Күз – табиғаттың бояуы қанығып, айнала ерекше бір әсемдікке бөленетін мезгіл. Сары жапырақ сыбдыры, қоңыр салқын самал, молшылық пен берекенің белгісіндей болған алтын түсті табиғат көрінісі адамға ерекше көңіл күй сыйлайды. Осындай тамаша мезгілдің көркін өнермен ұштастырып, жас өрендердің шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында Ақадыр кентіндегі Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен «Алтын күздің әсем әлемі» атты байқау өткізілді.
Күздің көркем көрінісін сахна төріне шығарған бұл шараға елді мекеніміздің бірқатар білім беру ұйымдарының оқушылары белсене қатысты. Байқау барысында жас қатысушылар өздерінің өнерін, тапқырлығын, шығармашылық ізденісін және ұйымшылдығын танытып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Әр команда өзіне тән ерекшелігімен көзге түсті. Қатысушылар күз тақырыбын тек сөзбен айтып қана қоймай, оны сән үлгісі, көркемдік шешім, сахналық қойылым және шығармашылық ізденіс арқылы жан-жақты көрсете білді. Табиғаттың алтын бояуын өнер тілімен жеткізуге ұмтылған олардың әрқайсысының дайындығынан ізденіс пен талпыныс анық байқалды.
Байқаудың басты мақсаты да осында – оқушылардың бойындағы өнерге деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту, өзара ынтымақтастық пен сахна мәдениетін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, шара өз деңгейінде өтіп, балалардың өнерге деген құштарлығын тағы бір мәрте танытты.
Қазылар алқасының шешімі бойынша байқаудың бас жүлдесіне Ә.Ермеков атындағы тірек мектеп (РО) жанындағы интернат мектебінің «Fal Empire» командасы ие болды.
Ал М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің «Сиқырлы күз» командасы «Ерекше сән үлгісі» номинациясымен марапатталды.
Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің «Алтын Ғажайып» командасы өздерінің тың идеясы мен ерекше ізденісі үшін «Креативті» номинациясын иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қуанышында шек болмады. Дегенмен бұл байқаудың мәні тек орын мен марапатта ғана емес. Ең бастысы – балалардың бір сахнада бас қосып, өнерлерін ортаға салуы, өзара тәжірибе алмасып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауы.
Осындай мазмұнды мәдени шаралар жас ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың бойындағы еркіндік, ізденімпаздық, ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Ал сахнаға шығып, көпшілік алдында өнер көрсету – баланың өзіне деген сенімін арттыратын үлкен мектеп.
«Алтын күздің әсем әлемі» байқауы да осындай тәрбиелік әрі танымдық мәнімен ерекшеленді. Күздің көркемдігін өнермен өрнектеген жас өрендер көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды.
Шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, жас таланттардың өнерін шыңдауға мүмкіндік жасаған Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының ұжымына алғыс білдіруге болады.
Өнерлі өрендердің әрбір қадамы – болашақтағы үлкен жетістіктердің бастауы. Бүгінгі сахнада бағындырған белестері ертеңгі өмір жолындағы биіктерге ұласғай!
Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларды құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, толағай табыс және жаңа жеңістер тілейміз!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
