Қарағанды қаласында орналасқан Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінде ерекше тұлға әскери борышын өтеп жүр. Ол — Ақтөбе қаласында орналасқан белгілі сатиралық «Екі езу» театрының актері, жас өнерпаз Саяхатов Самғат Саяхатұлы.
Самғат бала кезінен сахна өнеріне қызығып, әзіл мен сатираны өмірінің бір бөлшегіне айналдырған. Ол көрерменге шаттық пен күлкі сыйлау арқылы қоғамдағы түрлі құбылыстарды жеңіл юмормен жеткізуді мақсат еткен. Дегенмен, Отан алдындағы борышын өтеу — әр азаматтың парызы екенін түсінген жас актер әскери қызметке шақырту алған сәтте бұл міндетті зор құрметпен қабылдады.
Қазіргі уақытта Самғат Саяхатұлы әскери бөлімдегі мәдени-бұқаралық жұмыстарға белсене қатысып жүр. Ол жауынгерлер арасында өнерге қызығушылықты арттырып, рухани тәрбие мен патриоттық сезімді нығайту бағытында үлгі болып келеді. Өзінің сахналық тәжірибесін пайдалана отырып, әріптестерімен бірге шағын театрландырылған көріністер мен әзіл қойылымдарын ұйымдастырады.
Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарының айтуынша, Самғаттың белсенділігі мен жауапкершілігі әскери тәртіпке де, ұжымдық рухқа да оң әсерін тигізуде. Ол әрдайым серіктестерін көтеріңкі көңіл күйге бөлеп, ұжымда достық пен ынтымақты нығайта біледі.
— «Өнер мен әскери тәртіп — екеуі де үлкен жауапкершілік пен ерік-жігерді талап етеді. Мұнда да сахнадағыдай әр қимыл мен сөздің мәні бар. Ең бастысы — тәртіп пен ұйымшылдық», — дейді Самғат Саяхатұлы.
Жас сарбаздың айтуынша, әскери өмір оны тәртіпке, сабырлылыққа және нақты мақсат қоя білуге үйретіп келеді. Болашақта қызметін абыроймен аяқтап, сахнаға жаңа жігермен оралуды жоспарлап отыр.
Осылайша, сахна мен саптағы өмірді ұштастырған Самғат Саяхатұлы – жас ұрпаққа үлгі болар азамат. Оның мысалы – өнер адамы да, әскери қызметші де ел игілігі үшін аянбай еңбек ете алатынын дәлелдейді.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі