Туған жер, ұшқан ұя, алтын бесік…

       Туған жердің топырағын жалаңаяғыммен емірене басып, ұшқан ұямның жылуын жан-тәніммен сезініп, алтын бесігіме, сәби кейпіме оралып, тебірене тербеліп қайттым.

       Танауыңды иіскелей аймалар кермек жусанның керемет иісі аңқыған жасыл жайлауымның тұнжыр түніне орандым. Ақсүт сәулесімен ғана себелейтін сынық Айдың дәл төбемнен тағы бір сызыла қалғанын сезгендей болдым. Осынау шексіз әлемнің өзіндей болып, кең, мол құшағына орап алған туған жердің сиқыр сәулесі ойымды он саққа жүгіртіп, әрі тәп-тәтті, әрі улы мұңға толы естелікке сүңгітіп-ақ жібергені-ай. Ойлаудан да бұрын әлдебір белгісіз қуанышты ма-ау, әлдебір әлдиімен уантар әлдекімді ме-ау, әйтеуір елжіреген жүрегімнің ғайыпсынды әлденені күтуі мен тосуын аңғардым. Ол – туған жердің құдыреті мен қасиетін бүлдіршін күйден бүгінгі қариялық қалпыма жеткенше үзілмейтін ыстық аңсауым екен.

…Міне Қарағандыға да жеттік. Поезд жылжып келіп тоқтағанда, он бес шақты тосып алушы іні-бауырларым вагонға лап қойды. Ең алдымен жеткен облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын бауырымның құшағына сүңгідім де кеттім. Өз өлкемнің өңірінің иісін, туған жердің жанға жайлы жұпарын әлгі құшақтан жұтып жатырмын…

Қасымдағы серігім – Сейітжан Сатыбалды ағамыз екеумізді «Арман» шипа жайына орналастырған Ерлан, Қайрат інілерім бастаған жерлестерімді әрең-әрең шығарып салып, ем-дом алуды бастап та кеттік. Шипажай директоры Төлеутай Смайылов процедуралардың бірінен соң біріне жетектеп жүріп өткізумен болды.

Сөйтіп емделуге кірістік те кеттік.

Қаламгер бақыты – өзіңді оқырмандарыңның тануы, іздеуі, құрметтеуі ғой. Сол қошеметке жүз елу емделуші іні-бауырлар мен қарындас-қыздарымның жолымды тосып, қолымды уыстап, құшағына басып, суретке бірге түсуіме рұхсат сұрап, үзіліп-тізіліп тұратынын көрген сайын өзім де иіліп, бүгіліп, алдарына түсіп, көңілдерінен табылып, қошеметтеріне қошуақ танытумен болдым.

Күн сайын қойын сойып, табақ-табақ етін, бауырмалдық ниетін көрсетіп, ағылып-төгіліп жеткен ағайын-туыстың ағеділ пейілдеріне тойып та, толып та отырып, шаршағанымды да елемейтін күй кешкенімді, достарым, өздеріңнен неге жасырайын.

Әсіресе «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы Ерсін Мұсабековтің көлдей табаққа маған арнап сойған қойының басымен жамбасын, сарыла қазысы мен жаясын, Жаңарқадан алғызған бес литр қымызын қос қолдай көтеріп келіп, иығыма мақпал шапанын жапқанында, сол Ерсін інімнің үш күннен кейін елу жасқа толатынын білмегеніме өкіндім. Кеште болса, «Жүйрік қаламың жүйткуінен жаңылмасын «Ат-атағың аспанның өрінде дамылдасын. Шығармашылығын, Ерсінжан, өрісті болсын. Еңбегің жемісті һәм жеңісті болсын!» деп берген аталық батамды қабыл ал демекпін.

Аталап келіп, ағалап құшағыма енген іні-қарындастырмның ақжарқын көңілдерінің шуағына бөленген шипажайдағы жеті күнді артқа тастап, Қарқаралыға жол тарттық.

Жүйткіген машина қаланың уысынан шығып, кең даламен аңырата жөнелгенде ондаған жылдар бойы облысымның әкімдеріне өксіген өкпемнің өкінішін ұмытып, жүдеген жанымның жалындап түлегенін анық сезіндім. Өзім деп өзегіме өзенімен сылдырай еніп, сағынған сайын далам самал лебімен бетімді аймалағанда, дүниеге қайта туғандай, елжіреп, еркелеп сағымымен жуынғандай періштедей перзент қалпыма сүңгіп кеткенімді қалай ұмытармын…

… Алыстан бұлдырап қана көрініп, жанарымды суырып тұрған менің ұлуғ анам Қарқабат – Күнай бастауым оң қолын кеудесіне төсеп, аңсап жеткен ұлын, перзентін күлімсіреп қарсы алды.

Көліктен түсіп, жоғары шапшыған тепкішектермен еңсемді тіктеп, аяғымды аңсамай нық-нық басып, өрлеп жетіп, алып анамның, аңыз анамның мүсініне құшағымды жая, еміренген, тебіренген жанымның ыстық қаны дуылдай тасыған маңдайымды тоса қойдым.

Көзімнен аққан жасым кеудеме құйылып, жүрегімді жуындырып, өкпешіл өкініштен, құрмет-қошемет аңсатқан күйініштен аршып алғанын түйсік-түсінігіммен сезіндім.

Арқаландым. Марқайдым. Мерейлендім.

Ұлы Анамның өзіме ғана сыбырлаған үнін естідім.

 

Қиналсаң да, ұлым, зорлық жұтынып,

Күтеді алдан алыс арман, құт үміт.

Халқың бар да қабақ шытып, қайғырма,

Мұң шырмаудан босанасың құтылып.

 

Жаз, ұрпағым, қанға малып қаламды,

Даудан – ерді,

Жаудан қорғап Далаңды.

Тарихта сен қаласың мәңгілік

Күншіл емес,

Ел береді бағаңды!

 

Менің ернім де күбірлеп ала жөнелді.

 

Күн, Айсың

Қасиетті Анам менің!

Киелім!

Өр бастауым!

Ауам, демім

Тап-таза жүрегіңнен жаратылғам,

Ән, жыр боп келіп тұрар жауам дегім.

 

Ұлы Анам

Аруағыңа бас ұрамын.

Анамнан асыл әнім, тасығаным.

Жасқантбай жаналғышқа қарсы айдаған

Қорғаным,

Қасиетім,

Хас ұраным!

 

Сол қызулы леппен, өрекпіген жүрекпен екі аяғымды теп-тез жалаңаштап, туған жердің топырағының жылуын табаныма сорғызып, мүсінді үш айналдым. Іштей еңіреп қалып, емірене табынып, еңкейіп маңдайыммен жер сипап, ыстық топырақтың бір уысын орамалыма түйіп алдым.

Төменде Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов бастаған қарсыалушылардың тағы да құшақтарына оралдық. «Салтанат» ән-би ансамблінің ұлттық киім киінген әсем қыздарының қолдарынан дәм-тұз татып, қымызға қанып, жолымызды әрі жалғастырдық.

«Жолжақсы» демалыс үйінің самырсын қарағайынан қиып салған люкс бөлмелеріне жайғастырған сол саяжайдың иесі Бақтыбай Жүнісов, бата жасатып, қой сойып, қазақтың ұлттық тағамдарының түр-түрімен өзімізді де, көзімізді де тойдырып тастады.

Ертеңіне Қарқаралы қаласын аралатты. Құнанбай мешітіне кіріп, дұға бағыштадық. Аудан музейінде болып, кітапханада оқырмандармен кездесу өткіздім. Осы үш күнде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев інім орынбасары Ерланға: «Софы ағамыздың қасында бол. Шаршатып алмай, көңіл күйін көтере біл!» деп тапсырған шаруасын Ерлан бауыр мен Ерланның жұбайы, менің сүйікті де сүйкімді Шынар келінім артығымен орындап, қолдарынан келген бар мүмкіндіктерін жасады.

«Қарқабат анамыздың тамаша мүсінін «Мейрамсопы – Қарқабат» дастанымен жасаған негізгі авторы Софы Сматаев ағамыз ғой!» деп кітабына ерекше таңбалап жазса да, осы ғажайып ескерткішті қаржы-қаражатын жұмсап, әдемілеп орнатқан Бәкең (Бақтыбай) ініме басымды ие бергім келетінін, достарым, түсінетін шығарсыздар.

Сейітжан аға екеумізге екі ат мінгізген Бақтыбай бауырымды бауырға басып қоштасып, Қарқаралыдан Қарағандыға ат басын түзедік.

Ерлан  мен Шынар рульді кезектесіп ұстап, қалаға жеттік. Тойханадан дәм татып, аэропортқа әкелген Ерланжан бізді самолетке отырғызып, қол бұлғап қала берді.

«Ақ жол болсын!», «Сапарыңыз сәтті болсын!» деп ақ ниеттеріңді алдыма төсеп, шығарып салған достарым-ау, осы жолғы сапарым шын мәнінде ақ жол болды. «Төрт тойымда да елеусіз қалып, туған облысымнан жамбас басар төрт дөңгелек бір бұйырмапты» деген өкпем Ермағанбет, Бақтыбай, Ерлан, Ержан, Мұхит, Жақсыбек, Ерсін, Қайрат, Төлеутай, Әділжан, Досым, Сайлау, Шыңғыс інілерімнің, Шынар, Жанна, Мақпал, Сәуле, Нұргүл, Саяжан қарындастарымның көлдей көсілген көңілдерінің астында қалды. Елімді тауып, танып қайттым. Ерін елі ардақтап қалды.

Елі бардың Ері бар екен.

Ілгері оздырар төрі бар екен.

Соған мәзбін. Соған ырзамын.

Софы СМАТАЕВ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *