Конфессияаралық түсіністікті нығайтудың маңызы зор

Астанада өткен Әлемдік діндер лидерлерінің VIII cеъезінде кез келген дағдарысты еңсеру үшін адамгершілік қағидалары мен моральдық өлшемдер ұстанымы алдыңғы қатарға шығуы өте орынды. Сонда ғана қазіргі мейірімсіз адамдар санасын өзгертуге болады. Бүгінде әлемді жайлаған рухани жұтаңдық адамдардың қырылып-жойылуына жол ашты. Сондықтан, әрқайсымыз адамзатты сақтау идеяларына қызмет етуге ұмтылу аса маңызды. Қазақ этикасындағы басты құндылықтардың бірі төзімділік екені баршаға аян. Төзімділік тек саяси ұстаным ғана емес, оның діни, этностық, татулық, сыйластық тағы басқа қырлары бар.

Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы ислам шеңберінде дамығаны белгілі. Ауыз әдебиетіміздің бай мазмұнынан да мұндай көзқарастарды табу қиынға соқпайды. Қазақ халқы төзімділіктің бір  мәнін «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген мақал танытады. Осыған ұқсас мағынаны «Сабыр түбі – сары алтын» деген мақал береді. Бұл жерде де қиын істің бәрін сабырлылықпен, төзімділік танытып, ашуға берілмей шешу қажеттілігі көрсетіледі. Яғни, қазақ халқының мақал-мәтелдері төзімділікке үндейді.Ислам діні ең алдымен татулыққа, бейбітшілікке шақырады. Ал бүгінде дін атын жамылған кейбір ұйымдар экстремистік әрекетке бейім.Осының әсерінен базбіреулер ислам – бейбіт дін екенін әсте мойындағысы келмейді. Мұндай жайттар кей жағдайларда дін өкілдеріне қатысты негізсіз теріс пікір туындатуда. Ислам өмірге келісімен өзі туындаған өлкенің географиялық орналасуына сәйкес иудейлермен және христиандармен қажетті байланыс орнатты. Бұл байланыстар әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Астанада өткен дін басшыларының бас қосуы  ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық беруде. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды іздеу өте қажет. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор екендігі баршаға мәлім.

Дін басшылары съезде  сөйлеген сөздерінде гуманизм идеалдары мен берік рухани құндылықтарды ілгерілетуге шақырды. Алайда, ашығын айту керек,  жаңа технологиялар адам өмірінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Мәселен, цифрлық коммуникациялар, интернет пен әлеуметтік желілер бүкіл жер шарындағы адамдар арасындағы сыйластық шекараны бұзып жатқандығы жасырын емес. Цифрлық технологиялар қоғамда түрлі қайшылықтар тудыруда.

Сондықтан жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек. Жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды.    Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады.

Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Тоқаев: «Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе  санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды» деп ерекше атап өтті. Рас, жаңа жүйенің қауіпсіздігі адам өмірінің абсолютті құндылығы, бір-бірінің мүдделерін құрметтеу, өзара көмек, ашықтық, теңдік және әділдік сияқты қағидаттардан құрылады емес пе.

Қасым-Жомарт Тоқаев Съезге қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан дамудың конструктивті мәселесін өңірлік және жаһандық деңгейде жан-жақты ілгерілетуге елеулі үлес қосатынын айтты. Ал еліміздің ішкі мәселесінде бірлік, ынтымақ және тиімді диалог негізгі басымдық саналатындығын жеткізді.

Жалпы, Астанада өткен съездің басты ерекшелігі – тек пікір алмасуда ғана емес, Қазақстанның нақты шешімдер қабылданатын халықаралық мінберге айналғандығында. Мұнда көтерілген мәселелердің ауқымы кең: конфессияаралық өзара түсіністікті нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу, мәдениеттер арасындағы көпірлерді жалғау, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосу.

 Нұрдаулет ӘЛМҰХАНОВ,

                                                 Астана қаласы ішкі саясат басқармасының 

                                                 бастығы