Қазақстан-Қытай білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған қадам

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің делегациясы 2026 жылдың 3-23 маусым аралығында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің қытай тілі оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысты. Бағдарлама Қытайдағы Шихэцзы университетінде ұйымдастырылды.

Оқу барысында қатысушылар қазіргі қытай тілі, қытай фонетикасы, практикалық ауызекі сөйлеу тілі, іскерлік қытай тілі, қытай мәдениеті мен коммуникациясы, сондай-ақ қытай тілін халықаралық деңгейде оқыту мәселелері бойынша дәрістер циклін тыңдады.

«Қазіргі қытай тілі және иероглифтер», «Мәдениетаралық коммуникация», «Мәдениетаралық коммуникация жағдайларын талдау», «Қытай поэзиясын оқу», «Іскерлік қытай тілі практикасы» дәрістері мен Сун әулеті дәуірінің «Су әуеніне кіріспе: Жарқын ай қашан туады?» атты шығармасы негізінде поэзияны түсінуге арналған сабақ ерекше қызығушылық тудырды.

Бағдарлама аясында дәстүрлі қытай мәдениетімен танысуға да ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар үшін каллиграфия және қағаздан ою-өрнек қию өнері бойынша шеберлік сабақтары, тайцзицюань жаттығулары, сондай-ақ дәстүрлі қытай шай рәсімінің көрсетілімі мен тәжірибелік қатысуы ұйымдастырылды. Практикалық сабақтар Қытайдың мәдени дәстүрлерін және олардың тілмен байланысын тереңірек түсінуге ықпал етті.

Бағдарлама барысында делегация Шихэцзы университетінің кампусы мен Тарихи музейіне барып, оқу орнының құрылу және даму тарихымен, білім беру мен ғылыми қызмет саласындағы жетістіктерімен танысты.

Сондай-ақ қатысушылар Шыңжаң университетінің Халықаралық мәдени алмасу мектебінде болып, шетелдік студенттерді даярлау және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту тәжірибесін зерделеді.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, педагогика ғылымдарыңын магистрі