Header Banner

ALGA! енді балабақша бүлдіршіндерін де футболға баулиды

Футболға деген қызығушылық қай жастан басталуы керек? Мамандардың айтуынша, баланың спортқа деген алғашқы көзқарасы дәл мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Осы қағиданы негізге алған Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы (QOFA) жүзеге асырып жатқан ALGA! жобасы жаңа кезеңге қадам басты. Бұған дейін өңір мектептерінде табысты жүзеге асқан жоба енді балабақша тәрбиеленушілерін қамтып, бүлдіршіндердің футболмен алғашқы танысуына мүмкіндік жасап отыр.

ALGA! – Қарағанды облысында балалар футболын дамытуға бағытталған ауқымды әлеуметтік-спорттық жоба. Оның басты мақсаты – жас ұрпақты ерте жастан салауатты өмір салтына баулу, дене белсенділігін арттыру және футболды бұқаралық спорт ретінде дамыту. Жоба аясында мектеп оқушылары үшін футбол сабақтары ұйымдастырылып, түрлі жарыстар мен фестивальдер өткізіліп келеді. Нәтижесінде мыңдаған оқушы спортқа жақындап, футболға қызығушылық танытты.

Енді бұл бастама жаңа бағыт алып, мектепке дейінгі жастағы балаларды да қамти бастады. Себебі спорт мамандары баланың қозғалыс дағдылары мен дене мәдениеті дәл осы кезеңде қалыптасатынын айтады.

Осы мақсатта Қарағанды қаласындағы «Аманат» спорт кешенінде «ALGA! Алғашқы пас» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.  Кездесуге «Айгөлек», «Айсұлу», «Балақай», «Шаңырақ» және «Жұлдыз» балабақшаларынан 50-ден астам бүлдіршін қатысты.

Балалар үшін бұл кәдімгі жаттығу емес, үлкен спорт мерекесіне айналды. Ұйымдастырушылар олардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, футбол элементтері енгізілген қызықты эстафеталар, қимылды ойындар мен командалық сайыстар дайындады. Бүлдіршіндер доппен алғашқы жаттығуларын жасап, бірге ойнап, жаңа достар тауып, спорттың қуанышын сезінді. Ал аниматорлар балалардың көтеріңкі көңіл күйін еселеп, мерекелік атмосфера қалыптастырды.

QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Данияр Кәрібаевтың айтуынша, бұл – балаларды футболшы етуге бағытталған жоба емес, ең алдымен оларды қозғалысқа баулып, спортқа деген қызығушылығын оятуға арналған бастама.

«Бүгінгі «ALGA! Алғашқы пас» іс-шарасы – бүлдіршіндердің спортпен және футболмен алғашқы танысуына арналған жоба. Біз үшін бұл жай ғана мерекелік кездесу емес, балалардың белсенді өмір салтына бастар алғашқы қадамы. Балалар спортты ойын арқылы оңай қабылдайды. Сондықтан осындай кездесулер арқылы олардың дене белсенділігіне деген қызығушылығын арттыруды көздейміз. Алдағы уақытта жобаны өңірдің өзге де балабақшаларында жалғастыру жоспарда бар», – дейді ол.

Шара соңында барлық қатысушыға QOFA атынан естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Zigi Zaga және «Биосфера» компанияларына алғыс білдірді.

Балалардың қуанышын ата-аналар да ерекше ықыласпен қабылдады. Олардың айтуынша, мұндай іс-шаралар бүлдіршіндердің тек денсаулығына ғана емес, қарым-қатынас жасауына, ұжыммен жұмыс істеуіне және өзіне деген сенімінің артуына оң әсер етеді.

– «Балаларымыз бүгін ерекше әсер алып қайтты. Олар қимылдап, ойнап қана қоймай, жаңа достар тапты, футболмен танысты. Осындай жобалардың көбейгені бізді қуантады. Бұл – балалардың денсаулығы мен болашағына жасалған инвестиция», – дейді шараға қатысқан ата-аналардың бірі Жадыра Әкімжанова.

Нұрғали Бекілдеков ата-ана: «Керемет бір жобаның куәгері болдық. Балаларымыз ерекше әсермен ойнап жатқандарын көріп қунадық. Футболды бала-бақшадан таныстырып бастау деген дұрыс қой. Допты ұстап көреді,теуіп көреді одан әрі қызықса кәдімгідей жаттығуларға кіріседі. Дәл осы балалардың ішініен бәлкім Роналду,Месси сынды жұлдыздар шығуы бек мүмкін ғой. Сондай сенімде болайық», – дейді.

Бүгінде ALGA! жобасы өңірдегі балалар футболын дамытуға тың серпін беріп отыр. Егер алғашқы кезеңде жоба мектеп оқушыларын қамтыса, ендігі мақсат – спортқа деген қызығушылықты балабақша жасынан қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ALGA! Бірінші пас бастамасы мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі кездесу қыркүйек айына жоспарланған. Болашақта жобаға қатысатын балабақшалар мен бүлдіршіндердің саны артып, футболмен алғашқы таныстығын дәл осындай мерекелік форматта өткізетін балалар қатары көбейе түспек.

Спортты ерте жастан серік еткен баланың денсаулығы мықты, өмірге құштар болып өсетіні белгілі. ALGA! жобасының жаңа бағыты осы ұстанымды нақты іспен дәлелдеп, Қарағанды облысында бұқаралық футболды дамытудың тағы бір маңызды кезеңіне жол ашып отыр.

Ботабек ТІЛЕГЕН,

журналист