Күз келді, тұмаудан сақтанайық

Күзгі-қысқы маусымда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу — әр адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарауынан басталады.

Күздің келуімен күн салқындап, ауа температурасының төмендей бастайтындығын бәріміз білеміз. Адамдар жабық ғимараттарда көбірек уақыт өткізетіндіктен, тыныс жолдары инфекцияларының таралу қаупі де артады. Осыған байланысты тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу шараларын сақтау өзекті.

Ол үшін ең бастысы тұмау қалай таралатындығына тоқтала кетсек.

Тұмау – жұқпалы вирустық ауру. Ол негізінен науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде бөлінетін ауа тамшылары арқылы таралады.

Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, бұлшықет ауыруы, жөтел, тамақтың ауыруы және мұрынның бітелуі жатады.

Инфекцияны елемей, ауруды аяқтан өткізу денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгініп, маманның кеңесін алған жөн.

Вакцинация – алдын алудың маңызды шарасы. Тұмаудың алдын алуда вакцинацияның маңызы зор. Тұмау вирустарының айналымы мен қасиеттері өзгеріп отыратындықтан, вакцинация мәселесінде медицина мамандарының ұсыныстарын ескеру қажет. Әсіресе инфекция асқынуы мүмкін қауіп топтарына жататын адамдардың денсаулығына ерекше көңіл бөлген дұрыс.

Бұдан басқа қарапайым сақтық шараларын ұмытпайық, яғни күнделікті өмірде бірнеше қарапайым ережені сақтау арқылы инфекция жұқтыру қаупін азайтуға болады. Мысалы қолды сабынмен жиі әрі мұқият жуу, өз бөлмеңізді  тұрақты түрде желдетіп отыру, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз-мұрынды майлықпен жабу, түшкіру этикасын сақтау, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын сақтау, дұрыс және құнарлы тамақтану, күн тәртібін сақтап, жеткілікті демалу, ал, ауру белгілері байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дәрігерге қаралу сияқты қарапайым да тиімді шаралар аурудың алдын алуға септігін тигізеді.

Айта кетерлік жайт, балаларға ерекше көңіл бөлейік. Күзгі кезеңде балалардың денсаулығын бақылау да маңызды. Егер баланың дене қызуы көтеріліп, жөтел, мұрыннан су ағу, әлсіздік сияқты белгілер байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға жібермей, медициналық көмекке жүгінген дұрыс. Бұл — ең алдымен баланың өз денсаулығын қорғауға және инфекцияның басқа балалар арасында таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Денсаулық – ортақ жауапкершілік. Күзгі-қысқы маусымда қарапайым санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтап, профилактикалық шараларға жауапкершілікпен қарасақ, тұмау мен ЖРВИ-дің таралу қаупін азайтуға болады.

Айман ЖАНАЕВА,

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының

санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары