Таңсәуле ӘГЕНҚЫЗЫ: «ҚАЙРАН ҚАМСЫЗ БАЛА КЕЗ ҚЫРДА ҚАЛҒАН»

Таңсәуле Әгенқызы – 1991 жылы 15 қазанда дүниеге келген. Қарағанды қаласында көпсалалы гуманитарлы-техникалық (КГТУ) университетінде филология мамандығы бойынша білім алған. Өлеңдері  республикалық басылымдарға жарияланып келеді. Сондай-ақ Таңсәуле көптеген республикалық және халықаралық мүшайралардың жеңімпазы.  «Ақ қауырсын» әдеби жастар клубының жетекшісі. «Бозмұнар» (2025) жыр жинағының авторы.

 

АУЫЛДЫ АҢСАУ

 

Ақ бас шыңнан басталған айна бұлақ,

Ақ моншағын шашады сайдан құлап.

Зәмзәм суын татсам да таңдайыма,

Бал тамшыңдай дәл сенің қайда, бірақ?

 

Жалбызды қыр, қоңыр бел, аршалы бет,

Барар болсаң тұсынан, ән салып өт.

Менен сәлем айта бар, Сарыжайлауға,

Самал соққан сар белді аңсады деп.

 

Біздің ауыл мекені – Талдыбұлақ,

Асып-тасып ағады жарды құлдап.

Жәудір көзі мөлдіреп жан бауырым,

Мен кетерде ауылында қалды жылап.

 

Қайран қамсыз бала кез қырда қалған,

Қозы жайып, тай мініп, суға барған.

Туған жерді осылай аңсағанда,

Сәлем жолдап отырмын тырналардан.

 

АҚ МАҢДАЙДА АЙ САҒЫМЫ ҰЯЛАП…

 

Күмістелген күмбір-күмбір сырғасы,

Күміс сырға ғасырлардың сырласы.

Бәйшешектей Алаштың ай аруы,

Сәмбі талдай сұңғақ біткен тұлғасы.

 

Ары, жаны тау суындай тұнығы,

Жанарында күн көзінің жылуы.

Сонау сағым ғасырлардың кербезі,

Қасың қандай, хас Түркінің сұлуы.

 

Сүмбіл шашы иығына асылып,

Қос шолпысы ақ тамағын жасырып.

Ақ маңдайда ай сағымы ұялап,

Кірпігінен таң шуағы шашылып.

 

Жасыл жаздың самалындай лебі,

Бала қайың майысады білегі.

Сүйгеніне шын берілген жүрегі,

Қараша үйдің амандығы – тілегі.

 

Ақ далада ат жалында жарысып,

Тал бастауда тағдырымен танысып.

Көк Түріктің күндей күлген аруы,

Бара жатыр замандармен табысып.

 

Сақ, Түркінің самал дидар аруы,

Жасын жігер жүректердің дәруі.

Ел басына күн туғанда сел кешіп,

Ай семсері қолына алған қаруы.

 

Асыл ару батырларға тең келіп,

Ай қабағы келбетіне өң беріп.

Қазақ қызы қырмызы гүл секілді,

Сар даланың самалымен тербеліп.

 

Маңдайыңнан ырыс бағың арылмас,

Алаш қызы сендей ару табылмас.

Инабаты ерлігіне тең келген,

Қалықтай бер, шарықтай бер қарлығаш.

 

ТУҒАН ЖЕР

(кіндік қаным тамған жер)

 

Бір қызың ем, Бесбоғдада түлеген.

Ұланыңмын сағыныштан жүдеген.

Топырағыңды сағындым мен туған жер,

Қасиет пен сан шежіре түнеген.

 

Саған жырым домбырамның тиегі,

Кіндік кескен қарамекен киелі,

Топырағына тартып өскен қыз едім,

Туған елін туған ұлан сүйеді.

 

Бауырыңа басып бір сәт балаңды,

Жасымды сүрт, сергітейін санамды.

Қызылқайың сенен артық мекенді,

Шарласам да мен таппаспын ғаламды.

 

Тауларыңда бөрі жорытқан сан ғасыр,

Шежірелі сыр ұялат жанға асыл,

Анашымның ізі қалған жағалау,

Бір мен үшін сенен артық бар ма, асыл?

 

Бал бұлағың таңдайымды ол жібіткен,

Құла таңға күле қарап үмітпен.

Балалығым сенде қалған кешегі,

Балбұлаққа сыр айтушы ем күліп мен.

 

Қызылқайың жапырағы саялы,

Аңсағанға кең құшағын жаяды.

Тарихы жыр, тағылымы тереңде,

Есіл күнді еске салып баяғы.

 

Қырандарды қойнауынан түлеткен,

Жыр арнадым жауқазындай тілекпен.

Қызылқайың десе біреу сыбырлап,

Ет жүрегіміз еріксіз бір дір еткен.

 

Тауларың-ай, қара қошқыл, күлгін, көк,

Жұлдызыңды санаушы едім бір-бірлеп.

Қызылқайың десе біреу құлаққа,

Қабдыраштың күйі жетер күмбірлеп.

 

Үш Ойғырды асып барып Күн сіңбек,

Құла құлын бос жібердім «жүрсін» деп.

Қызылқайың десе біреу жетеді,

құлағыма шапқан тұлпар дүрсілдеп.

 

Найзағайың болсам шіркін жарқылдап,

О, туған жер – арда мекен, алтын бақ.

Қызылқайың десе біреу естимін

сарыала қаз ұшқандай-ақ қаңқылдап.

 

ТУҒАН ЖЕР

 

Самалы бетімді өбіп сары даланың,

Құлағымда әуелі салған әнім.

Туған жер сенің ыстық ықыласың,

Ақын боп әр бір кеште сарнағаным.

 

Заңғар тау айдың көлің жоталарың,

Мен оған қарап әркез от аламын.

Саумалын жас биенің ішіп қойып,

Түйенің ойнатушы ем боталарын.

 

ДЭЛҮҮНІМ, СЫЙЛЫҒЫМ ОСЫ ӨЛЕҢІМ…

 

Дэлүүнім, сен едің көне мекен,

Күтеді ылғи жылулық сенен еркең.

Сенің маған ақжарқын тілегіңе,

Менің саған берерім өлең екен.

 

Тарқатылған бұрымдай су ағады,

Жағасында жас қайың бұралады.

Су бетіне сырғып кеп аққу қонса,

Оны көріп жас ару қуанады.

 

Дэлүүнім – арманның биігі едің.

Далакөлдің белінде киік едім.

Ақ арғымақ арманым алдымда деп,

Қайта-қайта сақамды иіремін.

 

Көксеркеге арайлап таң асылар,

Сұлу таңға еркелеп бала шынар.

Сені аңсаған дертіне жүрегімнің,

Топырағың бір уыс дауа шығар.

 

Жалғыз ағаш… ағады жалғыз бұлақ,

Сол бұлақтың басында жалбыз, құрақ.

Үмітімсің туған жер адастырмас,

Ай астында сөнбеген жалғыз шырақ.

 

Мен өзіңнен адасқан құла құлын,

Сырғып жатыр сынаптай бұла күнім.

Көксерке шың, басыңа шығайын деп,

Күн астында күбірлеп дұға қылдым.

 

Белесінде кестелі дала гүлі,

Нұрға шомған аққайың таң аруы.

Дэлүүнім, егерде сен мұңайсаң,

Өлеңіммен сүртер ем жанарыңды.

 

Жан серігім сен едің досқа мұңдас,

Асу-асу арманның асқарын ас.

О, Дэлүүн жұтайын бал бұлағын,

Саған қарай жол баста қос қарлығаш…

 

БАЯНАУЫЛ, АЛТАЙДЫҢ АСПАНЫНДА БІР ЖҰЛДЫЗ…

 

Сұлтанмахмұт суын жұтқан мынау сұлу Шыңғыстай,

Тау қыраны тұра ала ма, көкке өрлеп, күнге ұшпай?!

Шың секілді аласармас сенің ұлы рухың,

Баянауыл, заңғар Алтай тұрар мұнар мұң құшпай.

 

Қарлы Алтайдың сырға бөгіп, қайыңдары сырғалы,

Сұлтанмахмұт еккен шынар, жайқалып тұр, қырдағы.

Теректердің арасында жыр жазатын кештерде,

Жапырақтың сыбдырында ақын даусы тұр ма, әлі?

 

Баянауыл сен туған жер, бұйра бұлттар аунаған,

Сол бұлттардың бауырынан нөсер жырың саулаған.

Селеулі бел, сеңгір таулар сенің ұлы әлемің,

Тап-таза секілденген көңіліңнен аумаған.

 

Баянауыл иығында жасын өлең жарқылда,

Алтай, Баян екеуіне ортақ рух, тау тұлға.

Сен заулаған арғымақсың, озып туған уақыттан,

Дәуір желі жалын тарап, даңқы қалған артында.

 

Алтай асқар Баянменен жыр тілінде сырласқан,

Ақ шыңдарды ала бауыр қыран құспен бірге асқан.

Жарқыраған аспандағы сенің жарық жұлдызың,

Сол жұлдыздан нұр себеді, тым ғажайып түнгі аспан.

 

УАҚЫТ

 

Мұны сонша кеш түсініп, кеш біліп,
Мендегі ой кеткен екен ес кіріп,
«Өмірімнің тал түсінен өттім бе? –
деп толғанып, талай сеңді кешті үміт…»

 

Ай көрінді аспан түнгі әдемі,
Сол сұлудан күтем нендей кәдені?
Түн кештіріп ойға бөлеп қойғаны…
Секілді ме бұл тағдырдың әлегі?

 

Солай қалқам күн кешеміз, көшеміз,
Сәби едік, бала едік кеше біз…
Сәл бұрылып өткеніңе қарасаң,
Бүгін боран, секілді еді кеше күз…

 

КҮЗБЕН ҚОШТАСУ

 

Теміртау жаққа сары күз келді,
Күй сыйлап әсем баққа мың.
Атырап дала сағым іздеді,
Сағынып жазғы шақтарын.

 

Сары күз келді Сарыарқа жаққа,
Сарғайтып қырат, белесін.

Желкілдеп селеу сонау тарапта,

Бұлт басып шыңның төбесін.

 

Нұраның бойы боялып күрең,

Қайыңдар шашып шашуын.

Сіркіреп жауын дала да сүрең,

Ақ тұман басып асуын.

 

Теміртау салқын қараша желі,
Қош деп күз қолын бұлғай ма…?
Бірақ та сол күз тамаша еді,
Тағдыр бір жолда тұрмайды, ә?

 

ҚОШТАСУ

 

Кеше ғана табысып, жүрек үндес,
Қабыл болған жандаймын тілегім кеш,
Сырластық па білмеймін мұңдастық па?
Елесіңе алдандым, білер-білмес.

 

Келгеніңнен кеткенің анық маған,
Неге келдің, шегіндің соны ұқпағам?
Жанымды тіліп өткен сияқтысың,
Дел салмын, үнсіз ғана қалып барам.

Қалып барам сүйретіп сүлдерімді,
Күтем бе әлде қайырып «жүр» деуіңді?

Ақтарушы ем сырымды тек өзіңе,

Енді айтамын шынымен кімге мұңды?

 

ҮМІТ

 

Есіміңіз кім десе, Сезім дер ем,

Жан бар ма екен сезімді сезінбеген?!

Аңсарыма айлы кеш асыққанда,

Кешегі Жібектердің көзін көрем.

 

Көзін көрем жас толы жанарына,

Үйірілген сағыныш қабағына.

Жүрегінің түбінде, бір ғана үміт,

Талпынған шын тамаша аралына.

 

Сезім сыры жүректен ақтарылса,

Неге сонша малынам жасқа мұнша?

Уа, тағдырым, жаныма байлап қойшы,

Берілейін сол жанға қасқа құлша.

 

Аққуын көл, айдынын аққу аңсап,

Толқын болып жағаны ұрады ағын.

Айдынға ұқсап теңселіп арқырамай,

Не Тәңірім отырып жылағаным…

 

Сезім, сезім сен неткен ұлық едің,

Батып бара (ды)т ақшұбар күнім менің,

Ертеңіме үмітті артып тағы…

Жасты сүртіп… еріксіз күлімдедім…