Header Banner

Теміржол – мемлекеттің стратегиялық тірегі

Қазақстанның ұлан-ғайыр даласында көлік пен логистика саласының орны ерекше. Ал осы алып жүйенің алтын діңгегі де, қозғаушы күші де – теміржол саласы. Жыл сайын тамыз айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Теміржолшылар күні – ел экономикасының күретамырын күзеткен, болат жолдың бойында күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі.

Қазақстан – Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан, теңізге тікелей шығатын жолы жоқ алып мемлекет. Мұндай географиялық жағдайда теміржол көлігі жай ғана қатынас құралы емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық тірекке айналды. Сырт көзге теміржол саласы тек сапар шеккен пойыздар мен романтикадан тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда, осы жүйенің әрбір секундын бақылауда ұстап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ерен еңбек пен темірдей тәртіпті талап етеді.

Машинистер мен олардың көмекшілері, жолсеріктер, диспетчерлер, жол қараушылар мен жөндеуші бригадалар – бұл мамандық иелерінің барлығы да жоғары жауапкершілік жүгін арқалаған. Олар аптап ыстықта да, сақылдаған сары аязда да, түн ортасында да бекеттер мен рельстердің бойында қызметте тұрады. Болат жолдың бойындағы әрбір сәтті сапардың артында мыңдаған маманның көз майын тауысқан қажырлы еңбегі жатыр.

Теміржол – елді біріктіретін, қашықтықты жақындататын ұлы күш. Ал сол күштің артында тұрған әрбір теміржолшы – еліміздің нағыз еңбек батыры. Мереке құтты болсын, болат жолдың майталмандары! Еңбектеріңіз еленіп, сапарларыңыз әрқашан сәтті, жолдарыңыз ашық болсын! Осындай жауапты да беделді мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, болат жолдың майталманы атану – үлкен мақтаныш. Бүгінде елімізде осы бағытта сапалы кадрлар даярлау ісіне жоғары оқу орындары ерекше үлес қосып келеді. Атап айтқанда, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде теміржол саласына қажетті мамандықтар бойынша кәсіби білім алуға толық мүмкіндік бар.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

Қаламқас ҚАЛЫБЕКОВА,

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті