Қазақстанның көліктік логистикасы: ел экономикасының күретамыры

Қазақстан – Еуропа мен Азияның тоғысқан тұсында орналасқан, көлік-транзиттік әлеуеті жоғары мемлекет. Ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан еліміз үшін жүктерді уақытында әрі тиімді тасымалдау — экономиканың тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.

Бүгінде көліктік логистика күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Дүкен сөрелеріндегі тауарлар, өндіріс орындарына жеткізілетін шикізат, ауыл шаруашылығы өнімдері мен экспорттық жүктердің барлығы белгілі бір логистикалық тізбек арқылы қозғалады.

Қазіргі логистика бұрынғыдай тек көлік пен қоймадан тұрмайды. Бүгінде бұл салада цифрлық технологиялардың маңызы артып келеді. GPS жүйелері көліктің қозғалысын бақылауға, электрондық құжат айналымы рәсімдерді жылдамдатуға, ал автоматтандырылған қоймалар тауарларды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.

Студенттердің шығармашылық қабілетін арттырып, өз ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік беру мақсатында «Әбілқас сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ, «Көлік, логистика және инженерлік экономика» факультеті ЛОГ-26-3 тобының кураторы Қ.Қ.Нұржанова 2026 жылдың 24 қыркүйегінде «Толық адам» білім беру курсының кураторлық сағатында ЛОГ-26-3 топ студенттері арасында «Қазақстанның көліктік логистикасы» тақырыбында эссе сайысын өткізді.

Сайысқа білім алушылар белсенді қатысып, еліміздің көлік-логистикалық саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы өз ойларын ортаға салды. Қатысушылар өз эсселерінде Қазақстанның географиялық орналасуы, халықаралық көлік дәліздерінің маңызы, теміржол және автомобиль көлігінің дамуы, цифрландыру мен жасанды интеллекттің логистика саласына ықпалы туралы жазды.

Эссе жазу барысында студенттер тек өз білімдерін көрсетіп қана қоймай, еліміздің экономикалық дамуы үшін көліктік логистиканың маңызын шығармашылық тұрғыда талдауға мүмкіндік алды.

Сайыс барысында қатысушылардың тақырыпты ашуы, ойының жүйелілігі, сауатты жазуы және өзіндік көзқарасы ескерілді. Мұндай шығармашылық байқаулар студенттердің ізденісін арттырып, кәсіби маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

«Қазақстанның көліктік логистикасы» тақырыбындағы эссе сайысы студенттердің ел экономикасының маңызды саласына деген қызығушылығын арттырып, өзекті мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік болды.

Гүлназира ШАИХОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ