12 сәуірде елімізде Қазақ ғалымдары күні аталып өтті. Бұл күні 1899 жылы қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Сәтбай туған.
Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтібесінде бұл күн Қазақ ғалымдары күні болып белгіленді. Күнтізбе 2019 жылы Қарағанды қаласында Qazaq club-тың бастамасымен таныстырылды.
Ғылымның тербеп бесігін,
Бойында ойы жалындар.
Тарихтың тылсым есігін
Тартады тілге ғалымдар.
Бұлқынып жүрек, жанымен
Көңілде толқып дара мұң.
Беріден тіпті әріден,
Қаузайды ғасыр парағын.
Ғылымның сіңсе жұпары,
Ғалымның сөзі – көрнекті.
Тұғыр ғып бізге тұтады,
Бабалар тұтқан өрнекті.
Жаңалық тапса өрелі,
Ілкіп ап сөздің қаймағын.
Сәуле ғып содан төгеді,
Ескінің есті байламын.
Ой түйіп айтса сәтімен,
Оған да қажет зергерлік,
Ғалымның жазған хатымен,
Тарихтың тілін меңгердік.
Құттаймыз заңғар ғалым деп,
Ғылымға қосты үлгіні.
Дүниеге келген дарын боп,
Ер Қаныш Сәтбай бұл күні.
Енді де құтты қадамға,
Сәуле боп сөнбес шашылды.
Мәшһүр боп аты ғаламға,
Қазақтың даңқын асырды.
«Ғалымның хаты өлмейді»,
Тұтатын бетке салтым сол.
Ғасырлар бойы өрлейді,
Қаныштар салған даңғыл жол.
Наурызбай ЖАРБОСЫНҰЛЫ