Header Banner

Босаға тоғаны – бабалар еңбегінің өшпес ізі

Тарих – халықтың жады, өткеннің өнегесі, ұрпаққа аманат болған рухани қазына. Әрбір өлкенің қойнауында талай тағдырдың ізі, талай ұрпақтың маңдай терімен жазылған шежіресі жатыр. Сондай қасиетті орындардың бірі – ел бірлігінің, ата-баба еңбегінің айғағы болған Босаға тоғаны.

Босаға тоғанының тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастау алады. Мұрағат деректеріне сүйенсек, қазіргі Ортау ауылдық округінің Босаға елді мекені сол кезеңде «Еркіндік» колхозының құрамында болған. 1933 жылы ел азаматтары ауылдың ертеңін ойлап, халық игілігі үшін үлкен істі қолға алады. Жұрт жұмылып, бір мақсатқа бірігіп, бес жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, алып тоған тұрғызған.

Ол кезең – ел басына ауыртпалық түскен, тұрмыс тауқыметі мол уақыт еді. Соған қарамастан ауыл адамдары туған жердің қажетіне жарайтын істен шет қалмай, бар күш-жігерін жұмсады. Құрылыс барысында атарба пайдаланылып, барлық жұмыс қол күшімен атқарылды. Тас тасылып, топырақ үйіліп, сары саз суға араластырылып, тас арасын бекіту үшін пайдаланылды. Тіпті берік болсын деген мақсатпен үстінен қой айдатып таптатқан деген дерек бар.

Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде табаны шамамен 50 метр, биіктігі 30-40 метр, ұзындығы 700 метрге жуық еңселі тоған бой көтерді. Бұл – сол заманның мүмкіндігімен салыстырғанда үлкен құрылыс, елдің ауызбіршілігі мен табандылығының көрінісі еді.

Босаға тоғанын салу ісінің бастауында Баймұжықұлы Хасен, Олжабекұлы Бекен, Аққожаұлы Жұмажан, Әнбияұлы Жаманадин, Шахайұлы Боранқұл сынды ел азаматтары тұрды. Олар заман талабына сай тиісті орындардан рұқсат алып, ауыл халқының қажетіне жарайтын маңызды шаруаның жүзеге асуына ұйытқы болды.

Бүгінде сол тарихи кезеңнің куәсі болған қариялар өткенді кейінгі ұрпаққа жеткізіп келеді. «Әкемнен естігенімді айтып отырмын» деген әрбір естелік – уақыттың үнін сақтаған қымбат мұра. Өйткені Босаға тоғаны – жай ғана су жиналатын орын емес, ол – бабалардың маңдай терімен салынған еңбек ескерткіші, елдіктің белгісі.

Осындай тарихи мұраны дәріптеу, бабалар еңбегіне тағзым ету мақсатында 2026 жылдың 14 маусымында Босаға тоғанында тағылымды шара өтті. Бұл игі істің бастамашылары – Баймұжықұлы Хасеннің қыздары Зәуреш пен Қарлығаш. Апалы-сіңлілер Ортау ауылының әкімі Дүйсенбаев Медет Болатұлына шығып, оның және ауыл азаматтарының қолдауына ие болды. Осылайша, көп жылдан бері көкейде жүрген арман жүзеге асты.

Тағылымды шараға Бікіш ата ұрпақтары, ауыл тұрғындары және жан-жақтан келген қонақтар қатысты. Жиын барысында бабалар рухына Құран бағышталып, ас берілді. Ұрпақтарының қолдауымен тарихи орынға ескерткіш тақта орнатылып, онда тоған құрылысына белсене атсалысқан азаматтардың есімдері жазылды. Аталған іс – өткенге құрмет, келешекке өнеге болар игі бастама.

Өткізілген шарада Бекет пен Бекетай Бекішевтер ақ шаңқан киіз үй тігіп, алыстан келген ағайын мен қонақтарды кең пейілмен қарсы алды. Киіз үй төрінде өткен кездесуде ел ағалары сөз сөйлеп, туған жер тарихы, бабалар өнегесі және ұрпақ сабақтастығы туралы жүрекжарды естеліктерін айтты.

Жиынға Жаңаарқадан арнайы келген білікті ұстаз Ахмедияұлы Мэлс, Өспен ауылының өлкетанушысы Шакиров Файзулла, Қуатұлы Өміртай, Бекенұлы Қазыбек, Рахманұлы Аманкелді, Рахымұлы Ерболат, Максұтұлы Мұхит және басқа да азаматтар қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Босаға тоғаны – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Ол – бабалардың табандылығының, елдің ынтымағының, туған жерге деген сүйіспеншіліктің мәңгілік белгісі. Осындай тарихи мұралар арқылы ұрпақ өз тамырын танып, ата-баба аманатына адалдық таныта береді.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті