Абай ауданындағы Құрма ауылы ел ішінде құс фермасымен аты мәшһүр. Мұндағы фабрикада жұмыртқа, құс еті өндіріледі. Алайда, сонымен қатар, электр энергиясы да шығарылады. Осы жерде биогаз станциясы жұмыс істеп тұр. Кәдімгі тауықтың саңғырығын кәдеге жаратып отыр.
«Қарағанды-Нан» корпорациясына қарасты «Агрофирма Курма» ЖШС қалдықсыз өндірісті жолға қойған. Құс фабрикасы ертеден Қарағандының брендтерінің біріне айналып үлгерді. Алайда әлемді сансыратқан пандемия бұл кәсіпорынға да айтарлықтай әсер етті. Карантин енгізілгенде шекара жабылып, сұраныс азайған, алыс-жақын шетелдермен қатынас тыйылған. Мәселен, бұрын Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан жұрты Құрманың жұмыртқасын жеп келген-ді. 2020 жылы аталған елдермен байланыс үзілді. Кадр тапшылығы күшейді. Індеттің кесірінен зейнет жасындағы жұмыскерлер фабрикадан кетті. Слесарь, электрші, сантехник, құс күтуші, цех бастықтары жетіспей қалды. Әр бөлімшеде 5-6 адамның орны босап қалған.
Фабрикада жаңа жобалар жеткілікті. Құсқоралар тұрғызылып жатыр. Алайда, осы жобаларды жүзеге асыруға еңбек күші жетіспейді. Жаңа жоба демекші, биогаз станциясы жылдар бойы қалыптасқан қажеттіліктен тұрғызылды.
Фабрика аумағына кірген сәтте жасыл түсті қос күмбез алыстан көзге ілігеді. Бұл – биогаз станциясы. Құстың саңғырығынан энергия мен жылу өндіретін орталық. Станция 2018 жылы ашылған. Технологиясы қарапайым. Барлық құсқорадан жиналған саңғырық станцияның бункеріне жеткізіледі. Бұдан әрі күмбездің астындағы ферментаторға өтіп, су қосылып, белгілі температураға қойылады. Және май шайқағандай шайқалады.
Қоймалжың қоспаның иісіне кісі шыдауы мүмкін емес. Энергия өндіруге керегі де осы иіс, яғни газ. Газдың құрамында 85 пайызға дейін метан болады. Метан, өзіңіз білесіз, жанады. Ферментатордан жеткен газды генератор мазут жаққандай жағып, тоққа айналдырады. Фабрика алынған қуатты өндіріске жұмсайды. KEGOC компаниясына сатады. Саңғырық мол болса, энергия көлемі де арта түспек. Сағатына 650-750 кВт өндіруде. Күніне 150-160 тонна саңғырық жағады. Барлық құсқора салынып біткенде, қалдық көбейетіні сөзсіз. Яғни, станция өндірістік қуаты – сағатына 1 МВт-ты еңсермек.
Ферментаторларға шөккен шөгінді де пайдаға асып отыр. Диқандар тарапынан сұраныс баршылық. Дән сепкен қауым егістіктерде, бау-бақшаларда тыңайтқыш ретінде пайдаланады.
Биогаз станциясының арқасында қоршаған ортаны ластау тоқтатылды. Қазір сыртқа саңғырық төгілмейді. Бұрын маңайды алып кететін сасық иіс те жоқ. Станциядан өндірілген жылу да станцияның өзіне, құс қораларға жұмсалады.
Қалдықсыз өндіріске ден қойған. Жарылған жұмыртқаны да кәдеге жаратып келеді. Мәселен, дүкендерге барар жолда қираған жұмыртқаны қайта қабылдап алады. Кейін әлгі жұмыртқаларды цехта ұнтақтап, қапқа салады. Сөйтіп, жұмыртқа ұнтағы дайындалады.
Бұл – мүлде бұзылмайтын өнім. Ресей тарапынан қызығушылық зор. Әсіресе, кондитер фабрикаларынан. Қойманы толтырып қойып, бірнеше жыл шетінен керте беруге ыңғайлы.
Өлген құсты да далаға лақтырып тастамайды. Кептіріп, үгітеді. Алынған ұнтақты құс жеміне қосады. Құнарлы жемнің тауықтардың тез көтерілуіне көмегі зор.
Фабрика балапанды өздері басып шығарғанды жөн көреді. Тауықтарды қолдан ұрықтандырады. Ал, жұмыртқаларды 30-35 күн инкубациялық машинада ұстайды. Фабрикада мұндай тоғыз машина бар. Әрқайсына 200 мың жұмыртқа сыяды. Инкубатордан кейін балапандар 100 күн бойы арнайы қорада күтіледі. Жүз күннен соң жынысына қарай бөлініп, мекиендерді өндірістік аймаққа жіберсе, қораздарды сойып, дүкенге жөнелтеді.
Көбіне жүз балапанның 10-15-інен ғана қораз шығады. Алайда, ара-тұра сырттан да балапан әкелінеді. Мәселен, Ресейден «хайсэксуайт» тұқымының 26 мың балапанын сатып алды. Өте өсімтал тұқым саналады. Біздің климатқа төзімді. Салмағы екі келіге дейін баратын мекиендер 65-70 грамм басатын жұмыртқа туады. Сынап бағаны нөлден төмен түсіп кеткен жағдайда да жұмыртқалайтын қасиетке ие. Жылына бір мекиен 320-330 жұмыртқа береді.
Тауықтарға тәулігіне екі мәрте жем шашылады. Су үздіксіз келіп тұр. Астын тазалау, жарық, жылу беру, желдету жүйелері автоматты желі арқылы басқарылады. Күтушілердің міндеті – техниканың ырғақпен жұмыс істеуін бақылау. Тек, иіске төзу керек. Және қырағылық қажет.
Құсқорадан жұмыртқа сұрыптау цехына конвейермен жеткізіледі. Цехта жұмыртқа жеті санатқа бөлінеді. Салмағына, көлеміне қарай. Қос машина күніне 650-700 мың жұмыртқа сұрыптайды.
Машиналар жұмысына осындағы қыз-келіншектер бақылау жасайды. Жалпы, фабрикада 300-ге жуық адам бар. Ауылдың 40 пайызы осында. Облыс орталығынан, маңайдағы ауылдардан қатынайтындар да бар. Басым бөлігі жастайынан өмірін фабрикамен тығыз байланыстарған жандар. Жасөспірім шақтан құстасып, майда-шүйде жұмыста жүргендер. Қолқабысы үшін тиын-тебен алады. Қаршадайынан құсқа жақын өскен бала есейгенде қайта оралады. Қазір фабрика ауыл балаларының арасынан маман даярлауға баса көңіл бөліп отыр.
Манас АҚСАРЫ