Балқаш қаласында өткен Balkhash Tour Fest – 2026 халықаралық фестивалі өңірдің туристік әлеуетін тағы бір мәрте айқындап берді. Екі күнге созылған ауқымды шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген 75 мыңға жуық қонақ қатысты.
Фестиваль аясында спорттық жарыстар, мәдени-көпшілік бағдарламалар, шығармашылық байқаулар мен танымдық шаралар ұйымдастырылды. Қонақтар жағажай волейболы, жаппай жүзу жарыстары, түрлі интерактивті алаңдар мен заманауи технологиялар көрмесіне қатысып, белсенді демалыстың сан алуан мүмкіндігін пайдаланды.
Шараның маңызды бағыттарының бірі экологиялық мәдениетті насихаттау болды. Фестиваль аясында Қазақстан, Түркия, Үндістан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген жастардың қатысуымен Халықаралық еріктілер форумы өтті. Форум барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму және еріктілік қызметтің өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар еріктілер «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Балқаш көлінің жағалауын тазалау акциясына қатысып, ондаған қап қоқыс жинады.
Фестивальдің есте қаларлық оқиғаларының бірі Балқаш тарихында алғаш рет ұйымдастырылған дрон-шоу болды. Көл үстінде қалықтаған 500 ұшқышсыз аппарат түрлі жарық композицияларын көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ фестиваль барысында салмағы 86,4 келі болатын алып қазыбургер дайындалып, Қазақстан рекордтар кітабына енгізілді.
Мерекелік шара белгілі спортшылар мен өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламалармен жалғасты. Фестиваль қорытындысында ұйымдастырушылар бұл жобаның Балқаш өңірінің туристік тартымдылығын арттыруға және ішкі туризмді дамытуға елеулі серпін бергенін атап өтті. Бүгінде Balkhash Tour Fest жай ғана мәдени-көпшілік шара емес, өңірдің туристік брендіне айналған маңызды жоба ретінде бағалануда.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
