Еңбегімен белестерді бағындырған

Адамның көркі – адал еңбек. Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттердің бірі. Нағыз еңбексүйгіштік адамға өлшеусіз абырой әкеледі және көпке үлгі болуға жолын ашады. Адам  еңбек арқылы тәрбие алады, өзін де, өзгені де еңбек арқылы таниды. Адал еңбектің арқасында өз ортасында сыйлы, қадірлі тұлғаға айналады. 

Ал енді, еңбек етумен қоса қоғамдық жұмысты белсенді түрде қатар жүргізіп, қазақтың тарихы мен салт – дәстүрін дәріптеуде, шежіресін түгендеуде зор үлестерін қосқан адамдар да аз емес. Солардың бірі болған бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері Сламбеков Қасқырбай Жақыпбекұлы.

Қасқырбай Жақыпбекұлы 1950 жылы Қарағанды облысы,  Шет ауданы, Мойынты станциясында дүниеге келген. Кәрсөн – Таңыбай  руының Бапақ атасынан тарайды. Таңыбай батыр Бекназарұлы (1670–1755) – еліміздің  тарихи тұлғасы, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен, Орта жүз құрамындағы Арғын тайпасынан шыққан батыр. Қалмақпен соғысқан аласапыран жылдары үш жүзден аса қол, кейін келе бес мыңдай жасақты басқарған ер Таңыбай үзенгілес достары Тарақты Наймантай батыр, Тобықты Қараменде батыр, Тарақты Орақ батыр, Керней Жарылғап батыр, Тарақты Байғозы батырлармен бірге жауға қарсы тұрған.

Қасекеңнің бүкіл балалық шағы туған ауылы Мойынты кентінде өтеді. Бала кезінен үлкен қариялардың, әкелерінің аңыз әңгімелерін, түрлі оқиғаларын тыңдап өседі. Әсіресе өз елінің шежіресі, оның ішінде есімдері ел ішінде кең тараған би-болыс, батыр, ақын-жазушы, әнші-күйшілер туралы әңгімелер оны қатты қызықтырады.  Содан болар, жас кезінен бабаларының атын шығарсам, олардың ерліктерін, халыққа  сіңірген еңбегі мен жақсылықтарын қазіргі ұрпаққа жеткізіп, паш етсем деп армандайды. Сол бала кезіндегі мақсаты кейіннен іске асады да.

Арманы асқақ Қасқырбай Жақыпбекұлы орта мектепті бітірген сәтте теміржолшылар бекетінде тұрғандықтан осы саланың мамандығын таңдайды. Целиноград қаласындағы теміржол техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады.

Алғашқы еңбек жолын 1972 жылы өзінің туып-өскен мекенжайындағы техникалық қызмет көрсету (ПТО) мекемесінде аға бақылаушы мамандығынан бастайды. Бала кезінен мейлінше пысық, жұмыс десе жанып тұратын жас маман өзінің тікелей функционалдық міндеттерін, басшыларының тапсырыстарын  мүлтіксіз, сапалы түрде орындап отырады.

Мойынты тораптық станциясының мекемелері үш айрықта – бір жағы Астана – Қарағанды, екінші жағы Алматы – Шу, үшінші жағы Балқаш – Саяқ бағыттарында жолаушы және жүк тасымалдайтын пойыздарының қауіпсіз жүріп өтуіне жауапкершіліктерін алады. Ал техникалық қызмет көрсету мекемесінің еңбеккерлерінің негізгі атқаратын жұмысы күндіз демей, түн демей, тәуліктің уақытына қарамай вагондардың ақауын тауып, оны жөндеп жіберуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, станцияның үстімен өтетін пойыздардың баратын  жерлеріне дейін бұзылмай жету үшін жол қозғалысының қауіпсіздігіне кепілдік береді.

Уақыт өте Қасекең елдің көзіне түсіп, ұжым мүшелерінің, ауылдастарының беделіне ие болады. Қызмет етіп жүрген мекемесінің, ол аздай бүкіл кенттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Сол уақытта әркімді қатарына қабылдай бермейтін Коммунистік партиясының мүшелігіне  өтеді.

Кейіннен 1983 жылы еңбектен қол үзбей Ақмола қаласының теміржол институтын да ойдағыдай тәмамдап жоғары білім алып шығады.

Кезінде Мойынты кенті Ақадыр ауданының ірі елді мекеніне жатты. Сондықтан әрине, сол жердегі бастауыш партия ұйымы да ауданның іргелі ұйымдарының бірі болғаны айтпаса да түсінікті. Партиялық комитетті басқару кез келген адамға тапсырылмайтын. Кенттің тарихында партком хатшысы болып станция мекемесінің бастығынан төмен лауазымында болатын адам сайланбайтын.

Алайда, 1986 жылы күз айында бұл дәстүр бұзылып, бұрын-соңды болмаған жағдай болды, кенттің партком секретарлығына  партияластары Қасқырбай Жақыпбекұлын сайлады. Әрине, бұл жерде Қасекеңнің еңбекқорлығы, өз ісіне деген тиянақтылығы, қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі, халық арасындағы беделі үлкен рөл атқарғандығы сөзсіз. Сол партиялық ұйымды бес жыл бойы алпауыт Кеңес үкіметі, сонымен бірге бүкіл әлемге белгілі болған Кеңес Одағының Коммунистік партиясы тарағанға дейін атқарып келді.

Қасекеңнің бала кезіндегі арманы ойынан ешқашан кетпеді. Жасап жүрген жұмысымен, тіршілігімен қатар бабаларын ұлықтау, олардың қазақ халқына сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатын іске асыруда біршама әрекеттер жасап жүрді.

Ең алдымен өзінің тікелей бабасы Ершіман байға ас беру шарасымен айналысты. Асты ұйымдастыру барысында 1991 жылы Жезқазған облыстық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Медиев Қасымбек Медиұлына ақыл қосуға барып қайтты. Жерлесін құшақ жая қарсы алған облыс басшысы:

– Қасқырбай, мұндай асты сен Шет ауданында бірінші болып бастағалы отырсың. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақал бар. Бұл үлкен жауапкершілік, осындай бастаманы көтеріп, басы-қасында жүргенің үшін саған рахметімді айтамын, – деп батасын берген екен.

Сол жылы қазақ елінде қиын-қыстау кезең болса да, Қасекең ағайын-туысымен бірлесіп Шешенқара жерінде Ершіман байға үлкен ас берді.  Үлкендердің ризашылығын, батасын алды.

Ендігі кезекте әйгілі Таңыбай батырға ас беру міндеті тұрды. Өйткені, еліміздің азаттығы үшін күрескен, аты аңызға айналған бабасының 330 жылдығы келе жатты.

Қасқырбай Жақыпбекұлы батыр бабасының ерлігін насихаттауда көп еңбек сіңірді. Бұл жерде ұлы Алмаздың есіне түсіруі бойынша, әкесі ең алдымен бауырларын ертіп түркі елі үшін қасиетті жер болып саналатын – Түркістан  қаласына барады. Құрамында өзінің ауылынан Ескендір, Бөрібай, Нұрсұлтан, Сенбай, Қанат, Тараздан Нұрлан, Астанадан Асқар Сәрсенбеков, Сарышаған станциясынан Түсіп, Қайрақты ауылының имамы Мағжан ағалар және Бішкектен бірнеше бауырлары, тағы басқалары болды. Барған жерде Таңыбай батырға, баласы Жаманқұл батырға құран бағышталады, арнайы мал сойылып құдайы ас беріледі.

Қасекең Таңыбай батырға арнап дастан жазуға кіріседі. Күндіз жұмыста болғандықтан түні бойы отырып жазуға тура келеді. Сол шығармашылық еңбегі батыр бабасы туралы алғашқы жазбалардың бірі болған еді. «Ер Таңыбай» атты дастаны арнайы кітапша болып шығады.

Марқұмның үлкен ұлы Алмаз Қасқырбайұлы әкесі туралы естелігінде:

– Әкеміз күні бойы жұмыста болса да, кешкі 7-8-ден бастап түнгі  3-4-ке дейін «Ер Таңыбай» атты дастанын жазумен шұғылданатын. Ол үшін ол батыр бабамыз, руымыздан шыққан басқа да әйгілі тұлғаларымыз туралы деректер жинап, ауылдағы тарихымызды, шежіремізді білетін үлкен қарияларға жолығып, мәліметтер алудан жалықпайтын. Түскі, кешкі астарға бәріміз жиналғанда сол білетіндерінің барлығын бізге айтып беріп отыратын, – деп айтты.

Қасекең әрі қарай елмен бірге Мойынты кентінің көшесіне бабасының атын бергізуге атсалысады. Ол үшін жерлестерімен бірге жалпы жиналыс өткізіп, арнайы қаулы қабылдап, ұсыныстарын аудан орталығына жібереді. Нәтижесінде елді мекеннің орталық көшелерінің біріне Таңыбай батырдың есімі беріледі.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегендей, ауылдастарымен біріге отырып Сарышаған станциясынан Мойынты кентіне қарай шыға берісте Таңыбай батырдың есімі жазылған үлкен белгітас қойылады. Екінші белгітас Мойынты кентіндегі әкімдік ғимаратының оң жағында орналасқан.

2000 жылы тамыз айында батырдың мерейтойына орай Мойынты кентінде үлкен ас берілді. Асқа Қазақстанның түпкір-түпкірінен, көршілес Қырғызстан елінен батырдың ұрпағы келді. Барлығы 52 киіз үй тігілді. Аламан бәйге, тай жарысы, қазақ күресінен біріншіліктер ұйымдастырылды. Құран оқылып, қонақтарға ас ұсынылды. Ұйымдастыру алқасының жұмысын Жұмахан Серіков, Қуантай Тоқабаев, Рахметолла Байғазинов және Амандық Серіков басқарып жүрді. Әрине, солардың бел ортасында басшының бірі болып Қасқырбай Сламбеков те жүрді.

2008 жылы Қасекең Рахман інісімен екеуі Түркістанға тағы барды. Сол жолы Таңыбай батыр және оның баласы Жәутік батыр туралы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің мұрағатынан нақты деректер тауып, екеуінің сол жерде жерленгенін дәлелдеп қайтты. Көп ұзамай батырлардың есімі кесененің ішіндегі Көктасқа ойылып тұрып жазылды.

Қасқырбай Жақыпбекұлы  2011 жылы 61 жасында көпке созылған науқастан кейін жарық дүниемен қоштасты.

Қасекеңнің өмірлік жұбайы Құндыз Әуеспекқызы, еңбек жолын мектепте ұстаздыққа арнаған. Руы Қуандықтан тарайтын Алтай – Нұрбай. Бабасы Нұрбай жоңғар шапқыншылығында қазақтың белгілі қолбасшысы – ірі  батырларының бірі болған. Есімі Алтай тайпасы жауынгерлерінің ұранына айналған. Алтайдың шежекөзі сол кісіде қалған дейді. Осыдан біршама жыл бұрын Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында батырға арналып үлкен ас берілді.

Мен аудандық партия комитетінде қызмет атқарып жүргенде іссапармен Мойынты кентінде жиі болып, Қасекеңнің шаңырағынан талай дәм татып едім. Сонда Құндыз апамыз «Бауырым келді» деп жаны қалмай ақ дастарханын жайып, қонақ етіп күтетін. Қазіргі уақытта жасы 74-те, Қарағанды қаласында үлкен ұлының қолында тұрады.

Қасекең мен Құндыз апамыз үш бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 5 немерелері бар.

Үлкендері қыз бала – Фатима, күйеу балалары Мұрат. Түркия елінің Стамбул қаласында тұрады. Эфе есімді бір ұлдары бар.

Ұлдың үлкені – Алмаз, Қарағанды қаласының теміржол саласында еңбек етеді. Зайыбы Гүлнұр екеуі Нұраят, Аянат, Нұрсұлтан есімді балаларын тәрбиелеп өсіріп отыр.

Кіші ұлдары – Олжас Астана қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Зайыбы Аяулым екеуінің Заңғар есімді ұлдары бар.

Өзінің мағыналы, мақсаты айқын ғұмырында теміржол саласында аянбай еңбек етіп, өзінің әріптестеріне, кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген, онымен қоса бабаларының атын шығаруда, олардың елі мен жері үшін көрсеткен ерліктерін, халыққа жасаған жақсылықтарын қазіргі ұрпаққа жеткізген, бала кездегі армандарын іске асыра білген Сламбеков Қасқырбай Жақыпбекұлы осы қалпымен қалың елдің есінде қалғаны сөзсіз.

Әрбір адам еңбегінің арқасында ғана биік белестерді бағындырады. Соның бір дәлелі – Қасқырбай Жақыпбекұлының өмір жолы десек артық айтқандығымыз емес. Ел әулетінің өсіп-өркендеуіне, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына саналы өмірін арнап, ел қадіріне селкеу түсірмеген атпал жандардың бірі – осы Қасекең!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *