Биыл, 13 маусым күні елге белгілі азамат, қоғам қайраткері, журналист әрі қаламгер Қалижан Қазкенұлы Бекқожа мерейлі 70 жасқа толғалы отыр. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір өңірдің қоғамдық өмірімен сабақтасқан, еңбек пен азаматтыққа толы жолдың белесі.
Мен Қалижан Қазкенұлын ұзақ жылдардан бері жақсы танимын. Бізді жақындастырған орта – жастық шақтағы комсомол жұмысы, елге қызмет етудің алғашқы мектебі болды.
1976–1978 жылдары мен Жезқазған облысы Ақадыр ауданындағы Ортау совхозында комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқардым. Сол кезеңде Қалижан Қазкенұлы көршілес Көктіңкөлі совхозында дәл осындай жауапты қоғамдық қызметті абыроймен атқарды. Жастармен жұмыс, еңбек ұжымдарын ұйымдастыру, қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру – сол уақыттағы біздің ортақ мұратымыз еді.
1980 жылдың қаңтар айында аудандық комсомол комитетінің пленумында мен Ақадыр аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, осы қызметті 1983 жылдың қыркүйегіне дейін атқардым. Дәл осы кезеңде аудандық комсомол бюросының шешімімен Қалижан Бекқожа аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөліміне қызметке бекітілді. Кейін бұл жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарып, өзін іскер ұйымдастырушы, жастар арасында беделі жоғары азамат ретінде көрсете білді.
Ол жылдар біз үшін ерекше кезең болатын. Комсомол – жай ғана ұйым емес, басқару мектебі, жауапкершілік пен тәртіптің, бастамашылдық пен ұйымдастырушылық қабілеттің шыңдалатын алаңы еді. Қалижан сол ортада көзге түсті. Ақадыр ауданы комсомол ұйымы бірнеше мәрте облыстық комсомол комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алып, үздіктер қатарынан көрінді. Ол жетістіктердің артында аудан жастарының ынтымағы мен ұйымдастырушылардың табанды еңбегі тұрды. Сол қатарда Қалижан Қазкенұлының да үлесі аз болған жоқ.
Оның өмір жолына көз салсақ, қарапайым еңбек адамының ел ісіндегі азаматқа айналғанын көреміз. Малшылықтан басталған еңбек жолы әскери борышпен, қоғамдық жұмыстармен, партиялық және мемлекеттік қызметпен жалғасты. Аудандық партия комитетіндегі жауапты қызметтер, мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы кезең, жергілікті атқарушы билік құрылымындағы еңбек – бәрі де оның тәжірибесін толықтырды.
Қалижан Қазкенұлы қай қызметте жүрсе де өзін тек орындаушы ретінде емес, бастамашыл ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Оның еңбек жолының бір ерекшелігі – уақыт өзгерсе де, қызмет ауысса да туған жерден қол үзбей, өңірдің дамуына үлес қосып келуі.
Зейнет жасына жеткеннен кейін де қоғамдық өмірден шет қалмай, шығармашылық пен журналистика саласына белсенді араласуы – оның азаматтық болмысының тағы бір қыры. Бүгінде аудандық баспасөзде еңбек етіп, өлкетану бағытында ізденіп, ел тарихын жинақтап, келешек ұрпаққа мұра қалдыру жолында еңбек етіп келеді.
Әсіресе, Ақадыр кентінде қоғамдық негізде тарихи мұражайдың ашылуына бастамашы болуы – туған жер тарихына деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Жүздеген тарихи жәдігер жинап, халық игілігіне ұсыну – екінің бірінің қолынан келетін іс емес.
Қаламгерлік бағыттағы еңбектері де ерекше құрметке лайық. Әңгімелері, мақалалары, очерктері мен өлеңдері түрлі басылымдарда жарияланып, бірқатар шығармалары әнге айналып, ел арасына тарады. Бұл – оның рухани әлемінің кеңдігін көрсетеді.
Қалижан Қазкенұлының өмір жолына қарағанда бір нәрсе анық байқалады: ол әр кезеңнің талабына бейімделіп қана қоймай, сол кезеңнің белсенді тұлғасына айнала білді. Қоғамдық қызметкер, ұйымдастырушы, журналист, өлкетанушы, қаламгер – осының бәрі бір адамның бойынан табылған қасиеттер.
Өмірде марапат көп болуы мүмкін. Бірақ ең үлкен марапат – елдің ықыласы мен әріптестердің құрметі. Қалижан Қазкенұлы дәл осындай құрметке еңбегімен жеткен азамат.
Мерейлі 70 жас құтты болсын, қадірлі Қалижан Қазкенұлы!
Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен ұзақ ғұмыр тілейміз. Еңбекпен өрілген өмір жолыңыз кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге бола берсін.
Ізгі тілекпен,
комсомол мектебінен бірге өткен әріптесі Қарабеков Сайлау Смағұлұлы Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қызметкері», Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы» және Қазақстан Республикасының «Құрметті заңгері»
