Мектеп – әр күні шежіре мен сырға толы, талғамы мен талабы өзгелерден әлдеқайда биік тұратын, қазақтың талай зиялы ұлдары мен қыздарын тәрбиелеп шығарған киелі шаңырақ. Өзіндік дәстүр, ұстаздық үлгі-өнегесі қалыптасқан салиқалы білім ошағы, тарихи тағылымды ұяның бірі – биыл құрылғанына 90 жыл толып отырған №32 Арқалық орта мектебінің алар орны ерекше.
Осындай ордалы қарашаңырақ мектебіміздің тарихына тоқталмас бұрын, қасиетті мекен, осы өңірдің қалыптасып, дамып өркендеуіне қысқаша шолу жасай кетсек артық болмас деймін.
Тарих тереңнен басталады. 1934 жылы «Жаңа негіз», «Қызыл ту» колхоздарының негізінде құрылған екі ауылдың алғашқы басқармалары Әсен Иманқұлов, Камал Баешов, Әмен Елеуов, ауыл советтің төрағасы Қамай Көпбаев болған екен. 1954 жылы Жамбыл колхозы деп аталған кезде ауылды Қожа Асқаров басқарған. Кейін совхоз болып құрылып, осы ауылдың алға басуына себепкер болған басшылар, совхоз директорлары Ғосман Нұрділдин, Доскен Қыстаубаев, Зәрубек Ибраев, Темірболат Мәжитов, Мұрат Нұрақышев, Берлібек Әбдікәрімов, Серік Сәркеновтар аянбай еңбек етті. Кейін Арқалық яғни Тәттімбет селолық округіне Мысыр Әбдірәсілов, Аманжол Қуанбаев, Серік Сәркенов, Ербол Жоламан, Нұрдәулет Біләловтар әкім болып басшылық жасады. Қазірде бұл істі жаста болса бас болып жүрген білікті маман Балқан Сәркенов атқаруда.
Өңірден 1941-45 жылдары талай жас Ұлы Отан соғысына қатысып қаза болған, аман келгендері сол уақыттың ауыр еңбегіне араласып, тіршіліктің ауыр тауқыметін көрген жандар қаншама. Колхозды совхоз қылып, өңірді ауылшаруашылығының дамыған орталығына айналдырып, Қызылтау, Тасшоқы, Шілдебай бөлімшелерін құрған да осы қажырлы жандар еді. Арқалық кеңшары – қой түлегін өсірумен айналысты.
Осы жолда ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан аға ұрпақ өкілдері болды. Олардың сол еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып еңбек ерлері марапатқа ие болды. «Ленин», «Еңбек даңқы» ордендерінің иегері Смағұл Әбділдин, «Ленин» орденді Кәрім Жабағин, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иесі Біләл Мақұлов, «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне таққан Ғалымжан Бейсенбаев, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен ВДНХ-ның 3-Алтын, 3-Күміс, 3-Қола медалін иеленген Қаупен Исабеков, сол Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің 1-Алтын, 2-Күміс медалін, «Еңбек даңқы» орденінің екінші, үшінші дәрежесін қанжығасына байлаған Совет Смағұлов, қызығынан қиындығы басым шопандық өмірлері марапат пен алғысқа толы Зейнепкар, Кенжебек Біләловтар, Әнес Қабылов, Жеңіс Мұқаев пен бақташылар Құсайын Нұрымов, Шажар Біләлов және басқалар сол кезеңнің өкілдері. Ал Социалистік Еңбек Ері Сайлау Біләлов ағамыздың орны ерекше. Қыстың суығы, шілденің аптабымен күз бен көктемнің жаңбырына көніп өскен аға ұрпақтың ізін басқан ұрпақтары бүгінгі таңда шаруақожалықтарын құрып мыңғыртып мал өсіріп ауылдың дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
Осындай небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп дамып өркендеген ауылымыздың мектебінің тарихының өзі үлкен бір шежіре десем артық айтқандық емес. Сондықтан мектебіміздің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қасиетті білім ордасы мектебіміздің өсіп-өркендеу тарихына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын.
Өзіндік тарихы бар бұл мектептің іргетасы 1935-36 жылдары қаланды. Сол заманның ауыртпашылығы мен жоқшылығына қарамастан, халықтың қолдауына ие болған сол кездегі №4 Арқалық ауылдық кеңестің төрағасы Көпбаев Қамай ақсақалдың басшылығымен ауыл ақсақалдары Дөрбішев Бүргі, Әбдірахманов Құлмағанбет, Ақылтаев Апақаш, Өмірбаев Аязбай, Өмірбаев Түсіпбай, Естаев Сақит, Әбділдин Смағұл сияқты тағы басқа көптеген ауыл азаматы Түндікті өзенінің бойынан еңселі бір қабатты шатырлы мектеп үйін салуды қолға алған. Мектеп үйін салуға мемлекеттік деңгейде мән беріліп, арнайы қаржы бөлінген. Көршілес Қызыл ту, Жаңа Бірлік, Шарықты, Шолақбұлақ, Көлшілік, Айрық, Қоянды, Саумалкөл, Сталин, Энгельс, Алғабас, Жартас, Сартау, Маркс колхоздарынан күш-көліктер, балташылар мен тас қалаушылар жіберілген. Әр колхоздан Шымболов, Смағұлов, Әбдікәрімов Қошқар, Оспанов Ғайым, Нұржанов Әбдікәрім, Мұқышев Рымтай сияқты адамдар мектеп үйінің іргетасын қаласып қолғабыстарын тигізген.
«Мектеп – елдіктің, тектіліктің іргетасы» деген екен абыз ақын Мағжан Жұмабаев. Бүкіл Балқантау бауырындағы сол кездегі шағын ауылдар үшін тәрбие мен білімнің аққайнар бастауы болған осынау тарихи мектептің орны ерекше.
Бастауыш мектептен кейін 1937-38 жылдары жеті жылдыққа айналған мектептің алғашқы директоры Қожа Асқаров болған екен. Сол мектептің алғашқы мұғалімдері Оташ Әбдірахманов, Мұқан Сағатов, Асқар Оразбаев, Өтепбай Аманжолов, Қасен Жақұлов, Кенжебай Сыздықов, Біләл Досанбаев, Қайшыбай Түсіпов, Әбдіғалым Омаров, Дүйсен Рахымбаев, Қажытай Рахымбаевтар болыпты. Жылдар өте бала санының көбеюіне байланысты 1950 жылы мектеп жанынан интернат үйі ашылды. Бұнда шопан-бақташылардың отызға жуық баласы жатып оқыған.
1950-60 жылдары мектепте Түсіпбаев Нәжікен, Қойшыбаев Рашид, Рысбеков Қарымсақ, Садықов Несіпбай, Садықов Хамит, Түсіпбекова Биқан, Оразбаев Тұңғат, Базаров Кәріпбала, Мизамбаев Балта, Темірхан, Мырзахан Дүйсеновтер, Мұрсалова Шәйза, Мұсаев Олжатай, Сермағанбетова Ақыш сияқты ұстаздар қызмет атқарған. 1954 жылы Арқалық МТС-нің құрылуына байланысты мектепте орыс сыныптары ашыла бастаған екен.
Мектептің негізін қалаған білікті басшылар есімдері ұмытылмақ емес. Олар Асқаров Қожа, Сағатов Мұқан, Досанбаев Біләл, Базаров Кәріпбала, Ибраев Шөкей, Исайынов Рымбек, Әлиев Мұғиын, Мұсаев Олжатай, Тәуекелов Иманаш, Дәуіпбаев Төкен. Ал 1984 жылдан 2000 жылға дейін Қайыркен Нұрғалиев, 2000 жылдан 2014 жылға дейін Ниязбек Біләлов, Мысыр Әбдірәсіловтер директор болса бүгінгі күні Сәменова Әсел қарындасымыз мектепті басқарып отыр.
Мектеп –оқушыны білім нәрімен сусындатумен қатар, бірінші кезекте әркімнің азамат ретінде қалыптасу жолдары адалдықпен өріліп, үлкен өмір баспалдақтарындағы қадамы қателіктерден ада, жанына тазалықпен адалдықты жолдас етуге ықпал ететін қасиетті орта. Сондықтан Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат. Өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», – деген екен. Ендеше шәкірттеріне білгенін аямай үйреткен, жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырған мейірімді жандар әр жылдарда қызмет істеген ұстаздарымыздың есімін атай кету парыз. Олар Балта Мизанбаев, Темірхан Дүйсенов, Рашид Қойшыбаев, Мырзахан Дүйсенов, Ақыш Сермағанбетова, Жеңіс Смағұлов, Мұқан Сағатов, Аман Әменов, Қамаш Қамаева, мектеп директорлары мен біраз мұғалімдеріміз Олжатай Мұсаев, Иманаш Тәуекелов, Төкен Дәуіпбаев, Райхан Қоржынбаева, Рымтай Ғаббасова, Гаухар Дүйсенбекова, Серік Нысанбаевтар дүниеден өтсе, бүгінгі күні Қайыркен Нұрғалиев, Мысыр Әбдірәсілов, Рысты Сыздықова, Айша Естаева, Дәметкен Төлеубекова, Галина Темірболатова, Тілеубек Камалиев, Роза Жанжұманова, Хадиша Сүйкебаева, Нығымет Мақсұтовтар құрметті еңбек демалысында. Осы ұстаздарымыздың алдында басымызды иеміз.
Бүгінгі таңда құрылғанына 90 жыл толып отырған мектебіміздің алғашқы түлектері яғни бірінші болып оныншы класты кімдер бітірді дегенге тоқталатын болсақ 1969 жылы 22 бала бітірген екен Тұңғыш түлектер Айман Мұхамедиярова, Қаратай Шәріпов, Марат Сағатов, Қанат Нысанбаев, Алпысбай Аруонов, Хамиден Күзембаев, Манатой Исабеков, Секен Төлеубаев, Ербол Шарипданов, Рүстем Жапеков, Қуантай Жұмағалиев, Ризабек Абзалбеков, Қазипа Асқарова, Күлзипа Ахметова, Майдагүл Қабзолдина, Зибаш Түсіпбаева, Рымбике Біләлова, Мафруза Тынышева, Күлзипа Нұрғалиева, Әлия Дүйсенова, Гүлнар Исаинова, Бақыт Молдабекова тағы басқалары жүрек қалауларымен жоғары оқу орындарын бітіріп, халықшаруашылығының түрлі саласында еңбек етіп бүгінгі күні зейнет демалысында.
Осы ағаларымыз бен апаларымызға бастауыш кластарда Нұрғамиден ағамыз бен Шәйза Мұрсаловалар сабақ берсе, әр жылдарда Клара Нығыметова, Райхан Қоржымбаевалар класс жетекшісі болыпты. Ал мектеп директоры Олжатай Мұсаев, оқу ісінің меңгерушісі Хадиша Сүйкебаева, пән мұғалімдері Гаухар Дүйсенбаева, Қайыркен Нұрғалиев, Аман Әменов, Төлеу Әменовтар сабақ берген екен.
Мектебіміздің алғашқы түлектерінің түлеп ұшқандарына да 57 жыл болыпты. Зымырап өтіп жатқан уақыт дегеніміз осы
Осынау 90 жыл аралығында алтын ұя мектебімізден қаншама түлек түлеп ұшты десейші. Жыл сайын әр жылдарда бітірген түлектер айтулы даталы жылдарын атап өтіп жатады. Сол жақсы дәстүр биылда жалғасып 1976 жылы мектеп бітірген түлектер 50 жылдықтарын атап өтпекші болып, бала күннен бірге өскен жан достар бірін-бірі іздеп тауып арқа-жарқа болуда.
– «Біздер 1966 жылы қазақ-орыс кластарының табалдырығын елу шақты бала аттаған едік. Ең алғаш қолымызға қалам беріп әліппені үйреткен тұңғыш ұстаздарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Ол кезде Арқалық совхозының Айрық, Едірей бөлімшелерінде бастауыш мектептер болды. Сол ауылдардан бастауыш кластарды бітіріп бесінші кластан бастап орталыққа келіп сабағымызды жалғастырдық. Орталықтың басында, жоғарыда аталған бөлімшелердегі бастауыш мектептерде Балта Сүлейменов, Фазыл Жаманғарин, Айткен Әбдірәсілов сияқты тұңғыш ұстаздарымыз сауатымызды ашқан еді.
Класымыз жоғарылаған сайын әртүрлі ұстаздардан тәлім алдық. Негізінен біздің сыныбымыздың оқушылары өте ширақ, белсенді болды. Мектептің қайнаған қоғамдық жұмыстарының бел ортасынан табылатынбыз. Аудандық спорттық жарыстарда, көркем өнерпаздар байқауларында топтың алдында жүруші едік.
Біздер мектеп бітірген 1976 жылы Арқалық орта мектебінен қазақша-орысша кластардан 40-тан аса бала түлеп ұштық. Қазір ойлап отырсақ, ертегі сияқты. Шалғайдағы ауыл мектебінен бір жылда осыншама бала бітіруі керемет емес пе! Қазір ауданның орталығындағы мектептерден мұндай бала бітірмейді. Сол қазақ-орыс кластарынан бітірген балалардың ішінен Айткүл Дабылқызы, Ркен Бекмағанбетқызы, Аманжол Шәйімбекұлы, Төлеуқадыр Қабыкенұлы, Ермек Елубайұлы, Болат Молдахметұлы, Мақсұт Советұлы, Марат Түсіпұлы, Әмина Нұрғалиқызы, Зейнеп Өзиханқызы, Рыскүл Сауырбайқызы сияқты қаншама кластастарымыз мезгілсіз дүниеден озды. Оларды да сағынышпен еске аламыз. Қалған кластастарымыз еліміздің арнаулы орта, жоғары оқу орындарын бітіріп еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп бүгінгі күні құрметті зейнет демалысына шығып отыр. Осы мектеп қабырғасында жүргенде әр жылдарда Ақыш Сермағанбетова, Гаухар Дүйсенбекова, Мысыр Әбдірәсілов, Галина Темірболатовалар класс жетекшілеріміз болса, Олжатай Мұсаев, Иманаш Тәуекелов, Төкен Дәуіпбаевтар мектеп директоры болған еді. Біздер өмірі дауысын көтеріп ұрыспайтын, өте мәдениетті, биязы білімпаз ұстаз-директор Төкен ағамыздың қолынан аттестат алған едік. «Ол да бір дәурен екен-ау» дейді елге сыйлы, құрметті азаматтардың бірі, ішкі істер органдарының ардагері Рымбек Нұрғабдешұлы.
Иә, сайып келгенде құрылғанына 90 жыл толып отырған қарашаңырақ мектебіміз бүгінгі таңда қалыптасқан дәстүрінен жаңылмай жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде биіктерден көрініп келеді. Сондықтан Әсел Сәменова бастаған мектеп ұжымына қашанда жас ұрпақты тәрбиелеуде биіктерден көріне берулеріне тілектеспіз. Мектебіміздің мерейлі тойы құтты болсын!
Рымбек СМАҒҰЛОВ,
ҚР «Ақпарат саласының үздігі»,
Қазақстан Мәслихаттарының Құрметті депутаты,
Қазақстанның Құрметті Журналисі
Подпись на фото
- 1936 жылы салынған мектеп
- 1976 жылғы түлектер, бастауыш класта

