Облыста жыл санап білікті маманға сұраныс артып келеді. Мәселен, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметі бойынша 2035 жылға дейін 195 мың қызметкер қажеттілік туады. Оның 95,2 мыңы жаңа жұмыс орындары болса, 99,8 мыңы басқа мамандықтардан алмастыру бойынша қалыптасады. Бүгінде осы бағыттағы болжам негізінде облыста жаңашыл білім беру жүйесі қолға алынып отыр.
Кадрларға деген қажеттілік бірқатар салада айқын байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіне – 27,1 мың, білім беру саласына – 25,6 мың, саудаға – 18 мың, денсаулық сақтауға – 16,5 мың, ал тау-кен өнеркәсібіне 15,9 мың қызметкер қажет.
Қазіргі уақытта еңбек нарығы жылдам өзгеріп келеді. Технологиялық даму, өндірістің жаңаруы және цифрлық трансформация мамандарға қойылатын талаптарды да өзгертуде. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай негізгі дағдылардың 39 пайызы өзгереді немесе өзектілігін жоғалтады. Ал бакалавриат бағдарламаларында оқу орта есеппен төрт жылға созылады. Демек, жоғары оқу орындары студенттерге іргелі білім берумен қатар, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік беретін практикалық дағдыларды да қалыптастыруы қажет.
Жоғары білім беру жүйесінің нәтижелілігін бағалаумен қатар, мамандарды даярлау сапасын еңбек нарығының сұранысымен ұштастырудың маңызын көрсетеді. Әсіресе, түлектердің алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы, кәсіби дағдыларының жұмыс берушілер талабына сәйкестігі және еңбек жолын бастау мүмкіндіктері өзекті.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес, 2026-2035 жылдары Қазақстан экономикасына жалпы 2,9 миллион қызметкер қажет болады. Оның 1,4 миллионы экономикалық өсімге, жаңа функциялар мен өндірістік қуаттардың қалыптасуына байланысты туындайтын сұранысты құрайды. Қалған 1,4 миллионы зейнетке шығу және өзге де себептермен еңбек нарығынан кеткен қызметкерлердің орнын толтыруға бағытталған.
Мұндай болжамдар маман даярлауда ұзақ мерзімді жоспарлаудың маңызын арттырады. Жоғары оқу орындары еңбек нарығындағы сұранысты алдын ала ескеріп, білім беру бағдарламаларын соған сәйкес бейімдеуі керек. Бұл ретте жұмыс берушілердің оқу үдерісіне белсенді қатысуы маңызды.
Осы мақсатта «Атамекен» ҰКП білім беру мен бизнестің өзара іс-қимылына негізделген бес кезеңді модель ұсынады. Алдымен еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар анықталады. Одан кейін білім беру бағдарламалары жаңартылып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және нақты жобалармен жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Келесі кезеңде түлектерді жұмысқа орналастыруға басымдық беріледі. Соңында қол жеткізілген нәтижелер талданып, білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіруге пайдаланылады.
Қарағанды облысында осы модель негізінде өңірлік пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жоба шеңберінде басым білім беру бағдарламалары мен олармен бірлесіп жұмыс істейтін жұмыс берушілер анықталады.
Пилоттық бастаманың нәтижелері төрт негізгі бағыт бойынша бағаланбақ. Олар – түлектердің қажетті кәсіби дағдыларды меңгеруі, нақты өндірістік міндеттерді шешу сапасы, алғашқы жұмысқа орналасу жылдамдығы және тұрақты жұмыспен қамтылу деңгейі.
Өңірлік жобаның жүзеге асуы жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтып, білім беру мазмұнын нақты өндірістік міндеттерге жақындатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жұмыс берушілерге қажетті мамандарды даярлау үдерісіне тікелей қатысуға жол ашады.
Манас АҚСАРЫ
