Боқтыдағы бұрқасын

Алаш атауы – тінімізге сіңіп, рухани болмысымызбен бітісіп кеткен қасиетті ұғым. Тарихтың тамырын бассаң оның үні әпсаналардан бүлкілдеп, алты мың жыл әріден естіледі. Кешегі Керей мен Жәнібектің, Сырым мен Кенесарының жүрегін дербестіктің «дертімен» ауыртқан да осы ұғым. XX ғасырдың басында зиялы қазақтың санасын «Алаш идеясымен» жаулаған да сол. Қарқаралыда туып, Семейде туын тіккен осы мұрат қазақ қырандарының томағасын сыпырды. Бас шаһарда қола мүсін болып қасқая алмаған осы асылдар ұлттың жұлынына ұлы идеяның дәнегін екті. Соның ұшқыны қаралы бір заманда Қарқаралы уезіндегі Ортаудан бастап, Едірейге дейінгі аймаққа көтерілістің жалынын жаққан еді. Әңгіме сол оқиғалар жайында болмақ.

 

ДҮРБЕЛЕҢ

«Егер тарихтан өтірікті алып тастасаң, шындық қалады деген сөз емес. Одан тіптен жұрнақ та қалмауы мүмкін» – деген екен поляк ойшылы Станислав Ежи Лец. Бұдан асырып айта алмаспыз. Тарих – дерек пен дәйектің дәлдігі мен анықтығын талап ететін ғылым. Сондықтан, бұл тақырыпқа қалам ұстаған кез келген адам бұра тартпай, салқын ақылмен келгені жөн. Сонда ғана объективті ой тумақ, әділеттілік орнамақ.

Қарқаралы уезінің ұлан-ғайыр атырабы Саржан сұлтан мен Кенесары ханның екпінінен суығаны сол еді. Күштеп ұжымдастыру мен «кәмпескенің» дүрбелеңі басталды. Мұның арты сұмдыққа ұласатынын қазақтың жүрегі сезді. Себебі, ақ патша заманында Әлихан мен Ахметтің бастамасымен жазылған Қарқаралы петициясының талаптары орындалмас арманға айналды. Сөйтіп, Арқада бүліктің өрті қайта тұтанды. Соның бірі – Боқты көтерілісі еді.

Көтеріліс 1929 жылы басталып, екі жылдай уақытқа созылды. Оның қалай жаншылғаны туралы айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, солардың көбі – сапалы аударма мен салақұлаш көшірме ғана. Мұндай қайталаулардың көптігі олардың өзегіне өлкетанушы Юрий Поповтың «Бахтинские страницы» жазбасы ғана негіз болғандықтан шығар. Жалпы, бұл көтеріліс туралы айтқанда Мыңғыштың қаралары бастаған марғасқалары еске түседі. Олар мыңдаған адамнан құралған қарулы топты бастады. Орманға бекініп, оқ жаудырған да, ОГПУ-дің қақпанына түскен де солар. Ал, қырғынға қатысса да, қоршаудан сытылып, Ресейдің Қиыр Шығысына қияндап кеткен жұрттың тағдыры беймәлім қалды. Абақтыға айдалған адамның ұзын ырғасының 200-ден аспауының да сыры осында.

Жалпы, осы қанды оқиғаны саралағанда Абыралы, Қу, Ақтоғай, Шет толқулары жайындағы біраз дүниені шолып шықтық. Әр автор өз жеріндегі көтеріліске басымдық беріп, басқасын соның жаңғырығы ретінде сипаттауға тырысқан екен. Әр адырдың басындағы атысты да, көтеріліске балап жүргендер бар.

Жоғарыда айтылған толқулардың барлығы бір-бірімен доғал жоталармен жалғасқан Арқаның айдарлы белдерінде тұтанды. Сондықтан, бұларды бөле-жара қарауға әсте болмайды. Арқадағы осы көтерілістердің барлығы идеялық тұрғыдан тұтас еді. Алайда, жалпы ұлт-азаттық сипат ала алмады. Өйткені, Кенесарының басы алынғанда-ақ қазақтың қауқары кеткен болатын.

 

ҚАМАЛ ТАУ

Боқты тауының шығыс бауырынан шор тұқымы, оңтүстік пен шығыс баурайын Бөкей ұрпақтары, солтүстік сілемін Мыңғыштың қарасы жайлаған. Талай ерге пана болған қарағайлы қызылтастардың қасиеті неде еді? Боқты – бөрікқарағайлы тау. Пішімі киіз үй іспеттес. Төртқұбыласын түгелін тұма бұлақпен суарады. Шыңына шықсаң шартарабы алақандағыдай көрінеді. Жақпарларындағы ну орманы мен аңғарындағы қалың тоғайда аңның ғана жымы бар.

Мұны кезінде Сарыарқаны аралаған саяхатшы неміс ғалымдары да байқаған. Оның жоғарыдағы қасиеттерін Петерборда басылған Ф.Бракгауз бен И.Ефронның энциклопедиялық сөздігінде толық сипаттаған екен.

Бокту или Бахты – горы в Области сибирских киргизов, Каркаралинского округа, к В. От Каркаралинского приказа, состоят из красного гранита, на северных скатах поросли сосновым строевым лесом, утесисты, перерезаны глубокими оврагами, заросшими березою, осиною и тополем. Подгорья их покрыты плодородною почвою, орошаемою ручейками. Сами горы не очень высоки; около них много ключей. Ср. Гагемейстера “Статист. Описание Сибири” (ч. I, стр. 6); “СПб.вестн.” (1818 г., ч. IV, стр. 186).

Бұл табиғи қамалдың ғажап бекініс болғанын батарея командирі ретінде қолыма топографиялық карта ұстағанда түйсіндім. Өйткені, тар соқпақты танымасаң, кез келген жерден кіріп-шыға алмайсың. Қойнауы толы азыққа жарайтын аң-құс. Қызылға жау болған азаматтардың ұзақ уақыт берілмеуінің де бір құпиясы осында. Қызыл әскердің тағы бір осал соққан тұсы – большевик қазақтардың оларға жасаған «сатқындығында». Соның арқасында, жазалаушы отрядтың әр қадамы бүлікшілерге белгілі болды.

 

АТАМАННЫҢ ҚАРУЫ

Қаруды көтерілісшілер қайдан алды деген заңды сұрақ туындайды. Оны ұсталар соқты деп тұжырым жасайды кей білгіштер. Бұл қисынға мүлде келмейтін дүние. Жалғыз ұста бір мылтықты ең аз дегенде бір ай соғады. Оған асыл болат керектігі тағы бар. Қару генерал Дутовтың жасағынан қалды деп пайымдаймын. Менің ауылымда, яғни, Боқтының ішінде банды Асқар атанған қария өмір сүрді. Өзі ұста дүкенін ұстаған шебер кісі. Бөкейдің Көксал деген баласынан тарайды. «Бір ұрты – май, бір ұрты – қан» жұмбақ адам болыпты, жарықтық. Кездесе қалса, адасып жүрген ақты да, қызылды да оңдырмаған екен. Күндіз ұры жоталарда келімсектерді торуылдап, түнде қару соққан. Бұл кісі – бір кітапқа арқау болар азамат.

1919 жылы сүзек меңдеген атаман Дутовтың әскері шығыстан жөңкіліп, Боқтының қойнауындағы ауылдарға жетеді. Жолындағы жұртты жапырып, келе жатқан қалың қол індетке шалдығып қалжыраған болатын. Оның үстіне аштық әлдерін алады. Көздерін шел басқан қорқаулар талай ауылға қиянат жасапты. Алайда, жазықты еңсеріп, Қарқаралы өңіріне іліккенде қатты қарсылыққа тап болады.

«Дутовтың әскері ауылды ойрандап, бейбіт жұртқа зорлық-зомбылық көрсетеді. Солдаттар атамызды ұрыпсоғып, жақпарлы сайдың желкесінде атпақшы болады. Ол сол мезетте ойланбастан, қалың бүргенді сайға қарғып кеткен екен. Жоғарыдағылардың оғы дарымай, еш жері майып болмай, етектен шыққанда үстінде лыпа қалмапты. Киімі бұталардың біздей тікенінде қалыпты. Содан түн ортасында мұржаны бітеп, ақтың біраз әскерін қырып салады. Олжалаған оқ-дәріні майлап, киізге орап, терімен қаусырып Боқтының сай-саласына жасырады. Мұндай оқиғалардың саны болыпты сол кезде» – дейді атасының естелігімен бөліскен заңгер Хасен Асқаров.

Бұл оқиғалардың желісін генерал Анненковтың сот отырысында берген жауабынан аңғарсақ та болады.

После падения Черкасска Анненкову пришел приказ о переброске партизанских отрядов на Восточный фронт. Он отказался: сибирские армии терпели поражение за поражением, а переброска заняла бы около двух месяцев. Анненков в сентябре взял город Копал и узнал, что Оренбургская армия Дутова отступает: 20 тысяч бойцов шли голодной степью через Каркаралинск и Семиречье. «По прибытии частей, их оказалось 11-12 тысяч. Все части представляли из себя сплошной лазарет — тиф подкосил всех» — вспоминал дутовцев Борис Анненков.

Қарқаралы уезінің қазағына қару-жарақ пен оқ дәрі осылай тиді.

 

ҚИЫР ШЫҒЫСҚА КӨШКЕН ЖҰРТ

Жазалаушы жасақтың екпініне шыдамай қарулы топ ақыры ыдырай бастайды. Сол кезде Дүйсек байдың ауылына бір кезде малшысы болған белсенді Шүңгілтай кел ген екен. «Дүйсеке құлың болған жоқпыз, ұлың болдық. Тықыр таянды. Кезек саған келді» – деп құжат жасап, Абыралы асырыпты. Жол бойы қалың қаракесектің руларымен толыққан көш Семей арқылы Барнаулға жетеді. Кей рулар Алтай елінде қалады. Ал, тынымсыз жүрген негізгі керуен Владивосток қаласына жетіп, тоқтаған екен. Атамыз Сексен бірден бухгалтерлік жұмысқа кіреді. Өйткені, училище тәмамдаған сауатты адам еді. Қалған жұрт та ұйысып, тіршіліктің қамымен түрлі жұмысқа кіріпті.

Тынық мұхиттың жағасында да тыныштыққа жете алмапты қазақтар. Себебі, 1937 жылы Сексен Өтебаев ізімғайым жоқ болып кетіпті. Соңынан ілесіп, сеніп келген жұрт абдырап қалыпты. Әкесі Дүйсек ұлы жайындағы дерекке алты ай өткенде ғана қол жеткізген екен. Оны НКВД түрмесіне қамап, «жапонның тыңшысы, түріктің агенті, Боқты көтерілісінің жетекшісі» деген айып тағылыпты. Тар қапаста поляктың ғалымымен бірге болыпты. Бір қабырға толы кітап екен. Білуге құмар бай баласы сол жерде жатып, университет білімін алған екен. Әлем әдебиетінің классикасы мен жаратылыстану ғылымдарына бойлапты. Бұл, әрине, саяси сүргін көрген поляк профессорының еңбегі. Ол кісінің ақталуының өзі күрделі. Бірінші зайыбының есімі Нина Бедарьева екен. Ұлты – орыс.

Атамыз ол кісіден екі бала сүйіпті. Оның әкесі жергілікті НКВДның бастығымен дос болған. Қысқасы, «блат выше Совнаркома» – деген принцип құтқарыпты. Атамыз 1941 жылы соғыс басталғанда Қиыр Шығыстағы Кеңес әскерінің қатарына офицер ретінде алынып, 1947 жылға дейін қызмет қылған. Үйде Түркістан әскери округіне ауысу туралы рапорттары жатыр. Қолбасшылық қол қоймай Қытай әскерін жасақтасуға Харбин қаласына аттандырады. Ақыр соңында запасқа сұранып, босайды. Сөйтіп, Владивосток асқан қалың көш 1947 жылы Қарағанды шаһарына келеді. 1952 жылы Қарағанды геологиялық барлау орталығында экономист болып қызмет атқарған жылдары Сексен Өтебаев қайта ұсталады. Қазынаның ақшасын талантаражға салдың деп соттайды. Он жыл арқалап, Колымаға аттанады. Ол жақта бір күн үш күнге баланғандықтан, 3 жыл, 3 ай, 3 аптада үйге оралады. Келген бойда Қарқаралыға ат басын бұрады. Қалған ғұмырын ауылда экономист қызметін атқарып өткізеді.

Боқты мен Кент тауының арасындағы алғашқы көшке ілеспеген халық 1932 жылдың қысында аштыққа ілінді. Ал, бұл уақытта Қарағандының №1 шахтасының маңында халықтан жиналған малдың еті тау-тау болып үйіліп жатқан еді. Бұл зобалаң жайындағы деректер Анаргүл Зұлқашеваның «Трагедия казахского аула» кітабында баяндалады.

Сөйтіп, Кеңес үкіметінен түңілген жұрт жаз шыға тағы ауды. Бұл екінші толқын еді. Олар буряттың Улан-Уде-сіне жетіп жығылды. Ер-азаматтар қорғаныс зауыттарына жұмысқа кіріп, әйелдер іс тігеді. Кейін олар да елге оралыпты. Мұны сол көште болған Тубек сұлтанның шөбересі, әжем Тәпиттің әңгімесінен ұқтым.

«Бурят – момын халық. Қақ-соқпен жұмысы жоқ. Жанталаспайды. Тіпті, үстіндегі киімін де көп жумайды. Қатты кірлесе, тастай салады. Біз жуып, сөгеміз. Содан соң, киім тігіп, өздеріне қайта сатамыз. Сөйтіп, жағдайымыз жақсара бастады. Алайда, соғыс оты тұтанып, еразаматтар майданға аттана бастағанда елге қайттық» – дейтін естелік әңгімесін түйіндегенде, жарықтық. Бұл оқиғалар – ұлт трагедиясы.

Бірақ, осыны геноцид ретінде әлемге таныта алмай келеміз. Ол замандағы қазақтың рухы жаралы болса да, болмысы бүтін еді. Сондықтан, азаттық рухын аз да болса жақындатқан бабалардың аруағына мың тағзым!

Құрманғазы ӨТЕБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *