Header Banner

Ел тағдыры – ел таңдауы

23 тамыз – Құрылтай депутаттарының сайлауы. Бұл күнді кезекті саяси науқан ретінде ғана емес, ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымымызды білдіретін маңызды күн ретінде қабылдауымыз қажет.

Бүгінгі қоғамның көкейінде тұрған басты мәселе – Қазақстанның бұдан әрі қандай бағытта дамитыны. Халық мемлекеттің барынша қарыштап дамуын, экономиканың өсуін, елдің қуаты мен бірлігінің нығаюын қалайды. Сонымен қатар ұлттық дәстүріміздің, мәдениетіміздің, ана тіліміздің және рухани құндылықтарымыздың сақталуына да ерекше мән береді. Елге осындай талаптарды түсінетін, халықтың мұң-мұқтажын естіп, қоғамның көкейкесті мәселелерін батыл көтере алатын халық қалаулылары қажет.

Қуатты мемлекет – ортақ мақсат Қазақстан – бәріміздің ортақ үйіміз. Ол – тек бүгінгі ұрпақтың ғана емес, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған қасиетті мекен. Сондықтан елдің тәуелсіздігін нығайту, экономикалық әлеуетін арттыру, мемлекеттің халықаралық беделін көтеру – баршамызға ортақ міндет. Қуатты мемлекет құру үшін табиғи байлықтың болуы жеткіліксіз. Мемлекеттің шынайы қуаты – білімді халқында, мықты экономикасында, ғылымы мен технологиясында, заңның үстемдігінде және азаматтарының ел тағдырына деген жауапкершілігінде.

Әлемде мемлекеттер арасындағы бәсеке күшейіп келеді. Мұндай жағдайда әлсіз елдің өз байлығына өзі толық ие болып, ұлттық мүддесін қорғауы да оңай емес. Сондықтан Қазақстан өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, экономикалық және технологиялық тұрғыдан бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы тиіс.

Жастар – елдің ертеңі. Елдің болашағы туралы сөз болғанда, ең алдымен жастарды ойлауымыз керек. Бүгінгі жас ұрпақ терең білім алып, бірнеше тіл меңгеріп қана қоймай, заманауи технологияларды игеруге, ғылым мен инновацияға ұмтылуы қажет. Цифрлық технология, жасанды интеллект, жаңа өндіріс, ғылым мен білім – Қазақстанның болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі бағыттардың бірі.

Бірақ заманауи білім мен технологияны меңгеру ұлттық болмыстан ажырауды білдірмейді. Керісінше, әлемдік өркениеттің озық жетістіктерін пайдалана отырып, өз тілімізді, мәдениетімізді, дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды сақтай білуіміз керек. Қазақ халқы ешкімнен кем емес. Біздің тарихымыз да, мәдениетіміз де, елдік дәстүріміз де бар. Ең бастысы – осы құндылықтарды заман талабына сай дамыта білу.

Аңғар СМАҒҰЛ,

Қазақстан журналистер

одағының мүшесі