«Қолөнер – рухани жан серігің»

Наурызнама онкүндігі аясындағы Қайырымдылық  күнінде Қарағанды қаласындағы  бейнелеу өнері музейінде қолөнершілердің «Қолөнер – рухани жан серігің» атты көрме-жәрмеңкесі өтті. Оған 30-дан аса шебердің бұйымдары қойылды. Атап айтқанда, ою-өрнектермен көмкерілген киіздер, түрлі-түсті кілемдер, тоқыма және этностиль түріндегі ағаштан жасалған бұйымдар мен зергерлердің туындылары бар. Қыз-келіншектердің ұлттық киім үлгілері де көрсетілді.

Сондай-ақ музей қорында сақталған киіз үйдің ішкі келбеті мен ыдыс-аяқтарды да көруге болады. Көрме жұмысы бірнеше күнге созылды.Облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева:

– Бұл жәрмеңке бізде үш күн жұмыс істейді. Мұнда қарағандылықтар мен қала қонақтарына, өздеріне ұнаған тұрмысқа қажетті заттар, этностильдегі киімдер, балалардың киімдерін, зергерлік бұйымдарды сатып алуларына болады. Бұл өйткені сату көрмесі. Ал келетін қонақтар, келушілерге есігіміз ашық. Бәрі тегін.
Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Гүлжан Әбдіқашеваның көрмеде бұйымдары менмұңдалап тұрды.

Гүлжан туындыларын қыштан жасайды. Арнайы жалға алып отырған шеберханасы бар.

– Ол жерде пешіміз бар. Әр заттың пішінін жасап алғаннан кейін сегіз сағат 1000 градуста пеште күйдіремін. Екі күн пешті суытамыз.  Туынды  боялады. Жылтырап түруы үшін сырты сырланады. Содан кейін тағы да күйдіреміз.

Кесе жасағанды жақсы көремін. Тапсырыстар да түсіп тұрады. Мейрамхана иелері де маған шығады, кесе, табақ, құмыраларымды қазір біраз жерде қолданып жатыр. Үш түрлі қыш пайдаланамын. Біріншісі ақ. Оны Түрік елінен алдырамын. Қызыл қышты Алматы жақтан жеткіземіз.  Сапалы қыш қараймын. Зиянсыз, таза болғанын қалаймын. Шипалы даланың бояуы қызыл балшықпен жұмыс істеп, Жер-Ананың бесігінде жүргендей боласыз, – дейді шебер.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *