Алматы қаласының Ұлттық кітапханасында Qazaq club-тың жанындағы Ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығының бастамасымен 2024 жылға арналған Ұлттық күнтізбенің тұсаукесері өтті. Биылдан бастап бұл шара Ұлттық кітапхана мен Qazaq club-тың жыл сайынғы бірлескен шарасына айналады деп жоспарлануда.
Шараға ғалымдар мен қоғам белсенділері, әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты. Тұсаукесерде Темірбек Жүрген атындағы өнер академиясының студенттері Жәнібек Мақатан қазақтың көне музыкалық аспабы сыбызғыда «Ағажай Алтайдай жер қайда?» әнін орындаса, Нұрсабек Ұлықбанұлы «Ақбақай» әнін орындап көпшілікті өнерімен тәнтті етті.
Бұдан әрі шараның ұйымдастырушысы Qazaq club-тың Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Қонай Садықұлы сөз алып, жиналғандарға «Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін» әзірлеудегі мақсат-міндеттер жайлы айтып, жұртшылықты Qazaq club және Ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығының жұмысымен таныстырды.
Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсаукесер рәсімі өтіп күнтізбенің лентасын Qazaq club-тың Қазақ тілі күнін өткізу комитеті мен ақылдастар алқасының төрағасы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек және Qazaq club-тың Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Қонай Садықұлы мен ақын Жұмаш Көкбөрі кесіп, Қазақ күнтізбесіне ақ жол тілеп, оның қазақ қоғамына қызмет етуін тіледі. Шараға арнайы келген Алматы облысы Іле ауданы «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының Аналар кеңесінің мүшелері шашу шашып, ардагер ұстаз «Ұлы дала Анасы» орденінің иегері, батагөй ана Шәрипа Малғаджарқызы Ұлттық күнтізбеге ақжол тілеп, жиналғандарға ақ батасын берді.
Жиналғандар Қазақ күнтізбесіндегі атаулы күндердің мақсат – міндеттері туралы пікір алмасып, ой бөлісті. Тұсаукесер шарасына Алматы облысы Іле ауданы «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалы Аналар кеңесінің мүшелері де белсенді атсалысып, Қазақ күнтізбесіндегі айтулы күндерге шолу жасады.Ардақты ұстаз, Аналар кеңесінің төрайымы Айнагүл Деңгелбайқызы қазақтың бұл күнде сирек қолданылатын салт-дәстүрлері жайлы сөз етті.
Атап айтқанда, Аналар кеңесінің басшысы, ардагер ұстаз, «Дүние толқын» тәрбиелік мәні бар тағылымды газеттің редакторы болған ұстаз, профессор Баян Ахмет және шараны ұйымдастырушы, Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы Камила Сапархайыр Ұлттық күнтізбедегі қазақтың 14 наурыз – «Көрісу, Амал күні» тақырыбында сөз қозғаса, ардагер ұстаз «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің және «Еңбек ардагері» медалінің иегері жазушы Майра Жылқыбай ханым «Қазақ халқының ұғымындағы киелі сандар» тақырыбында ой бөлісті.
Ал заңгер, құқық қорғау саласының ардагері, қолөнер шебері Дәмегүлқажы Өтепқызы сәуірдің соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Ұлттық киімдер күніне орай «Кимешектің қадір-қасиеті» туралы айтса, зейнеткер Мәрия ханым 27 ақпан – Салт – дәстүр күніне орай қазақтың салт – дәстүрлеріне оның ішінде Бес киім салты мен Селт еткізер жайлы әңгімеледі.
Сонымен қатар «Ұлағатты әжелер» ансамблінің мүшесі «Ана жүрегі» медалінің иегері Балапан Қәдірбекқызы болса қазақтың ою-өрнектері жайлы сөз қозғап, жиналған жастарға ғибратты, тағылымы мол сөздерін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының бастамасымен Қарағанды қаласында Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілген болатын. Күнтізбені шығарудағы мақсат ұлт құндылықтарын сақтау мен оларды қоғамда тұрақты насихаттауға жол ашу. Күнтізбедегі атаулы күндер тарихи тұлғалар мен ұлттық тарихымыз үшін құнды даталармен етене байланысып жатыр. Жалпы алғанда, ұлт құндылықтарын сақтау, насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі барлығы 46 атаулы күннен тұрады.
Атап айтқанда ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің 27 атаулы күні жазушы Ілияс Есенберлин, тарихшы Ермахан Бекмахан, композитор Нұрғиса Тіленді, ғалым Қаныш Сәтбай, қоғам қайраткері Халел Досмұхамед, ұшқыш Хиуаз Доспан, қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанұлы мен Әлімхан Ермек, Сәкен Сейфуллин, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы, ғарышкер Тоқтар Әубәкір, батырлар Рақымжан Қошқарбай мен Мәлік Ғабдуллин сынды тарихи тұлғалардың туған күндері мен олар қатысқан тарихи даталармен сабақтастырылып белгіленген.
Сондай-ақ күнтізбеде 8 тарихи оқиға көрініс тапқан, олардың ішінде 1911 жыл – Барлыбек Сырттанұлының бастамасымен Қазақ елінің жарғысы,тұңғыш кәсіби конституциясы жазылған күн, 1920 жыл – Ә.Ермек пен Алаш зиялылары Қазақ елінің шекарасын белгілеу ісін қолға алған дата, 1841 жыл қыркүйек айы – Кенесары Қасымұлының бүкіл қазақтың ханы болып сайланған уақыты, 1991 жыл — Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкірдің ұшқан күні, 1891 жыл 25 қараша – Түркі жазуының құпиясы ашылған күн және еліміздің жаңа кезеңіндегі тарихының айшықты датасы 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған күн көрініс тапқан. Сонымен қатар, күнтізбеде 18 ұлттық құндылық насихатталады. Атап айтар болсақ, ол қазақ әдебиеті, ұлт денсаулығы, қазақ тарихы, салт-дәстүр, қазақ өнері, ұлттық тағамдар, ұлт қайраткерлерінің еңбегі, ұлттық ойындар, туған жер, Алаш ұраны, ел бірлігі және мемлекеттілік, мемлекеттік тіл, қазақ отбасы, қазақ жігіттері мен қыздары және ақсақалдар институты құндылықтары.
Сондай-ақ халқымыздың рухани бітім – болмысын паш ететін Қазақ халқы күні бар. Бұған қоса, күнтізбеде қазақтың дәстүрлі 3 мерекесі – Көрісу күні, Амал мерекесі, Әз Наурыз, Қымызмұрындық және 6 салты – Селт еткізер, Кестелі орамал, шаңырақ көтеру, Асар, бата беру, елдік мәселелер айтылған құрылтай насихатталады.
«Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі» халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға қызмет етеді.
Ол жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарында, ұлт қазынасын тұрақты түрде насихаттауға және ұлттық насихатты жүргізуді мақсат тұтатын идеологиялық шараларды ұйымдастыруда таптырмас құрал болып табылады. Күнтізбенің басты ерекшелігі оның ұлттық тарих пен салт-дәстүрмен терең үндесіп жатқанында. Биылғы жылға арналған Қазақ күнтізбесі «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club» қаржылай қолдауымен жарыққа шықты. «Алдағы уақытта Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін насихаттау мақсатында арнайы акция бастау алатын болады» — дейді клуб мүшелері. 2019 жылдан бастап осы уақыт аралығында Қазақ күнтізбесіне сәйкес ондаған шаралар мен акциялар ұйымдастырылды. Айта кету бұл «Qazaq club» қолға алған ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған 27-і жоба.
Әділ БЕК