Азия кубогында абырой биігінен көрінді

Жуырда Алматы қаласында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен көрнекті спорт қайраткері Б.Махмұтовты еске алуға арналған Азия құрлығы Кубогы үшін халықаралық деңгейдегі дүбірлі дода ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті.

Татамиде бақ сынаған жас спортшылардың арасында еліміздің намысын қорғаған Ақадыр кентіндегі Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де болды. Бұл жарысқа көптеген мемлекеттерден мықты палуандар қатысып, жас дзюдошылар өздерінің шеберліктерін, табандылығы мен жігерін сынға салды.

Осындай тартысты бәсекеде жас спортшыларымыз туған жердің абыройын асқақтатып, тамаша нәтиже көрсетті. Қыздар арасында 70 келі салмақ дәрежесінде белдескен Айша Алтай қарсыластарына дес бермей, барлық белдесулерде жеңіске жетіп, Азия Кубогының чемпионы атанды. Оның татамидегі әрбір қимылы, күрес тәсілдері мен жеңіске деген жігері көпшілікке үлкен әсер қалдырды.

Ал ер балалар арасында 73 келі салмақта сынға түскен Еркен Бекали де намысты қолдан бермей, үздік өнер көрсетіп, жарыстың қола жүлдесіне ие болды. Жас палуанның жеңісі оның еңбегі мен ізденісінің, спортқа деген сүйіспеншілігінің жемісі.

Жеңімпаз бен жүлдегерді осы биік жетістікке жеткізген — кентіміздегі Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің білікті жаттықтырушылары Манабаев Дастан мен Омаров Ерсайын. Ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі осындай жеңістер арқылы көрініс табуда.

Жас ұрпақты спортқа баулып, ел намысын қорғайтын қайсар азаматтарды тәрбиелеу — үлкен жауапкершілік пен еңбекті талап ететін абыройлы іс. Бүгінгі Айша мен Еркеннің жеңісі — Ақадыр спортының дамып, жаңа биіктерге бет алғанының айқын дәлелі.

Жас палуандарымыз бен олардың бапкерлерін осы жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда да көк туымызды биікте желбіретіп, талай жеңістерге жете беруіне тілектеспіз.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті