Қарағанды облысында мектепке дейінгі білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Биыл Балқаш, Қарағанды және Теміртау қалаларында үш жаңа балабақшаның құрылысы басталады. 2029 жылға дейін 2 жастан 6 жасқа дейінгі барлық баланы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жоспарланған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тамыз конференциясында осындай міндеттеме жүктеді.
Бүгінде облыста аталған жастағы балалардың 89 пайызы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 90,9 пайызға жетпек.
— Қазіргі таңда аймақта 413 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр, онда 39 мың бала тәрбиеленуде. Жыл басынан бері бес балабақша ашылып, қосымша 851 орын пайдалануға берілді. Жаңа орындар ашу жұмыстары жалғасып жатыр, – деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов.
Биыл Қарағанды облысы мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыруды енгізу бойынша республикалық жобаға қосылды. Қарағанды қаласындағы 120 балабақша толықтай осы жүйеге көшті.
— Қалаларда балабақшаға деген сұраныс әлі де жоғары. Сондықтан жаңа балабақшалар салуға және инфрақұрылымды дамытуға айрықша назар аудару қажет. Осы орайда Балқашта «Қазақмыс» компаниясының қолдауымен 280 орындық балабақшаның құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ биыл Қарағанды мен Теміртауда да балабақша құрылысына кірісу қажет. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін үш жылдық бюджетке мектепке дейінгі ұйымдардың жаңа желісін дамытуға бағытталған нақты жоспарлар мен іс-шараларды енгізу керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысының тапсырмасымен биыл SabiDamu ақпараттық платформасы іске қосылды. Жүйе мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың даму деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта платформада 207 қолданушы тіркелген, 782 балаға тестілеу жүргізілді. Сондай-ақ 274 кеңес беру пункті ашылып, тәрбиешілер мен ата-аналарға балаларды мектепке дайындауға жәрдем көрсетіліп, мектепке дейінгі және бастауыш білімнің өзара сабақтастығы қамтамасыз етілуде.