АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ

Қалижан қазкенұлы БЕКҚОЖИН Ұлытау (бұрынғы Қарағанды) облысы, Жаңаарқа кентінде дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Бүкіл саналы өмірін мемлекеттік қызметке арнаған. Шет ауданының Құрметті ардагері. Ақадыр кентінің тұрғыны.

Жас кезінен шығармашылықпен айналысады. Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі. Өлеңдері, әңгімелері, мақалалары үздіксіз облыстық, аудандық газеттерде жарияланып жүр. Он шақты өлеңдеріне әндер жазылған.

Бүгін сіздердің назарларыңызға қаламгердің бірнеше өлеңдерін ұсынып отырмыз.

 

АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ

 

Көк туы көкте алаулап,

Тәуелсіз елді мекенбіз.

Бабалар берген аманат —

Ардақтап оны өтеміз.

 

Ғасырлар бойы армандап,

Жеткенбіз осы азатқа.

Күреспен келген ұлы бақ,

Мәңгілік мұра қазаққа.

 

Заманға сайын жаңарып,

Ата Заң берді жаңа леп.

Дәуірге жаңа бет алып,

Өрлейтін жолға зор құрмет.

 

Ұлттық Құрылтай сайланып,

Ел сөзін айтар төрінде.

Бірлік пен пайым байланып,

Даму бар қазақ жерінде.

 

 

Халықтың үні — ел күші,

Басталды жаңа бір дәурен.

Берік болсын ел іші,

Арманға биік өрлеген.

 

Бабалар жолы өнеге,

Болашақ сенім сыйлайды.

Таси берсін береке,

Бағыңды ешкім қимайды.

 

АНА ТІЛІМ — ҚАЗЫНАМ

 

Ана тілім – асыл менің қазынам,

Бабаларым аманаттап қалдырған.

Жүрегімде мәңгі орын алғансың,

Бағдар беріп, бар бағымды жандырған.

 

Абай жазған даналықтың сөздерін,

Ахмет терген рухымыздың сөз зерін.

Әр сөзің — гауһар-маржан, асыл мұра,

Сақтап жүрсің қазынаңның сөз кенін.

 

Тілім барда ұлтым биік, азатпын,

Тағдырыңмен қазақ етіп жараттың.

Ана тілім ар-намысым, қуатым,

Үніңді мен жүрегіме қалаппын.

 

Ана тілім – ұрпақтарға бағдаршам,

Жол сілтейді, болашаққа көз салсаң.

Бабалардың үні өшпейді санада,

Бойға қуат, жүрегіме нұр құйсам.

 

Ғасырлардан аман өткен майданда,

Өшпес сөзің, сөнбес арың бар жанда.

Ана сүті дарыған бұл асыл тіл,

Күш-айбат пен рух береді таңдарға.

 

Тіл сөнбесе – өшпес елдің шырағы,

Сөз-өнердің сарқылмайды бұлағы.

Тілім барда өлең-жырым бітпейді,

Бәрінен де биік болып тұрады.

 

АЛТЫН КҮЗ

 

Сары алтынға боялып айналамыз,

Көркем күздің келгенін аңғарамыз.

Жапырақтар ауада билеп ұшып,

Әсемдікке оранды кең даламыз.

 

Қоңыр самал еседі баяу ғана,

Нәзік әуен сыбырлап бау-бақшада.

Аспанды бұлт торлап, сұрғылт тартып,

Өңі солып кетуде гүлзарларда.

 

Жауын жауса, тыныштық орнағандай,

Өткен күн елесінен із қалғандай.

Алтын күздің суреті тамаша бір,

Қылқаламсыз боянып, жыр салғандай.

 

Қиқулап ұшқан құстар аспандағы,

Қайту әне, жылы жақ — армандары.

Қоштасқандай әуені шерге толы,

Сарғайып қала берді жаздың бағы.

 

Тау-қырлар сары шапан жамылғандай,

Иен дала алтын нұрға малынғандай.

Шыңдар мен сай-салаға күз аралап,

Табиғат мұңлы күйге бағынғандай.

 

Жібек жауын сіркіреп терезеге,

Тәтті сезім ұялап жыр кеудеге,

Алтын күздің әр сәті сырға толып,

Шабыт сыйлап тұрғандай әр пендеге…