Қоғамдық тәртіпті бұзып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік заңнаманың екі бабы бойынша ер азамат 15 тәулік әкімшілік қамаққа алынды.
Қарағанды теміржол вокзал аумағында қоғамдық орында азамат «А» теміржол вокзалының қызметкеріне әдепсіз сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан және полиция қызметкерлерінің полиция бөлмесіне бірге жүру талабын елемей, оларға физикалық қарсылық көрсеткен.
Оқиға 2026 жылдың 6 қазан айында түнгі уақытта Қарағанды қаласының теміржол вокзалында орын алған.
«А» есімді азамат түнгі уақытта теміржол вокзалындағы жолаушылардың зәресін ұшырып, сол вокзалда қызмет жасайтын қызметкерлерге әдепсіз сөйлеп, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіптің сақталуына кедергі келтірген. Қоғамдық орында мұндай әрекеттерге жол беру- айналадағы адамдардың тыныштығын бұзып қана қоймай, азаматтың өзіне де заң алдында жауапкершілік жүктейтінін ескерген жөн. Әрбір адам өзінің мінез-құлқы мен іс-әрекеті үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс.
Аталған деректер бойынша оның әрекетіне ҚР ӘҚБтК 434 бап «Бұзақылық», 667 бап «құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, сот орындаушысының, сот приставының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» белгілерімен әкімшілік істер қозғалынып, құқықтық баға берілді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – баршаға ортақ міндет. Ал полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындау әр азаматтың міндеті екендігін естен шығармайық!
Қарағанды-Сұрыптау ст .КПБ АСт инспекторы
полиция майоры Ж.Садуакасова
