Header Banner

Жаңарған вокзал – өркендеудің белгісі

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес теміржол саласының инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның аясында республика бойынша 125 теміржол вокзалын күрделі жөндеуден өткізу қолға алынды. Аталған шара – жолаушыларға қолайлы жағдай жасау ғана емес, көлік-логистика жүйесін жетілдіріп, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік бастама. Өйткені теміржол – ел экономикасының күретамыры, ал вокзал әрбір елді мекеннің айнасы.

Осы игі бастаманың нәтижесінде Шет ауданына қарасты Ақадыр кентіндегі теміржол вокзалы толықтай жаңарып, ел игілігіне қайта пайдалануға берілді. Бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуді қажет етіп келген вокзалдың жаңа келбетке енуі – кент тұрғындарына да, осы бағытпен қатынайтын мыңдаған жолаушыларына да көптен күткен қуанышты жаңалық болды.

Жаңартылған вокзалдың салтанатты ашылу рәсімінде Шет ауданының әкімі Мұхтаров Мұхит Сайлауұлы, «ҚТЖ» ҰК АҚ «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» филиалының басшысы Ибраев Марат Омарұлы, теміржол саласының ардагері, жергілікті қауымдастықтың төрағасы Сейітов Нұрлан Ахмедияұлы сөз сөйлеп, теміржолдың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы стратегиялық рөліне кеңінен тоқталды. Олар Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ауқымды жаңғырту жұмыстары халықтың өмір сапасын жақсартуға, жолаушыларға көрсетілетін қызметтің деңгейін көтеруге және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Шара барысында жаңарған вокзалдың лентасы қиылып, шашу шашылды. Ел игілігіне берілген жаңа нысанның халыққа құт әкелсін деген ақ ниеттің белгісі еді.

Күрделі жөндеу барысында вокзал ғимараты толық жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары заманауи талаптарға сай жүргізілді. Күту залы кеңейтіліп, инженерлік жүйелер жаңартылды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды. Вокзал маңы абаттандырылып, перрон ретке келтірілді, жарықтандыру мен қауіпсіздік жүйелері жаңартылды. Мұның бәрі жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақадыр – Сарыарқаның маңызды теміржол торабының бірі. Сондықтан мұндағы вокзалдың жаңаруы жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, еліміздің әр өңірін жалғайтын теміржол қатынасының сапасын жақсартуға да зор үлес қосады. Заманауи талаптарға сай жабдықталған вокзал жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, ел мен елді, өңір мен өңірді жалғайтын алтын көпір ретінде өз міндетін абыроймен атқара беретіні сөзсіз.

Жаңарып, күрделі жөндеуден өткен вокзал мемлекет қамқорлығының, халыққа жасалған нақты игіліктің және өңірдің өсіп-өркендеуінің айқын көрінісі. Осындай ауқымды жобалардың жүзеге асуы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, елдің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге, экономиканың дамуына тың серпін беретіні анық.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті