«Әке – асқар тау, әке – пана, әке – даналықтың бастауы».
Халық даналығы
Әркімнің өмірде сүйенер асқар тауы, саялайтын бәйтерегі болады. Мен үшін сондай биік бәйтерек те, ақылшы пана да – менің ардақты әкем Мұсатаев Қадыл Түсіпұлы еді. Биыл әкеміздің бұл фәниден озып, бақилық болғанына да он жылдың жүзі толыпты. Тірі болса, нар тұлғалы әкеміз айналасына шуағын шашып жүрер еді-ау…
Бірақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, әкеміздің артында қалған өнегелі ісі, асыл сөздері мен тамырын тереңге жайған ұрпақтары оның есімін әрдайым сағынышпен еске алады. Нар тұлғалы әкемнің жарқын, өнегелі өмірінен аздап сыр тарқатсам…
Әкем Қадыл Түсіпұлы 1934 жылы Доғалаң ауылының Ақтұмсық деген жерінде өмірге келді. Балалық шағы қиын-қыстау жылдарға тап келсе де, еңбекке ерте араласып, білімге құштар болып өсті. 1941 жылы Калинин мектебінің табалдырығын аттап, 1949 жылы Еңбек мектебін бітіреді. 1953-1955 жылдары Семей ауылшаруашылық техникумын ойдағыдай аяқтап, білікті маман болып шығады. Әкемнің бүкіл өмірі ауылшаруашылығын өркендетуге, туған жердің берекесін арттыруға арналды.
1955 жылы күзде Қызылту совхозында агроном болып еңбек жолын бастады.1958-1963 жылдары Қайнарда есепші және трактор басқарушысы жауапты маманы болып еңбек етті. 1963-1969 жылдары Көкшетауда управляющий (басқарушы) қызметін абыроймен атқарды. 1969-1970 жылдары Қараөлеңде есепші, 1970-1974 жылдары Доғалаңда МТМ меңгерушісі, 1974-1976 жылдары Киікқашқанда агроном болды.
Әсіресе, әкемнің ел есінде ерекше сақталған қыры – жылқы малын баптау мен оны басқарудағы асқан шеберлігі. Талай жылдар бойы (1976-1988 жж., кейін 1994-1999 жж.) жылқы шаруашылығында басқарушы болып, қазақтың қанатты қазынасы – жылқы малының өсіп-өнуіне зор үлес қосты. Сондай-ақ, 1988-1992 жылдары жабдықтаушы (снабженец), 1992-1994 жылдары бес қыстақта жауапты басшы қызметтерін атқарып, 1994 жылы бейнеттің зейнетін көріп, құрметті демалысқа шықты. Үлкен өнегелі әулеттің иесі, адал жар және мейірімді ата болып, баршамызға үлгілі болды.
«Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды».
Әкеміз аяулы анамыз Жұмахметова Мақанмен бірге шаңырақ көтеріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған өнегелі отбасының иелері болды. Анамызға адал жар, балаларына қамқор әке, келіндеріне ақылшы, күйеу балаларына кең жүректі ақылшы пана болған, немере-жиендеріне мейірімі шексіз ардақты ата бола білді. Келіндерін өз қызындай, күйеу балаларын өз ұлындай көріп, босағасын аттаған әрбір жанға төрінен орын беріп, баурына басты.
Ағайын-туысқа, дос-жаранға сыйлы, құда-жекжатты төредей күтіп, сыйластықтың биік тұғырын көрсете білген жомарт жан еді.Әке тәрбиесі мен ұстаздық жолдағы өнегелі сөздері әр кез есімде.
Әкем маған өмірдің ең үлкен сабақтарын берді: даналықты, көрегендікті, сабырлылық пен қанағатшылдықты. Есімде ерекше сақталған бір сәт бар. Ұстаздық жолымды жаңадан бастап, еңбекке алғаш араласқан кезімде, маған бөлпіп берілген төрт сағатты азсынып, әкеме: «Әке, сағатым өте аз болып тұр…» – деп назымды айттым. Соған әкем сабырмен күлімсіреп:«Балам, бұл төрт сағат – басы ғана. Уақыт өткен соң осы аздан көбейіп, көп сағатқа айналады. Әрқашан барға қанағат ет, кеңпейіл бол, адал еңбегіңнің жемісін міндетті түрде көресің», – деп бағыт берді.
Осы бір ауыз сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды. Әкем маған азаматты бағалауды, отбасыдағы сыйластықты сақтауды және мейірімділік пен жомарттықтың мәнін ұқтырды. Шындығында да, бір әкенің берген білімі мен тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтынына көзім жетті.
2016 жылдың 16 қазанында асыл әкеміз 82 жасында фәниден бақиға озды. Арада он жыл өтсе де, әкеміздің жарқын бейнесі, жылы жүзі, даналық сөздері жүрегімізде сайрап тұр.
«Әкесі барлар ешқашан жетімсіремейді, әкесін еске алғандар адаспайды».
Тамырын тереңге жайған алып бәйтеректей әкеміздің өмір жолы мен атқарған істері – бүгінгі ұрпағына, бізге ешқашан өшпейтін үлгі-өнеге.
Әкешім, жаныңыз жәннатта, иманыңыз саламат болсын! Сіз еккен бәйтеректің бұтақтары жайқалып, ұрпағыңыз өсіп-өніп, есіміңізді әрдайым биікке көтере береді!
Бибігүл Қадылқызы ҚАДЫЛ,
Қарағанды қаласы Н.Нұрмақов атындағы ММЛИ-ның
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
