Header Banner

Неліктен бүгін жастардың радикалдануы жылдар емес, сағаттар ішінде жүреді және бұған кім жауапты?

Бұрын радикалды топ жас адамға ықпал ету үшін онымен ұзақ уақыт байланыс орнататын. Қазір бір бейнероликті соңына дейін көру, күмәнді парақшаға жазылу немесе пікір қалдыру жеткілікті. Одан кейін алгоритм дәл сондай мазмұнды қайта-қайта ұсынады. Ашық жарияланымнан басталған қызығушылық бірнеше сағат ішінде жеке хатқа, кейін жабық чаттағы әңгімеге ұласуы мүмкін.
Әрине, адамның бүкіл дүниетанымы бір күнде өзгеріп кетпейді. Бірақ бірнеше сағаттың ішінде оның қауіпті контентке тап болуы, эмоциялық ықпалға түсуі және өзін «ақиқатты тапқан» топтың мүшесі ретінде сезіне бастауы әбден мүмкін. Цифрлық орта радикалдануды жоқ жерден тудырмайды, алайда бұрын айлар мен жылдарға созылатын үдерістің алғашқы кезеңдерін айтарлықтай жылдамдатады.
Дінге қызығу, құлшылыққа бет бұру немесе қоғамдағы құбылыстарды сынау өздігінен радикалдану болып саналмайды. Қауіп адамның өзге пікір иелерін жау санауынан, қоғамды «біз» және «олар» деп бөлуінен, өшпенділікті немесе зорлықты ақтай бастауынан көрінеді.
ЕҚЫҰ зорлыққа жетелейтін радикалдануды адамның террорлық зорлықты мүмкін немесе орынды әрекет ретінде қабылдай бастайтын үдеріс деп түсіндіреді. Сондықтан діндарлықты радикализммен теңестіру қате. Мұндай көзқарас сенуші азаматтарды шеттетіп қана қоймай, шынайы қауіпті дер кезінде тануға кедергі келтіреді.
Біріншіден, бүгін адам қауіпті ақпаратты өзі іздемеуі мүмкін — ақпарат оны өзі табады. Әлеуметтік желі қолданушының қай тақырыпқа кідіргенін, неге ашуланғанын немесе нені қолдағанын бақылап, соған ұқсас материалдарды көбейтеді. ЕҚЫҰ-ның 2026 жылғы баяндамасында мұндай алгоритмдер адамды бір ғана көзқарас айналасында ұстайтын «жаңғырық бөлмесін», тіпті «ашу бөлмесін» қалыптастыруы мүмкін екені айтылады. Нәтижесінде қолданушы әртүрлі пікірді көрмей, өзінің күдігі мен өкпесі үнемі расталып отырғандай әсер алады.
Екіншіден, қазіргі насихат ұзақ уағыз түрінде келмейді. Ол қысқа бейне, мем, әзіл, мотивациялық сөз немесе «сенен жасырылған шындық» ретінде ұсынылады. Алдымен назар аударады, кейін ашу туғызады, одан соң барлық мәселеге кінәлі тарапты көрсетеді. Соңында жас адамға дайын жауап, жаңа орта және «ерекше міндет» береді.
Үшіншіден, радикалды идеологтар жастардың ішкі дағдарысын пайдаланады. Өзін жалғыз сезінген, әділетсіздік көрдім деп ойлаған немесе қоғамнан орнын таба алмаған адамға олар қарапайым түсінік пен тиесілік сезімін ұсынады. «Мен кіммін?», «Өмірімнің мәні неде?» деген сұраққа отбасы, мектеп пен қоғам жауап бермесе, оған күмәнді уағызшы жауап беруге тырысады.
Демек, радикалдану телефоннан басталғанымен, оның себебі тек телефонда емес. Оның ар жағында жалғыздық, тұлғалық дағдарыс, діни және медиасауаттың әлсіздігі, әлеуметтік ортадан шеттетілу немесе ересектермен үзілген байланыс тұруы мүмкін.
Ең бірінші моральдық және құқықтық жауапкершілік — адамды әдейі алдап, өшпенділікке немесе зорлыққа итермелейтін идеолог пен арбаушыда. Жастың осал күйін пайдалану — кездейсоқ ықпал емес, саналы әрекет.
Цифрлық платформалар да жауаптан тыс қалмауы керек. Ашуды, үрейді және жанжалды күшейтетін контент көп қаралым әкелгенімен, оның зардабын қоғам тартады. Сондықтан алгоритмдердің ашықтығы, кәмелетке толмағандарды қорғау және қауіпті материалға жедел әрекет ету — қоғамдық қауіпсіздік мәселесі.
Мемлекеттің міндеті тек бұғаттау мен жазалаудан тұрмайды. Бір реттік дәріс пен ресми есеп радикалды насихатқа төтеп бере алмайды. Жастарға түсінікті тілде жауап беретін дінтанушы, теолог және психологтер қолжетімді болуы қажет. Мектеп пен жоғары оқу орны ақпараттың дереккөзін тексеруді, манипуляцияны тануды, эмоция мен дәлелді ажыратуды үйретуі тиіс.
Діни бірлестіктер де жастардың күрделі сұрағына тыйыммен емес, дәлелмен жауап бергені жөн. Өйткені сенімді маман жауап бермеген сауалға күмәнді уағызшы жауап береді.
Ал ата-ананың міндеті — баланы аңду емес, онымен байланыс орнату. Телефонын тартып алу немесе бірден айыптау оны қауіпті ортадан шығармай, керісінше жасырынуға итермелеуі мүмкін. «Сен неге бұлай ойлайсың?» және «Бұл ақпаратты қайдан көрдің?» деген сабырлы сұрақ кейде тыйымнан әлдеқайда тиімді.
БАҚ та діндарлық пен экстремизмді шатастырмай, радикалдың үндеуін сенсация үшін қайталамауы керек. Әйтпесе журналист байқамай оның насихатын тегін таратып беруі мүмкін.
Радикалдануға қарсы ең мықты қорған — жаппай тыйым емес, тұрақты цифрлық иммунитет. Медиасауат пен дінтанулық сауат мектептен бастап жүйелі үйретілуі тиіс. Жас адам күрделі сұрақты жазаланудан қорықпай қоя алатын орта қажет. Сұраққа тыйым салу күмәнді жоймайды, оны жабық арнаға жібереді.
Бүгін радикалданудың алғашқы баспалдағы сағаттар ішінде қалыптасуы мүмкін. Өйткені телефон бір мезетте ақпарат көзіне, достық ортаға және жасырын үгітшіге айналды. Сондықтан басты сұрақ «Жастар неге өзгеріп кетті?» емес, «Олардың сұрағына бізден бұрын кім жауап беріп үлгерді?» болуы керек.
Бірінші жауапты — әдейі арбайтын идеолог. Ал оның ықпалына жол бермеу мемлекетке, платформаларға, білім беру жүйесіне, діни институттарға, ата-анаға және БАҚ-қа ортақ міндет. Қорғанның негізі — сенімді қарым-қатынас, сыни ойлау, сапалы діни білім және жас адамның өзін қоғамға қажет сезінуі.

Нұрлыхан Қалқаманұлы,
Облыстық АТТ мүшесі