Тұтынушылық кредиттерді ресімдеу және жабудың қыр-сыры

Халықтың тұтынушылық кредитке деген сұранысының жыл сайын артуы олардың жеңіл түрде берілеуімен байланысты. Дегенмен, азаматтар қарыз қаражатын қайтару керектігін ұмытпауы керек. Сонымен қатар сіздің ай сайынғы табысыңыз кредит бойынша барлық төлемдер мен коммуналдық қызметтер, білім беру, жол жүру, тамақ және т.б. сияқты міндетті төлемдерден кейін алынған барлық ақшаның 50 пайызынан аспауы керек.

Тұтынушылық кредитті ресімдемес бұрын не білуіңіз керек? Кредит ресімдеу сияқты маңызды мәселеге неліктен асықпау керек, осы мәселені Fingramota.kz-пен  бірге қарастырып көрейік.

Кредит=міндеттеме

Алдымен өзіңіз үшін кредит алу қажет пе, кредит алмай-ақ мәселені шешуге бол ма деген сұрақтарға жауап іздеп көріңіз. Мүмкін біраз күте тұрып, ақша жинайсыз ба? Кез келген кредитті, оның ішінде тұтынушылық кредитті өзіңізге ресімдеу, бұл сіздің жауапкершілігіңізді арттырады, ең алдымен сізге қарыз алушы ретінде белгілі бір уақыт ішінде орындауыңыз керек міндеттеме жүктеледі.

Егер Сіз тұтынушылық кредит ресімдеуді шешсеңіз, онда оның барлық шарттарын зерделеп, қаржылық мүмкіндіктеріңізді алдын ала есептеңіз. Бірнеше кредиттік ұйымдардың (банктер мен МҚҰ) сайттарына өз бетінше мониторинг жүргізіп, олардың ұсыныстарын талдаңыз. Өзіңіз үшін ең жақсы нұсқаны таңдап, менеджерден кредит берудің барлық шарттарын: қарыз сомасы, төлемдер мерзімі мен мөлшері, кредит алу немесе мерзімінен бұрын өтеу кезінде комиссиялар бар ма, барлық пайыздар мен төлемдермен кредиттің толық құны қандай болады, артық төлем қанша болады және басқа да маңызды мәселелерді нақтылап алыңыз.

Әлеуетті қарыз алушы қарыз шартын жасасқанға дейін кредиттік ұйым клиентке туындаған барлық мәселелер бойынша, оның ішінде кредит беру мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің түрлері: белгіленген немесе өзгермелі, егер сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі болып табылса, есептеу тәртібі; клиенттің өтініш берген күніне жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (нақты құны) туралы толық консультация беруге міндетті екенін білуі қажет. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – бұл қарыз алушы кредит шарты бойынша төлейтін барлық төлемдердің жалпы сомасы.

Кредитті өтеу әдістерін де қарастырыңыз — сараланған және аннуитеттік. Біріншісі кредит беру мерзімі ішінде бара-бар азайтылатын теңдей бөлінбеген, ай сайынғы төлемдерді білдіреді. Яғни, банктік қарыз бойынша берешекті өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығына кезең ішінде есептелген сыйақыны қамтитын азайтылатын төлемдермен жүзеге асырылады. Екінші жағдайда, біз кредит берудің бүкіл мерзіміне созылған теңдей бөлінген ай сайынғы төлемдер туралы айтылады. Берешекті өтеу қарыздың тұтастай мерзімінде теңдей төлемдермен жүзеге асырылады, бұл ретте негізгі борыш бойынша төлемдер ұлғаяды және кезең ішінде негізгі борыштың қалдығына есептелген сыйақы бойынша төлем азайып отырады.

Азаматтар шарттың талаптарын дұрыс оқымау, өзінің кредиттік міндеттемелерін орындауға салғырт қарау  мен өзінің төлем қабілеттілігін артығымен бағалаудың кредиттік құжаттамаға теріс әсер етуі мүмкін екенін түсінулері қажет. Кредитті таңдау жауапкершілікті, тәртіпті және қарыз алушының дұрыс әрекетін талап етеді.

Кредитті мерзімінен бұрын өтеу туралы нені білу қажет?

Қарыз ресімдеудің алдында кредиттік ұйымның менеджерінен мерзімінен бұрын өтеуге қатысты қандай талаптардың бар екенін нақтылап алу керек. Мысалы, негізгі борышты:

  • бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін;
  • бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін ішінара мерзімінен бұрын немесе толығымен мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, заң бойынша банктер қарыздардың мерзімінен бұрын өтелгені үшін айыпақы немесе санкциялардың өзге де түрлерін алуға құқылы болмайды.

Бұл ретте клиент банкке пайыздарды кредитті нақты пайдаланған күндері үшін төлейді. Осының барлығы кредиттік шартта жазылады. Сондықтан кредитордың алдында борыштық міндеттемелерді мерзімінен бұрын жабудың алдында оның талаптарын мұқият түрде қайтадан оқып шығыңыз.

Егер кредит ресімдеу кезінде сіз сақтандыруды сатып алған болсаңыз, сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтарып көруге болады. Қайтару мүмкіндігі де шартта көрсетілген. Онымен таныспай, шартқа қол қоймаңыз.

Мерзімінен бұрын өтеуден бұрын кредиттің нақты сомасын нақтылап алыңыз: егер сіз бұрын кредит бойынша мерзімді кешіктірген болсаңыз, сізде қарыз жинақталып қалуы мүмкін. Және алдағы уақытта шотты толықтырған кезде ең алдымен өсімпұл мен айыппұл сомасы, содан кейін ғана ай сайынғы төлем есептен шығарылады.

Шотыңызды толықтыру мерзімдерін ескеріңіз: егер банкомат арқылы шотыңызды бірнеше секундтың ішінде толықтыра алатын болсаңыз, картадан картаға аудару кезінде мерзім бір күннен үш күнге дейін кешіктірілуі мүмкін. Сондықтан шотыңызды болжамды төлем күнінен бірнеше күн бұрын алдын ала толықтырып қойған жөн. Сондай-ақ, кейбір банктерде тек жұмыс күндері ғана мерзімінен бұрын өтеуге болатынын ескере жүріңіз.

Банк сіз енгізген соманы әдеттегі ай сайынғы төлем ретінде ресімдеп,  оны мерзімінен бұрын өтеу үшін енгізілген қаражат ретінде есепке алмайтын жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан түсініспеушіліктер болмау үшін мерзімінен бұрын өтеу үшін ақша енгізуден бұрын кредитормен хабарласып, өзіңіздің ниетіңіз туралы хабарлап және сіздің жағдайыңызда мұны қалай жасаған дұрыс болатын нақтылап алған жөн.

Егер сіз кредитті толығымен мерзімінен бұрын өтеген болсаңыз, кредиттік ұйымнан сіздің берешегіңіздің толығымен жабылғаны туралы қол қойылған және мөр басылған ресми анықтаманы сұрағаныңыз абзал. Кейбір кредиттік ұйымдарда бұл қызмет ақылы негізде болуы мүмкін.

Кредиттік тарихты тексеру әдетіне ие болыңыз

Дербес кредиттік есеп сіздің қолданыстағы және жабылған қаржылық міндеттемелеріңіз туралы бүкіл ақпаратты қамтиды. Яғни, кредиттік ұйымның атауы, қарыз сомасы, берешекті беру және оны өтеу мерзімдері туралы ақпарат беріледі.

Өз кредиттік тарихыңызды жиі, тым болмаса жарты жылда бір рет тексеріп отыру қажет. Осылайша сіз өзіңіздің кредиттік есебіңізде көрсетілген ақпараттың дұрыстығын, сондай-ақ  атыңызда «өтелмеген» қарыздардың бар-жоқтығын тексере аласыз.

Дербес кредиттік есепті мыналар:

  • мемлекеттік кредиттік бюро – mkb.kz сайты;
  • бірінші кредиттік бюро – 1cb.kz сайты;
  • egov.kz электрондық үкімет порталы;
  • тұрғылықты мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы ала аласыз.

Банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді, онлайн-кредиттерді тек ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ұйымдарда ғана ресімдеңіз. Оның бар-жоғын Агенттік сайтының «Қаржы нарықтары» бөлімінде тексеруге болады. «Теріс пиғылды кредиторларды», тиімді, өте төмен мөлшерлемемен немесе артық төлемсіз кредит беруді ұсынатын делдалдарды айналып өтіңіз. Ең бастысы, мұқият зерделеп алмай тұрып, ешқашан кредиттік шартқа қол қоймаңыз. Сіз шартты өзіңізбен алып кетіп, оны тыныш жағдайда зерттей аласыз. Түсініксіз тармақтарды сіз кездесу кезінде банк немесе МҚҰ қызметкерімен талқылай аласыз. Егер сіз мұқият зерттеп алмай тұрып шартқа қол қойсаңыз, бұл оның барлық шарттарымен автоматты түрде келісетіндігіңізді білдіреді.

Кредиттің үлкен жауапкершілік екенін әрқашан есте сақтаған маңызды. Қарызды қысылтаяң жағдай болмаса ресімдемеңіз, әсіресе сыртқы факторлардың әсеріне ұшырап, қарызға алынған ақшалай қаражатқа импульсивті сауда жасаудың қажеті жоқ. Егер сіз кредитті төлей алатыныңызға сенімді болмасаңыз, онда кредит алмаңыз, жеке бюджетіңізге қосымша ауыртпалық салудан бойыңызды аулақ ұстаңыз! Қарызды өтегеннен алған жеңіл.

Қаржылық сауаттылығыңыз бен кредиттік жауапкершілігіңізді Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *