Header Banner

Жаңа Конституция – дамудың жаңа дәуірі

Кешеден бері, яғни 1 шілдеден бастап елде жаңа Конституция күшіне енді. Жаңа құжат жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданғаны белгілі. Мұнда ел дамуының негізгі бағытын айқындайтын құнды өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 30 маусым күні өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты.

Президент атап өткендей, Конституциядағы басты өзгерістердің бірі – қос палаталы Парламент таратылып, орнына бір палаталы Құрылтай келді.

– Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды, – деді Мемлекет басшысы.

Парламент отыз жылда 3,5 мыңға жуық заң қабылдады. Мұнда әр оныншы заңға депутаттар бастамашы болған.

Депутаттық корпус парламенттік реформаны бір кісідей қолдады. Олар Конституциялық комиссия құрамында да болды. Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады. «Нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болды» деді Президент.

Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді. Депутаттар бес жыл мерзімге және партиялық тізім бойынша сайланады. Ал Құрылтай құрамына 145 депутат енеді. Заң шығарушы орган 1 қыркүйекке дейін қызметіне кірісуге тиіс.

– Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылып, оның орнына Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Бұрын Ассамблеяға тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірліктің мәні ішкі саясаттың маңызды бағыты ретінде сақталады. Кеңес мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді.

Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы. Осы лауазымына сай барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді.

Сондай-ақ елде алғаш рет вице-президент лауазымы енгізіледі. Ол Президенттің шетелдік және отандық қоғамдық-саяси, мәдени бағыттардағы тапсырмаларын орындайды.

Бұдан бөлек, жақында «AMANAT» партиясы жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылғаны мәлім.  Президент бұл тарихи шешімді қолдайтынын айтты.

– Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз. Түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру, – деді Президент.

Жаңа Конституцияда мызғымас құндылықтар өзгеріссіз сақталған. Яғни елдің егемендігі мен тәуелсіздігі, унитарлық құрылымы және аумақтық тұтастығы – мемлекеттің ажырамас негізі ретінде бекітілген. Қарапайым сөзбен айтқанда бұл қағидаттар – елдің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі.

Түптеп келгенде конституциялық реформаның көздегені адам құқығын қорғауды қамтамасыз етіп, қоғамда әділдік салтанат құруын көздейді. Жаңа Конституция арқылы қазақ мемлекеті дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.

Манас АҚСАРЫ