ЖАЛЫНДЫ ЖАСТЫҒЫН АРЫНДЫ АЗАМАТТЫҒЫМЕН ҰШТАСТЫРҒАН

Арқа жерінде саналы ғұмырын елге қызмет етуге, қоғамның дамуына арнап, жүрген ортасына өнеге көрсетіп, халықтың құрметіне бөленген азаматтар аз емес. Дана халқымыз мұндай жандардың болмысын саралап, адамдық қасиетін бағалап барып қана «ел азаматы» деген мәртебелі ат береді. Осындай құрметке әбден лайық, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген тұлғалардың бірі – қадірлі досым Қалижан Қазкенұлы Бекқожа.

Қалижан Бекқожинмен таныстығымыз өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында басталған еді. Сол тұста мен Ақтоғай аудандық комсомол комитетінің екінші, кейін бірінші хатшысы болып қызмет атқардым. Ал Қалижан Ақадыр аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарып, кейін екінші хатшы қызметіне көтерілді.

Жезқазған облыстық комсомол комитетінің пленумдары мен бюроларына қатысқан сапарларда аққұба өңді, бұйра шашты, келбетті жігіттің жастар өмірінің өзекті мәселелері мен ішкі комсомолдық жұмыстардың түйткілдерін қазақша да, орысша да еркін әрі нанымды жеткізетін шешендігіне тәнті болатынбыз.

Таныстық уақыт өте келе достыққа ұласты. Сол кезеңде облыстық комсомол комитетін басқарған Қасымхан Ахметов пен Сайлау Қарабеков секілді тәжірибелі басшылардың сеніміне ие болған Ақадыр аудандық комсомол ұйымы жастармен жүргізілетін саяси-тәрбие жұмыстары, комсомол-жастар бригадаларын ұйымдастыру, мәдени-көпшілік және спорттық шараларды өткізуде облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп жүрді. Бұл жетістіктердің артында ұйымның екінші хатшысы Қалижан Қазкенұлының қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті жатқанын жақсы білетінбіз.

Көршілес аудан комсомол ұйымдары ретінде біз де өзара іскерлік бәсекеде болдық. Ақадырлық әріптестеріміздің тың бастамалары мен озық тәжірибелерін зерделеп, өз жұмысымызға енгізуге тырысатынбыз.

Комсомол мектебі бәрімізді шыңдады. Жастармен жұмыс істеуді, жауапты шешім қабылдап, оны нәтижелі жүзеге асыруды үйретті. Құжатпен жұмыс істеу, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті де осы ортада қалыптасты. «Комсомол – кадрлар ұстаханасы» деген сөздің жаны бар. Өзінің көшбасшылық қасиетімен, табандылығымен және еңбекқорлығымен ерекшеленген Қалижанды аудандық партия комитетінің өз аппаратына шақырып, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, кейін бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындауы – сәтті шешім болды.

Дәл осы партиялық қызметте біздің жолымыз тағы тоғысты.

Ақадыр аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарған Қалижан Бекқожин қайта құру мен демократиялық жаңғыру кезеңіндегі күрделі міндеттерді жоғары талап деңгейінде атқарып, ауданның кадрлық саясатын үйлестіруде үлкен жауапкершілік танытты.

1990 жылдың жазында Жезқазған облыстық партия комитетінің арнайы жұмыс тобы Ақтоғай ауданына келіп, қайта құру талаптарына сай жүргізіліп жатқан партиялық жұмыстардың тәжірибесін зерделеген болатын. Сол құрамда Ақадыр ауданынан тәжірибелі ұйымдастырушы ретінде Қалижан Қазкенұлы да болды. Бір аптаға созылған сол сапарда емен-жарқын әңгімелесіп, көптеген ой бөлісуге мүмкіндік туды. Жалпы, Қалижанмен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет. Танымы терең, пайымы парасатты азаматтың ой-толғамдары әрдайым мазмұнды болатын.

Партиялық жұмыстың қыр-сырын жетік меңгерген, тәжірибесі толысқан маманды Алматы жоғары партия мектебіне жіберуі де облыстық партия комитетінің оған артқан үлкен сенімінің белгісі еді.

Тәуелсіздікпен бірге келген түбегейлі өзгерістер кезеңінде Қалижан Қазкенұлы Мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендіру жөніндегі Жезқазған, кейін Қарағанды аумақтық комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Оның құзыретіне Балқаш өңіріндегі жекешелендіру үдерісін үйлестіру де кірді. Сол жылдары бұл жұмыстың ашық әрі әділ жүргізілуіне өз үлесін қосты.

Мен де сол уақытта Балқаш қаласына қызметке ауысқан едім. Ара-тұра жүздесіп, комсомол мен партия қатарында бірге өткізген жарқын жылдарды еске алып жүрдік.

Мемлекеттік қызметтің бір белесін Ақадыр кенті әкімінің орынбасары ретінде өткізген Қалижан Қазкенұлы тоқырау кезеңінде еңсесі түскен кенттің келбетін жақсартуға, тұрғындардың тұрмысын көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. Туған жерден жырақ кетпей, оның өсіп-өркендеуіне адал еңбек етті. Осы қасиеті арқылы елдің шынайы патриоты, жұрттың жанашыры екенін дәлелдеді.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың тағы бір қыры зейнеткерлікке шыққан соң жарқырай ашылды. Ақындық пен сазгерлік қабілетіне журналистік таланты қосылып, шығармашылық әлемінде жаңа белеске көтерілді. Орыс мектебінде білім алып, жоғары оқу орнында орыс филологиясын тәмамдағанына қарамастан, қазақ тілінде жазған мақалалары, очерктері мен эсселері көркемдігімен, тіл байлығымен ерекшеленеді.

Қалижанның шығармаларының негізгі кейіпкерлері – өзімен қатар жүрген ауылдастары, елге еңбегі сіңген ардагерлер, еңбек адамдары, кәсіпкерлер мен мәдениет қайраткерлері. Сондықтан оның қаламынан туған дүниелердің тәрбиелік мәні де ерекше.

Міне, жалынды жастығын арынды азаматтығымен ұштастырып, ел құрметіне бөленген Қалижан Қазкенұлы Бекқожа жетпістің белесіне көтерілгелі отыр. Халқына берері әлі де мол абзал азаматқа отбасылық амандық, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тілеймін.

Мейірхан ТӘТІБЕКОВ,

мемлекеттік қызмет ардагері, Балқаш қаласы