Зерделі ғалым, ұлағатты ұстаз

Елеужан Серім-тегі! Есім-сойы елге танымал бұл азаматты бұрыннан білемін. Бізден сәл үлкендігі бар, оқуды да бұрын бітірді. Бірнеше мамандықтың иесі Елекеңнің өмір парағы да өзгеше. Еңбек өтілі де ерекше. Бүгінде алпысты алқымдаған ағамыздың өмір жолы мен шығармашылық еңбектері кейінгі толқынға үлгі-өнеге боларлықтай екен. Басынан бастасақ, кейіпкеріміздің ғұмырдариясы мынадай:

Елеужан Елемесұлы Серімов – Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. Шыққан тегі: Күші жүз – Әлім – Төртқара – Сексен – Тұғыр – Өмірзақ.

«Туған жердің топырағы» деген ұғым бар. Ол үшін Арал атырабынан асқан сұлу жер жоқ. Өзі солай дейді. Шөлейтке ұласқан ақ шағыл құмы, еңсесі түскен сары шашты ақ селеуі, иісі мұрынды жарып аңқыған жусаны, елеңдеген ебелегі, ызыңдаған итсигегі, бұйрат құмына сүйенген шырпысы мен ыстығына бауырын басқан адыраспаны, түйе сүйсінер жантағы – бәрі-бәрі тым көркем. Аптапты даланың да қадір-қасиеті, өзгеше бітімі, бейне-болмысы ерекше бөлек болады. Жері сортаң, қысы қытымыр, жазы аптап, ыстық, табиғаты қатал шөлейтті аймақ болса да – бұл өлкенің бөлекше бітім-жаратылысын, екінің бірі аңғара бермейтін әсемдігін сезіну үшін туған жерге төл перзенттік көзбен қарау керек. Адам бойындағы мінез-құлық, тектілік қадір-қасиет туған жерден даритыны анық. Оның мінезінде көнбістік, шыдамдылық, төзімділік, сары алтындай сабырлылық болса, сол қасиетті Аралдан жұққан жұқана.

Буыны Аралда бекіді, топшысы сонда қатайды, бал дәурен балалық шағы сонда өтті. 1970 жылдары әкесі мен анасы Сарыарқаның қақ төрінде орналасқан Теміртау қаласына көшті. Ондағы үлкен зауыт аталатын Кармет комбинатында жұмыс істейтін жерлестері көп болып, солар шақырған еді. Ол да әкесінің жолын қуып, әскер қатарынан келген соң үлкен зауыттың тұрбалары бойында жұмыс істеді. Мектеп бітіргеннен бес жыл кейін барып мамандығын таңдады.

1987 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін бітіріп, филолог атанды. Мектептерде мұғалім болды. Бірақ қаламын қолдан түсірген жоқ.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Теміртауда «Қазақ тілі қоғамы» құрылып, соның белді мүшесі болған Елекеңнің туған тілдің түтінінің түзу ұшуында еңбегі баршылық екеніне де қанықпыз. Қазақтар 3 пайызын құраған, орысы ормандай сол қалада алғаш рет қазақ тілінде «Замандас» атты тілдей газетті сол шығарды. Жалғыз өзі. Өзі редактор, өзі хатшы, өзі тілші, өзі фотокорр. Кейін бұл газет толыққанды «Құрыш қала», «Теміртау» аталды, Оның тізгінен танымал журналист Аманжол Ақын, одан соң Руза Алдашевалар ұстады. Теміртау қалалық радио торабының қазақ тілінде сөйлейтін алғашқы редакторы болды. «Құрыш» әдеби бірлестігінің мүшелерінің шығармашылығы жөнінде дүркін-дүркін келісті мақалалар жазды.

Одан кейін түпкілікті заң кеңістігіне бет бұрды. 1997 жылы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Бейсенов атындағы Қарағанды жоғары мектебін сырттай оқып тәмәмдады. Ендігі мамандығы: құқықтанушы, заңгер.

2005 жылы ғылыми еңбегін қорғап, заң ғылымдарының кандидаты атанды. Таратып айтсақ, 1992-2017 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Б.Бейсенов атындағы Қарағанды жоғары мектебінде (бүгінгі Академия) оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, оқу-әдістемелік бөлім бастығы, ғалым хатшы лауазымдарда ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Осы жылдар ішінде Қарағанды «Болашақ» академиясында жоғарыдан кейінгі білім беру бөлімінің басшысы болып та қызметтер атқарғанын да айта кетуіміз керек. Қазір зейнетке шықса да бұрынғы Қарағанды академиясынан қол үзбей, ондағы ғылыми зерттеу институт орталығының ғылыми қызметкері, кафедра меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. Запастағы полиция полковнигі. Бұған қоса, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы. Қарағанды «Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Кезінде ғасыр адамы атанған Темірғали аға Көкетай басқарған тіл қоғамын абыроймен атқарып келеді.

Көптеген монографиялар мен оқу құралдарын жазған. Атап айтқанда: «Шешендік өнер және заң құжаттарының стилистикасы» (2001), «Заңгерлерге арналған қазақ тілі» (2005), «Аспиранттарға арналған қазақ тілі» (2006), «Сот шешендігі» (2006), «Учаскелік полиция инспекторының анықтамалығы» (2016), «Әдіснама», «Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесі» (2019), «Әз-Замахшари және оның «Мукаддимат әл-адаб» сөздігі (ХІІ ғасыр)» (2019), «Полиция тарихы» (2019), «Қазақстан жастарының азаматтық бірегейлігі» (2021), «Сот риторикасы» (2023), «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығы» оқулығы (2023), «Ішкі істер органдарының әкімшілік қызметі» оқу құралы (2025), т.б. ұжымдық және жеке еңбектердің авторы. Біршама еңбектері мен ғылыми мақалалары қазіргі қазақ әдебиетіне, ішкі істер органдары, сот, прокуратура, адвокатура саласында қызмет етіп жүрген қызметкерлердің қызметтік шеберлігін ұштап, шыңдауға арналған.

Бір ізденісі – Түркияның Ерзурум қаласындағы Ататүрк университетінің ғылыми журналында отыз бетті алып жарық көрді. «Қылмыс майданы» секілді әңгімесімен детектив жанрында да қалам тербеп жүрген қаламгер. Мерзімді басылымдар мен әлеуметтік желілерде де танымдық шығармалары жиі жарияланып жүр.

Жұрт біле бермейтін көп нәрсені өмір бойы жазып келеді. Мәселен, сонау алыста қалған 1986 жылы «кеңес дәуірінің қырағыларынан» қорықпай, суфизмге батыл барған алғашқылардың бірі болды. Гомилетика – діни  шешендік қиырын да бүтіндеп шықты. «Азия-транзит» журналына шыққан бұл жұмысын арада бәленбай жыл өткен соң тауып бергенім бар.

Осы күнге дейін ол: «мен сондай едім, уәзипалы іс атқардым» деп әлдебіреулердей кеуде қаққан емес. Ондай мінез жат оған. Ол тоқтаусыз ғылыми ізденіс жолында жүрді. Әлі де сол бетінен қайтқан емес. Студент шағында-ақ түркі руханиятына ден қойды. О кезде түркі әдебиеті деген пәндер оқытылмайтын. Дипломын Ахмед Йүгінекидің «Һибат ул-хақайық» («Ақиқат сыйы») атты ХІІ ғасыр дастанынан жазып, қорғап шықты. Шығыс пен қазақ әдебиетін етене қарастырды. Әсілінде, тылсымға толы шығыс оның әлемінің бір бөлігін құрайды. «Ұлттық мәдениетіміздің ұлттық бітімін қалыптастыруда елеулі орны бар түркі жазба мұраларының ғасырлар бойғы даму барысында эпитафиялық (құлпытастық) сипаттан шын мәніндегі түрлі ғылым салаларына сараланған (тіл білімі, әдебиет, эпистолярлық жазба, астрономия, математика, т.б.) классикалық мәдениет деңгейіне, сол кездегі эталондық сапада барынша қарқынды дамыған көршілес шығыс халықтарымен мәдени байланысы арқылы қол жеткені талас тудырмайтын тарихи шындық. Мұндай диалектикалық бірлікте дамыған халықтардың мәдениетіндегі өзара әсер-ықпалдың түп-төркіні, жіті ден қойсақ, сонау, көне дәуірлерде жатқандығын анық байқай аламыз» дегені бар бір сөзінде.

ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен ортағасыр ғалымы Әбу-л-Қасым Махмұд ибн Омар Жаралла әз-Замахшаридің «Мукаддимат әл-адаб» сөздігін қарастыруы тегін емес. Елекең осы ізденісі жөнінде Әбжан Құрышжанов, Мекемтас Мырзахметов, Бақыт Кәрібаева сынды үлкен ғалымдардың жоғары бағасын алды.

Есте жоқ ескі кезең, ілкі дәуір, ықылым заманға құмарлығы тағы да антикалық дәуірде іргесі қаланған риторикаға бой ұруынан көрінеді. Демосфен, Квинтилиан, Цицерондарды зерттей келе, Ежелгі Грек, Афин, Көне Грек, Араб елінің, Ресей, Франция шешендік өнерін қарастырды. Қазіргі сот жүйесіне керекті дүниелерді сүзбесінен өткізіп, «Сот шешендігі», «Сот риторикасы» еңбегін жазды. Бұл еңбегі туралы белгілі қаламгер Жұмабай Құлиев республикалық «Заң» газетінде көлімді мақаласын жариялағаны бар. Кітабында «Ұтқыр айтылар өткiр сөзге негiзделген сот төрелiгiндегi тiлмарлық өнер де белгiлi бiр халық тiлiнде туады, сол халыққа ғана түпкiлiктi қызмет етедi. Бұл аталмыш өнердiң өрiсiне тұсау болып, аясына тарлық етерi сөзсiз. Бiрақ оның есесiне күллi адамзаттың әлем-жәлем рухани қазынасын өз өрнегімен байыта түсерi де ақиқат» дейтінінен кез келген құбылысты кеңінен, жан-жақты тереңнен қаузайтын мінезін көреміз.

Оның ғылыми кеңістікте «мен Қарағандыдан гөрі Алматыға танымалмын» деп әзілдейтіні бар. Расында Алматы шынайы ғылымның астанасы ғой.

Соңғы кезде қазақ тілінің жанашыры ретінде тіл заңнамасын бұзғандағы әкімшілік жауаптылық туралы жиі жазып жүр. Жергілікті атқарушы билік жанындағы Тіл басқармасының қызметшілеріне профессор Мирлан Ахмедияұлы Қызыловпен бірігіп дайындаған «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық» оқу-тәжірибелік құралы баспада жатыр, жуырда шығып қалуға тиіс.

Иә, сонымен, көпшілікке қадірлі Елекеңдей зерделі ғалым, шығармашыл тұлғаның ұстаздық қызметте жүргеніне де биыл – 38 жыл болыпты.

Елге сыйлы Елекеңнің еңбек жолы мен шығармашылық әлемі осындай. Ешқашан ерінбейтін, өмір бойы ізденіп келе жатқан жігіт ағасының кемелдік кезеңі енді басталды. Әлі де ұлт үшін үлкен-үлкен істер атқарғысы келетін Елеужан ағамызға мықты денсаулық, отбасына амандық-бақыт, шығармашылық табыстар тілейміз. Осылай халықтың алғысы мен ұрпақтар құрметіне бөленіп, ғұмырлы болыңыз!

Әлімжан Құтжанұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі