Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Кәсіби мереке қарсаңында Қарағанды облысында медицина саласының үздік мамандарына құрмет көрсетілді.

Салтанатты шара барысында дәрігерлер, фельдшерлер, жедел жәрдем қызметкерлері, санитариялық авиация мамандары және денсаулық сақтау саласының өзге де өкілдері мемлекеттік наградалармен және облыс әкімінің марапаттарымен атап өтілді.

Өңірдің екі медицина қызметкері «Құрмет» орденінің иегері атанды. Мемлекеттік жоғары марапат Теміртау қаласындағы көпсалалы аурухананың директоры Арғын Бидайбаев пен Қарағанды қаласындағы №2 көпсалалы аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Павел Богославскийге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан табысталды.

«Еңбек Даңқы» III дәрежелі орденімен Қарағанды қаласындағы №3 көпсалалы аурухананың онкохирург дәрігері Қайрат Қожамбердин мен №1 көпсалалы аурухананың педиатр дәрігері Галина Юрина марапатталды.

Ал «Ерен еңбегі үшін» медаліне Көпсалалы облыстық балалар ауруханасының директоры Жанат Елубаев және осы медициналық мекеменің жедел хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бейбіт Бердібеков ие болды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің ерен еңбегі туралы айта келе, төрт жасар баланың өмірін аман алып қалған Қарағанды облысы медицина мамандарының жұмысын ерекше атап өтті. Бұл – жекелеген мамандардың ғана емес, өңіріміздегі барлық медицина қауымдастығының еңбегіне берілген жоғары баға. Біз дәрігерлеріміздің кәсібилігі, жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығының мемлекеттік деңгейде мойындалғанын мақтан тұтамыз. Медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз бен халық денсаулығын сақтау жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев медицина қызметкерлерін құттықтай келе.

Соңғы жылдары Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында өңірде 92 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Балқаш қаласындағы ауданаралық көпсалалы аурухана жаңғыртылып, Теміртау қаласындағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

Медициналық ұйымдарда заманауи технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Оның ішінде ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйелері де қолданылуда. Телемедицина бағытының дамуы шалғай ауыл тұрғындарына бейінді мамандардан қашықтан кеңес алуға жол ашты. Жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысы да жаңа деңгейге көтерілуде.

Өткен жылы өңірге жүзден астам жаңа арнайы автокөлік сатып алынды, жаңа қосалқы станциялар ашылып, шұғыл көмек көрсету жүйесі жетілдірілуде.

Бұл күні денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне де ерекше ілтипат білдірілді.

Облыс әкімінің «Мамандыққа адалдығы үшін» сыйлығына Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері Анна Хорошаш лайық деп танылды. Ол жедел медициналық жәрдем станциясына небәрі 19 жасында жұмысқа орналасып, өмірінің соңына дейін осы абыройлы мамандыққа адал қызмет еткен.

– Қызмет жолында түрлі қиын әрі жауапты жағдайларға тап болдық: жол-көлік оқиғаларына бардық, үй жағдайында босанған аналарға көмек көрсеттік, ауыр жарақаттар мен пышақ жарақатын алған науқастарды құтқардық. Ол кезде шақыртуларға көбіне бригадасыз, жалғыз шығатынбыз. Сондықтан әр науқастың өмірі үшін жауапкершілік жүгі тіптен ауыр болатын. Ал бүгінде пациенттерге дер кезінде әрі сапалы көмек көрсету үшін барлық қажетті мүмкіндік жасалған. Жас мамандарға айтар тілегім – адамдарға деген сүйіспеншіліктерін жоғалтпай, таңдаған мамандықтарына әрдайым адал болсын, – дейді Анна Хорошаш.

Медицина ұйымдарының ұжымы жас мамандармен толығып келеді. Бүгінде дәрігерлердің басым бөлігі тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де еңбек етуге қызығушылық танытуда.

«Үздік ауыл дәрігері» аталымында Бұқар жырау аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері Бекзат Берістем жеңімпаз атанды.

– Облыс әкімінің сыйлығы мен үшін күтпеген жаңалық болды. Өзім Түркістан облысының тумасымын. Медициналық университетті тәмамдағаннан кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында Ботақараға келдім. Бағдарлама бойынша 8,5 миллион теңге көлемінде көтермеақы алып, екі бөлмелі пәтерге ие болдым, – дейді Бекзат Берістем.

Ол болашақ медицина түлектеріне ауылдық ауруханаларда еңбек етуден қорықпауға кеңес береді.

– Жас мамандарға айтарым, ауылдық жерде жұмыс істеуден тартынбаңыздар. Бұл – кәсіби тәжірибе жинақтаудың, маман ретінде шыңдалудың және халыққа нақты пайда келтірудің тамаша мүмкіндігі, – дейді дәрігер.

Медицина қызметкерлерін марапаттау рәсімі мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Қарағанды облысы әкімінің сыйлығының лауреаттары:

* «Үздік орта буын медицина қызметкері» – Ақмарал Нағметуллина, Осакаров ауданының Молодежный кенті емханасының хирургиялық кабинетінің медбикесі;

* «Үздік жас дәрігер» – Гүлжамал Құрман, Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасының жалпы практика дәрігері;

* «Үздік акушер-гинеколог» – Ирина Пак, облыстық клиникалық аурухананың акушер-гинеколог дәрігері, сарапшысы;

* «Үздік жалпы практика дәрігері» – Жанар Ибрагимова, Қарағанды қаласындағы №2 емхананың жалпы практика дәрігері;

* «Үздік ауыл дәрігері» – Бекзат Берістем, Бұқар Жырау аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері;

* «Үздік хирург» – Владимир Дырда, профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі;

* «Үздік денсаулық сақтау ұйымдастырушысы» – Бейбіт Сағымбаев, ЖИТС орталығының директоры;

* «Мамандыққа адалдығы үшін» – Анна Хорошаш, Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері.