Өндірістің өркендеуі маманның білігі мен еңбегімен тікелей байланған. Сондықтан білімді әрі еңбекққор, кәсібіне адал жандар қай кезде де қажет және құрметке лайық. Саналы ғұмырын металлургия саласына арнап, қарапайым жұмысшыдан ауысым шеберіне дейін көтерілген Арнұр Ысқақовтың еңбек жолы – осы сөзімізге дәлел.
Майталман металлург 1988 жылы Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылында дүниеге келді. Туған ауылында білім алып, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжіне оқуға түсті. Болашақ мамандығын металлургия саласымен байланыстырып, төрт жыл білім алды.
Жас маманның еңбек жолы 2008 жылы Балқаш мыс зауытында басталды. Металлург болып жұмысқа орналасқан ол алғашқы күннен-ақ өндірістің қыр-сырын меңгеруге, тәжірибе жинауға және кәсіби шеберлігін шыңдауға ден қойды. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра жүріп, жауапты істің қыр-сырын үйренді. Өндірістегі әрбір жұмыс күні оған жаңа тәжірибе мен тың міндеттер жүктеді.
Еңбекпен бірге білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмады. Жұмысынан қол үзбей, Қарағанды қаласындағы Қарағанды политехникалық университетін сырттай тәмамдады. Осылайша, өндірісте жинаған тәжірибесін жоғары біліммен толықтырып, кәсіби біліктілігін арттырды.
Бүгінде Арнұр Төкенұлы Балқаш мыс зауытында ауысым шебері болып еңбек етеді. Оның міндеті – өндірістік үдерістің үздіксіз жүруін қамтамасыз ету, жұмыс барысын үйлестіру және ұжымның міндеттерді сапалы орындауына жетекшілік ету. Бұл қызмет жоғары жауапкершілікті, ұйымдастырушылық қабілетті және мол тәжірибені талап етеді.
Тәжірибелі маманның тағы бір маңызды қыры – жас кадрларға тәлімгер ретінде көрген-түйгенін үйретіп жүр. Кейінгі буынның кәсіби дағдыларын қалыптастыруға үлес қосуда. Өйткені өндірісте тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, жас мамандарды шыңдау – саланың тұрақты дамуының маңызды шарты. Ал Арнұр үшін шәкірт тәрбиелеу – күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі.
Металлург бос уақытын жақындарына арнайды. Жары мен баласы – оның өмірдегі басты тірегі. Отбасындағы жауапкершілік пен қызметтегі міндетті қатар атқарып, адал еңбегімен айналасына үлгі болып келеді. Табанды еңбек пен кәсіби ізденістің нәтижесінде қарапайым жұмысшыдан ауысым шеберіне дейінгі жолдан өтті. Осылайша Арнұр өз ісіне деген адалдық пен үздіксіз еңбектің арқасында биік белестерді бағындыруға болатынын көрсетті.
Манас АҚСАРЫ
