Қарағандыдағы кәріз желісі жарты ғасыр бұрын салынған

Қарағандыда кәріз желісін жаңартуға күш салынбақ. Қазір қаладағы желі әбден тозып тұр. Яғни жарты ғасыр бұрын салынған құбырларды жаңарту қажет. Бүгінде төрт коллекторды жаңғырту және кәріз-сорғы стансасын салу бойынша жобалар дайын. Биыл құрылыс жұмыстары басталмақ.

Өңірдегі коммуналдық жүйенің проблемасын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы кеңес отырысында айтқан еді.

– Бізде су тарату жүйесіне қатысты проблемалар бар. Нысандардың салынғанына елу жылдан астам уақыт өтті. Бұл мәселемен тыңғылықты айналысатын кез келді. Сондай-ақ биыл қала тұрғындарын жүз пайыз орталықтандырылған су беру жүйесімен қамтамасыз ету міндеті тұр, – деді аймақ басшысы.

Қазіргі таңда бюджет қаражаты есебінен №19 кәріз коллекторын және Совхозная көшесіндегі желіні жаңарту жоспарланып отыр. Ал бас коллектор мен КСС-13-тен келетін қысымды коллекторды жаңарту жұмысын «Қарағанды Су» ЖШС қаржыландырады. Сонымен қатар, бюджет қаражатына «Панель-Орталық» ықшамауданында кәріз-сорғы стансасын тұрғызу көзделіп отыр.

Тұрақты жылумен жабдықтау мәселесі де өзекті. Себебі облыс орталығында құрылыс қарқынды жүріп жатыр.  Былтыр үшінші жылу шығарғыштың құрылысы аяқталды. Бұдан басқа бес ауқымды жоба іске асырылды.

Енді жалғаушы жылу магистральдарын және ЖЭО-3-тен ОТТБ-1-ге дейінгі 1-ші кезекті қайта жаңарту жоспарлануда.

Сонымен қатар Төреқұлов пен Оңдасынов көшелерінде, Сахалин кентінде жаңа су құбыры желілері салынды. №6 су құбыры қайта жаңартылды. Қала әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, сумен жабдықтауды жақсарту үшін басқа да жобалар жүзеге асады.

– №22 су таратқышты қайта жаңарту жалғасады. Жаңа және Ескі Тихоновкада су құбыры желілерін, бұдан бөлек қаланың 16 жергілікті су құбыры желілерін салу жоспарланған. Линейная, Литвин көшелерінде, 2-ші орамда су құбыры желілерінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.

Су-кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары тоқтамайды. Былтыр Мұнай базасы ауданындағы жеке секторда нөсер кәрізінің құрылысы аяқталды. Бұл көктемгі су тасқыны кезінде су басу мәселесін шешеді.

«Қарағанды Су» компаниясының инвестициялық бағдарламасы аясында Әлихан Бөкейхан ауданындағы №2 сорғы станциясы мен кәріз желілерін қайта жаңарту жүргізілуде.

Аудандардағы жұмыс та қарқынды. Бұқар жырау ауданында биыл сапалы ауызсу мәселесін толық шешу көзделген. Бес ауылда тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Аудандағы халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 99 пайызды құрап отыр. Жергілікті билік бұл межені 100 пайызға жеткізуді көздейді. Былтыр Ақжар, Астаховка, Доскей, Трудовое, Аюлы, Алабас ауылдарында және Қушоқы кентінде су құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Ескі Тұзды, Стан және Севан ауылдарында суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылады. Жаңаауыл және Бірінші май ауылдарында су құбыры желілері жөнделеді. Осылайша, жыл соңына дейін ауданның барлық елді мекенін таза ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *