26 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы Әшімов көшесінде жаңадан бой көтерген алаңда «Дала дәмі» ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге облыстың жеті ауданынан келген 90-нан астам ауылшаруашылығы тауарын өндіруші, сондай-ақ Қарағанды мен Шахтинск қалаларындағы қайта өңдеу кәсіпорындары қатысты.
Жәрмеңке сөрелерінен ет, картоп, көкөніс, сүт және балық өнімдері, жұмыртқа және басқа да азық-түлік тауарларын табуға болады. Алғашқы жәрмеңкеге өндірушілер жалпы көлемі 450 тоннадан асатын өнім жеткізді. Оның ішінде 52 тонна ет, 240 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімдері, 9 тонна балық өнімдері, 170 мың дана тауық жұмыртқасы және басқа да 20 тонна өнім бар.
Жәрмеңкеде тауарлар орташа нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен саудаланып жатыр. Осылайша қала тұрғындары жаңа әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз, тікелей өндірушілерден қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Қарағандыда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 3 қазанда өтеді.
Ақбота НАРЫН
