«АДАЛ АЗАМАТ» – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ РУХАНИ ТҰҒЫРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамаларының өзегінде адалдық, еңбекқорлық, білімділік, отансүйгіштік және жауапкершілік сияқты іргелі құндылықтар жатыр. Осы ұстанымдардың мәнін жинақтайтын маңызды ұғымдардың бірі – «Адал азамат». Ресми тұжырымдамада «Адал азамат» заңды құрметтейтін, білімді, отаншыл, жауапты, адал еңбегімен өз орнын табатын азаматтың бейнесі ретінде айқындалған.

Президент бұл құндылықтардың қалыптасуында білім мен тәрбиенің айрықша рөл атқаратынын атап көрсетіп, «Адал азамат» қағидатын өскелең ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланыстырады. 2025-2026 оқу жылынан бастап еліміздің білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп, оның мазмұны «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатымен сабақтастырылды. Бағдарламаның басты мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азамат тәрбиелеу.

Бұл тұрғыдан алғанда, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Заң факультеті, Қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Аманбек Жұқанұлы Машабаевтың саналы ғұмыры мен кәсіби қызметі «Адал азамат» ұғымының мазмұнымен табиғи түрде үндеседі. Оның жарты ғасырға жуық уақытты қамтитын еңбек жолында білімге деген құштарлық, ғылымға адалдық, кәсіби жауапкершілік пен ұстаздық парыз айқын көрініс тапқан.

Жастайынан ізденіске ұмтылып, заң ғылымының күрделі салаларын зерттеген ғалым өзінің бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнады. Қылмыстық құқық пен криминология саласындағы ғылыми еңбектері, ондаған жылдар бойы студенттер мен магистранттарға дәріс оқып, жас мамандарды тәрбиелеуі – оның қоғам алдындағы азаматтық әрі кәсіби жауапкершілігінің көрінісі.

«Адал азамат» ұстанымының маңызды құрамдас бөлігі – адал еңбек. Бұл ретте Аманбек Жұқанұлының ұзақ жылғы ұстаздық қызметі ерекше мәнге ие. Ол тек білім беріп қана қоймай, шәкірттеріне еңбекқорлықтың, ізденістің, кәсіби шеберліктің және өз ісіне жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетті. Ғылыми ізденіс пен педагогикалық еңбекті қатар алып жүруі – осы құндылықтардың өмірдегі нақты көрінісі.

Ғалымның жетекшілігімен оқу үдерісіне инновациялық технологиялардың енгізілуі, кредиттік және қашықтан оқыту жүйесіне арналған оқу-әдістемелік кешендердің әзірленуі де оның заман талабына сай білім беру ісіне деген жауапкершілігін аңғартады. Бұл еңбектер жас ұрпақтың тек кәсіби білім алуына ғана емес, құқықтық мәдениеті мен азаматтық ұстанымының қалыптасуына да қызмет етеді.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүгінгі қоғамға білімді, еңбекқор, мақсатшыл және елжанды азаматтар қажет. Осындай азаматтарды қалыптастыруда ұстаздың орны ерекше. Өйткені білім беру – тек кәсіби маман даярлау емес, сонымен бірге қоғамның болашағын қалыптастыру үдерісі.

Осы тұрғыдан қарағанда, Аманбек Жұқанұлы Машабаевтың өмір жолы – «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатының өмірлік тәжірибемен сабақтасқан көрінісі. Ғылымға адалдық, шәкіртке деген жанашырлық, мамандыққа деген жауапкершілік және елдің құқықтық мәдениетін дамытуға қосқан үлес – ғалымның азаматтық болмысының басты белгілері.

Бүгінде ол зейнет жасына шықса да, ғылым мен білім саласындағы қызметін жалғастырып, профессор ретінде жас буынға өзінің мол тәжірибесін беріп келеді. Бұл – адал еңбектің жасқа қарамайтындығын, қоғамға қызмет етудің ғұмыр бойғы азаматтық парыз екенін көрсететін тағылымды өнеге.

Сондықтан «Адал азамат» ұғымын тек мемлекеттік бағдарлама немесе тәрбие тұжырымдамасы ретінде ғана емес, әр адамның күнделікті өміріндегі адамгершілік өлшем ретінде қарастыруға болады. Ал Аманбек Жұқанұлы Машабаевтың өмір жолы осы ұстанымдардың білім мен ғылым саласындағы нақты көріністерінің бірі деуге негіз бар.

Совет Қапашұлы АЛТАЙБАЕВ,

академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының профессоры, з.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент)