама дүниені жарыққа шығарған екен. Қара сөзге бұрыннан бейімі барын, іште булыға буырқанған сезімді жүйрік қаламымен жарыстыра отырып қағаз бетіне әйтеуір бір түсіретінін сезетінмін. Сезім алдамапты. Дос бүгінде қалыптасқан жазушы, публицист. Қазақ елі Журналистер Одағының мүшесі. Толып жатқан басқа да атағы бар. Қалекең үшін қуанамын. Осындай досым барлығына шүкіршілік етемін.
Жарты жыл үлкендігімді пайдаланып: Мерейлі 70 жасың құтты болсын! Шығармашылығың шарықтай берсін, қаламың ұштала берсін! Өзіңе Жаратқанымыз мол денсаулық берсін, әулетіңе игілік берсін! деп тілеймін.
Қайыржан ТІЛЕУБЕРГЕНОВ.
Қарағанды қаласы
