Жәрмеңке ұйымдастырылды

Ақадыр елдімекенінде кент әкімдігінің бастамасымен тұрғындарға арналған кезекті жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл шара халықтың күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуына мүмкіндік беріп, ауыл тұрғындары үшін тиімді сауда алаңына айналды.

Жәрмеңке барысында жергілікті тұрғындарға кең көлемде тауар түрлері ұсынылды. Атап айтқанда, балғын жеміс-жидектер, түрлі көкөніс, тәтті өнімдер, азық-түлік және басқа да қажетті тұрмыстық тауарлар сауда сөрелерінен орын алды. Осы жолғы сауда шарасында өздерінің өнімдерін жергілікті кәсіпкерлер Г.Ескеева, М.Тұтқышев, «Үмітай» сауда орны, Жұмыскер ауылынан келген Ф.Арыстанбекова, Қарағанды қаласынан, Ақсу-Аюлы ауылынан келген бірқатар кәсіпкер ұсынды. Өнімдердің сапасы мен бағасының қолжетімділігі тұрғындардың көңілінен шықты.

Осындай игі шаралар халыққа сапалы өнімдерді тиімді бағамен алуға жағдай жасап қана қоймай, ел ішіндегі өзара байланысты нығайтуға, сауда мәдениетін дамытуға да ықпал етеді.

Жәрмеңке барысында тұрғындар өздеріне қажетті тауарларды таңдап, сауда қызу жүрді. Көпшілік қауым мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғанын қолдап, алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім білдірді.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті