Мына зымыраған уақыттың ағымы білінбей өтіп жатқанымен, өмір жолыңда есте қаларлықтай жақсы істерімен із қалдыратын адамдар болады. Ондай жандардың есімі қашан да санаңда сайрап тұрады. Өзіңмен кезінде тіршіліктің қазанында біте қайнасып, бірге жүрген замандастарың туралы тілге тиек еткің келсе де оның ыңғайы үнемі табыла бермейді. Бірақ, өткенсіз – бүгін, бүгінсіз келешек жоқ дегендей, өзің құрметтейтін адамдар туралы, олардың сан қырлы қасиеті, атқарған өнегелі істері жайлы айтып отыру ешуақытта артық болмасы анық.
Бүгінгі сіздерге ұсынып отырған мақаламның кейіпкері Ақадыр өңірінің тумасы, мемлекеттік қызмет саласына зор еңбегін сіңірген, өмірден ерте кеткен Құрыш Игенұлы Жүнісбеков туралы болмақ. Осыдан бірнеше күн бұрын оның туған ағасы Тәжібай ақсақал маған хабарласып: «Қалижан, сен менің бауырымның қызметтесі де, досы да болдың. Бірге жастық шақтарыңды өткергендеріңді жақсы білемін. Желтоқсан айында өмірден озғанына 20 жыл болады, сол себептен күйеубаламыз Ғалымжан мен қызы Динара екеуі үлкен еске алу асын береміз деп отыр. Осы астың алдында облыстық, аудандық газеттерге арнайы естелік жазып берсең қалай болады?» – деп өтінішін білдірді.
Мен көп ойланбадым. Замандасым, досым болған Құрыш Игенұлы жайында естелік жазуды азаматтық парызым деп санадым. Қашан көрсең де жүзінен күлкі кетпейтін, мұңаю дегенді білмейтін, байсалды, сыр алдырмас сыпайы қалпынан айнымайтын онымен таныстығым өткен ғасырдың 80-шы жылдарынан басталған еді. Ол кезде Құрыш марқұм Ақадыр аудандық атқару комитетінде жауапты қызметте болса, мен аудандық комсомол комитетінің аппаратында қызмет атқарып жүрдім. Екі жастай үлкендігім болса да, екеуміз төл құрдастай тез тіл табысып кеттік.
Құрыш Игенұлы үлкен отбасынан шыққан, 14 баланың бірі. Әкесі Иген Жүнісбеков Шет, Ақадыр өңірінің, бүкіл Бесата жайлаған Арқа жерінің абыройы жоғары, беделі биік, абыз ақсақалы болды. Еңбек жолында мектепте сабақ беріп. балаларды оқытты. Жастайынан өмірдің ащысын, ашаршылықтың қасіреті мен саяси қуғын-сүргіннің ауыр кезеңдерін өз көзімен көрген. Ұлы Отан соғысы басталғанда бірден алғы шептен көрініп, қан майданды кешті. Соғыста ауыр жарақат алып, екі балдаққа сүйеніп, соғыс мүгедегі атанып елге оралды.
Майдангер бірден шаруашылыққа араласып, Ақсу, Абай, Жамбыл колхоздарының төрағасы қызметтерін атқарады. Кеңес заманында шөлейт далада жаңадан бой көтерген «Ақшағыл» кеңшарының (совхозының) құрылуына, оның аяққа тұруына зор еңбегін сіңіреді. Көптеген жыл бойы Ақбұлақ ауыл кеңесінің төрағасы болып, сол жерден зейнеткерлікке шығады. Иген әкеміз туралы әлі күнге дейін оның ауылдастары, туған-туыстары жақсы істерін, жасаған жақсылықтарын аңыз қылып еске алып жүреді.
Иген ақсақалдың зайыбы Майса көп бала тәрбиелеп өсіргені үшін сол кездегі «Батыр ана» атағының иесі болды. Әр баласына барынша мейірімін төгіп, солардың тәрбиесімен айналысуға бүкіл өмірін берген. Барлық ұл-қыздарын жетілдіріп, аяқтарына тұрғызып, әрқайсысының қызығын көріп кетті. Ауыл халқының арасында зор бедел иесі бола білді.
Құрыш Игенұлының балалық шағы ауылды жерлерде өтті. Оған әкесінің қызметінің ауысып отыруы себеп болды. Жоғарыда атап өткенімдей аудан басындағылар оны қай жердің жұмысы жүрмей жатса, сол жаққа басшылық қызметке жіберіп отыратын.
Өзінің інісі туралы қазіргі кезде Алматы қаласында тұрып жатқан ағасы Жүнісбеков Есен Балапашұлы: «Құрыш бауырымнан мен бірер жас үлкенмін, тетелеспіз. Екі ағайынның балалары болғандықтан бір-бірлеріміздің үйімізге жиі баратынбыз, бірге ойнап, бірге жүретінбіз. Інім кішкентай кезінде екі көзі тостағандай, шашы бұйра, аппақ, сүйкімді бала болды. Шынын айтсам, көп баланың ішіндегі ерекшесі болды деп айтуға болады. Бір жасында тілі шықты. Он-он бір айлығында тәй-тәйлап жүріп кетті. Тіпті мектепке де өз қатарластарынан ерте барды. Әкесі кей кездерде екі-үш күнге іссапарға кетіп, үйге келгенде алдынан жүгіріп шығып үйдің жаңалығын, тіпті ауыл ішінде не болып жатқанын тәптіштеп айтып беріп жүрген. Сол кезде ол 2-3 жасар ғана кішкентай бала», – деп інісін күрсініспен есіне түсірді.
Құрыш Игенұлы Ақшатау (қазіргі Жарылғап батыр атындағы) ауылының мектебіне барады. Сабағына зерек, ұқыпты болады. Бірнеше жылдан кейін көпбалалы отбасынан шыққаны үшін және оқуында озат болғандықтан оны терең әрі сапалы білім беретін Қарағанды қаласының №2 мектеп-интернатына жібереді. Бірнеше жыл оқыған соң Ақадыр станциясындағы теміржол мектебіне (қазіргі кезде Ә.Ермеков атындағы тіректі мектебі) ауысып, осы жерден орта білім алып шығады.
Мектеп түлегінің алдында қай жоғары оқу орнына бару керек деген сауал тұрады. Басында әкесінің ақылын тыңдап Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтына оқуға түседі. Бір жыл оқыған соң: «Мен мұғалім болғым келеді, бұл мамандықты қаламаймын» деп Жезқазған қаласының педагогикалық институтының балаларды еңбекке баулу факультетінен бірақ шығады.
Үздік дипломын қолға алған жас маман Ақадыр кентіне келіп, аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып қызметке орналасады. Ол кезде атқару комитетінің төрағасы Қасымбек Медиұлы Медиев болатын. Аппарат қызметкерлерінің дені жастардан құралған. Осы жерде ол кейін полиция генералы атағына қол жеткізген, Қарағанды облысы бойынша полиция департаментінің басшысы болған Жаппаров Мергенбай Баймендеұлымен, Балқаш қаласының прокуроры, облыстық прокуратураның басшылық қызметтерінде болған Тілегенов Мұқтар Аманкелдіұлымен, қаржы саласының маманы Көкжалов Фазыл Зәкірұлымен қызметтес әрі достық қарым-қатынаста жүрді. Сол кезде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен бірнеше аудандардың әкімі, Қарағанды облысы Мәслихатының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған Әбдікеров Рысқали Қалиақбарұлының қол астында біраз жылдар бойы қызмет етті.
Жалпы Құрыш Игенұлы жанына достарын көп жинады. Айтатын болсақ, ішкі істер саласында лауазымды қызметтерде болған Ибажанов Сансызбай Қоңырұлы, Ахимбеков Болат Қасқатайұлы, Имашев Алтай Қойшыбайұлы, ұзақ жылдар бойы кәсіпкерліктің тізгінін ұстап жүрген Исин Сағынтай Халықұлы, ДОСААФ комитетінің төрағасы болған Тұтқышев Ермек Төлеуұлы, тағы басқалар болды.
Ермек Төлеуұлы досы жайлы есінде қалған бір оқиғаны айтты. «Құрыш құрдасыммен екеуіміз мектепте бір сыныпта оқыдық. Жылдар өте қызметтес те болдық. Бір жылдары жұмыс бабымен Ресей Федерациясының Саратов қаласына бардым. Жұмыстарымды бітіріп, елге қайту үшін теміржол вокзалына келдім. Алматыға билет алсам, әлі де болса үш сағаттай уақытым бар екен. Уақытты тез өткеру үшін вокзалды аралауға кірістім. Үлкен зәулім ғимарат екен. Жан-жағыма қарап келемін. Бір кезде «Тұтқышев!» деген бір таныс дауыс құлағыма жетті. Жалт қарасам өзімнің тай тебіскен досым Құрыш маған қарай жүгіріп келе жатыр. Екеуміз құшақтаса жөнелейік. Үстінде әскери киім, жанында он шақты солдат. Соларды Тамбов қаласына апара жатыр екен. Амандасып, шүйіркелесіп болған соң мені еске алып жүрерсің деп өзімнің қол орамалымды сыйға тарттым. Ол жігіттерге сәлем айт деп болмай жатыр. Қалтамнан блокнотымды алып шығып, «мә, мынаған жігіттерге сәлеміңді жазып бер, әйтпесе сенімен кездескеніме ешқайсысы нанбайды» дедім. Ол жігіттердің атын атап жазбасын жасады. Ауылға келген бетте жігіттерге сәлемін жеткізіп, «Құрыш Ақадырдағыдай әскерде де басшы болып жүр. Сол баяғы қалпы, сендерге жалынды сәлемін айтуда деп айтқаным бар» деді.
Құрыш Игенұлы атқару комитетінде біршама жыл еңбек етті. Ақадыр ауданы Жезқазған облысының ең ірі ауданы болғанын баршамыз жақсы білеміз. Құрамына 17 кенттік, ауылдық кеңестері кірді. Кейін атқару органдарында көп тәжірибе жинап, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін де атқарды. Аудандық халық депутаттары кеңесінің аппаратында Кенжебаева Сара Аманжолқызы, Оразханов Рысбек Борқыбайұлының қарамағында біраз уақыт жемісті еңбек атқарды. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетін, жүктелген міндеттерін орындауда үлкен жауапкершілігін көрсете білді. Облыс, аудан тараптарынан көптеген марапатқа ие болды.
Заманның ағымымен Кеңес одағы ыдыраған соң қызметтің де абыройы кете бастады. Қарағанды қаласына барып мектепте ұстаздық етті, директордың орынбасары қызметінде де болды.
Бір жылдары теміржол бойында орналасқан Қытай елімен шекаралас «Достық» станциясында кәсіпкерлік саласында да еңбек еткен. Аға-жеңгесіне көмекке барып, бильярд залының жұмысын өзіне тән шеберлігімен ұйымдастырған екен. Оның алдындағы залды басқарған адамдар демалушы клиенттерін келтіре алмаған, жұмысы мардымсыз болған.
Құрыш Игенұлы бас-аяғы жарты айдың ішінде залдың жұмысын жаңғыртып, туысқандарының кәсіптеріне мол пайда әкелетін нысанға айналдырған. Кеден басқармасының, шекара бөлімінің, теміржол станциясының басшыларымен тіл табысып, оларды да залға келтірген. Тіпті, Қытай елі жағынан іссапармен келіп тұратын өкілдерін де залға тарта білген. Бильярд ойыншыларының арасында турнирлер, жарыстар өткізіп, кеденшілердің, шекарашылардың, теміржолшылардың командалары арасында бәсекелер өткізіп жүрген. Осының бәрі сол жерде тұратын халықтың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізулеріне, кәсіпкерліктің алға басуына үлкен септігін тигізгені анық.
Құрыш Игенұлы жөнінде менде де біраз қызықты оқиғаларының есімде қалғаны бар. Ақадырда бірге қызмет еткенде көп араластық. Кей күндері бірігіп ауданның кент, ауылдарына іссапарға бірге шығатынбыз. Талай қызықты күндерді бірге өткіздік.
Аудандық партия комитетінде қызмет етіп жүргенде арнайы жолдамамен Алматы Жоғары партия мектебіне екіжылдық оқуға жіберілдім. Ұмытпасам, 1991 жылдың қазан айының орта кезінде таң атпай менің жатақханадағы бөлмемнің есігін біреу қағып әкетіп барады. Енді болмаса сындыратын түрі бар. Атып тұрып есік аштым. Қарасам, Құрыштың дәл өзі. Екі бетінде өзіне жарасатын жымиысы. Құшақтасып, амандастық. Сөйтсем, Құрекең өзі бас болып аудан көлеміндегі бүкіл кент, ауыл әкімдерін біліктіліктерін жетілдіру курсына алып келіпті. Жататын орны да, оқитын жері де біздің партия мектебінің ішінде екен. Хал-жағдайымызды білген соң сабақтарымыз біткеннен кейін менің студенттігімді ескеріп бір жерге демалуға барайық деп шақыруын жеткізді.
Содан не керек, бір апта бойы ана жерден бір, мына жерден бір шығып, көңілді күндерімізді өткере бастадық. Баратын жерлерімізде 5-6 жігіттен кем болмаймыз. Тіпті, арт жағында мұндай күтімнен жалыға да бастадым.
Бірде қаланың қақ ортасындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағына қарсы «Вигвам» деген сыраханада отырдық. Бір уақытта біз отырған жерден екі столдан кейін «Тамаша» ойын-сауық отауының тарланы, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев келіп орналасты. Теледидардан ғана көріп жүрген адамымыз. Кішкенеден кейін Құрыш досымыз біздің атымыздан ана кісіге сәлемдеме беріп жіберейік деп ұсыныс жасады. Біз әрине құптадық. Даяшы арқылы сусын мен бірнеше кәуапты жібердік. Құдайберген ағамыз сәлемдемені бізден екенін білгеннен кейін, орнынан тұрып иіліп тұрып сәлем берсін! Бір уақытта қарасақ, Құрекең әйгілі әртістің жанына барып жайғасыпты. Енді бір кішкене уақыт өткеннен кейін біздің компанияға алып келсін. Екеуінің әңгімесі де, әзілі де жарасқан. Тіпті бір ескі достардай немесе көптен қауышпаған ағайындылардай әсер қалдырды. Сол күні біз халық әртісімен ғибратты, тағылымы мол әдемі кешті өткізгеніміз анық еді.
Құрыш Игенұлы 1985 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының тумасы Ақмарал Ермекқызымен отау құрды. Қарағанды медициналық институтын дәрігер-педиатр мамандығы бойынша бітірген. Ақадыр аудандық ауруханасында дәрігер-педиатр, бөлім меңгерушісі, аурухананың бас дәрігері болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта Астана қаласында тұрып жатыр.
Ерлі-зайыптылардың Динара есімді қыздары бар. Қазтұтынуодағы Қарағанды университетін қаржыгер, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Бірнеше жыл бойы Медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау комитетінде қызмет етті. Қазіргі кезде кәсіпкерлік саласында еңбек етеді.
Жұбайы Ғалымжан Бауыржанұлы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетті бітіріп, заңгер мамандығын алған. Қазақстан Қарулы күштерінің офицері. Біраз жылдары бойы Шет аудандық әскери комиссариатында бөлім меңгерушісі қызметінде болды. Бүгінгі таңда кәсіпкерікпен айналысады. Бұл жерде Ғалымжан күйеубаласы туралы айтпасқа болмайтын, көпшілікке үлгі болатын жайттар бар. Жеке бастамасымен атасы Құрыш Игенұлына үлкен ас беремін деп өзі ниет еткен. Онымен қоса кенже ұлы туғанда әке-шешесімен ақылдаса келе, аты өшпесін деп атасының атымен тегін де берген. Марқұм болған атасына, өз отбасына деген бұлан артық қандай құрмет керек!
Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Тұңғыш балалары Айбек Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ІТ факультетінің екінші курс студенті. Айша есімді қызы мен Айбар есімді ұлдары мектеп оқушылары.
Өмірлік зайыбы болған Ақмарал Ермекқызы Құрыш Игенұлы туралы есіне алып: «Құрыш Игенұлымен екеуміз Қарағанды қаласының медициналық институтының соңғы курсында оқып жүргенде таныстық. Сол жылы күзде үйленіп, отау құрдық. Тойымыз Ақбұлақ ауылында палаткада өтіп, қонақтарымыз өте көп болды. Ол кезде қазіргідей тойханалар жоқ еді ғой.
Үйленгенімізде Құрыш аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Қызметінен қалмай, жұмыс дегенде жанын беретін. Киім киюде ұқыптылық танытып, талғампаздығымен ерекшеленетін. Жақын туыстарына, дос-жарандарына, жалпы кент азаматтарына көмегін аямайтын. Жұмыстан үйге келе қалсам достары, немесе ауылдан келген туыстары толып отырады. Ол ешкім жайлы жаман ойламайтын, бәрін өзіндей көруші еді.
Әкесі, менің атам ұлына, біздің отбасымызға ерекше мейірімін төгетін. Жылқы, қойдың еті, сары май, жылы-жұмсақтың бәрі дастарқанымыздан кетпейтін. Мені жақсы көріп: «Келінім Ақмарал текті жерден шыққан, жақсы бала» деп еркелететін. Әсіресе, Динара қызымыз туғанда қатты қуанды. Немересін шын пейілімен жақсы көрді. Динара ауырып қалды деп естісе сол күні ауылдан жетіп келіп, жанымыздан табылатын» деп сөзін аяқтады.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген асыл сөз бар. Жүнісбеков Құрыш Игенұлының істеген істері, жақсылықтары өмірден өткеннен кейін де баршамыздың есімізде қалатыны сөзсіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
